Трамп күрдтерді Асадпен одақтасуға мәжбүр етті

4773

Сирия Америка тастап кеткен күрдтерге көмектесу үшін солтүстікке әскер аттандырып, Түркиямен соғысуға жақын. Ал, "Даиш" үшін қайта көтерілетін мүмкіндік туып отыр. 

Трамп күрдтерді Асадпен одақтасуға мәжбүр етті

Сирия күрдтері президент Башар Асад армиясымен бірігіп, елдің солтүстік шекарасында Түркиямен соғыспақ. Түрік әскері бұл аймаққа өткен аптада кірді.

Дамаск пен күрд отрядтарының одақтасатыны сенбі күні белгілі болды. Бұл шешім АҚШ Араб республикасының теріскейінен өз контингентін әкетуге бұйрық бергенде қабылданып отыр.

Құрама Штаттардың қорғаныс министрі Майк Эспердің мәлімдеуінше, Американың 1000 жауынгері мен офицері түрік армиясы күтпеген жерден Сирия аумағына тым бойлай енгендіктен шығарылайын деп отыр.

Түркия көрші елдегі жойқын операцияны сәрсенбі күні бастады. Содан бері Сирияның теріскейіндегі күрд жасақтарының позицияларына әуеде бомба жауып, сан мың снаряд жіберіліп, танкілер мен жаяу әскер ондаған елдімекенді басып алды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл аймақта Америка мен күрдтер "Даиш" қарулы тобымен қоян-қолтық соғысты. Қазір Вашингтон президент Дональд Трамптың бұйрығымен Солтүстік Сириядан әскерін әкетіп жатыр. Бұл – біржола кетудің бастамасы болуы ғажап емес.

Түрік армиясымен бетпе-бет қалған күрдтер болса, мұны АҚШ тарапынан жасалған сатқындыққа балап, Асадпен, Ресеймен одақтасуға мәжбүр.

"Бұл басқыншылыққа қарсы тұру үшін Сирия үкіметімен келісім жасалды. Асад армиясы бізге көмектесу мақсатында Сирия-Түркия шекарасына шоғырланады",–деп жазылған Күрд әкімшілігі жексенбі күні таратқан мәлімдемеде.

Мұның алдында Сирияның SANA агенттігі үкімет әскерінің "түрік агрессиясымен" күресу үшін солтүстікке аттанатынын хабарлады.

"Егер алдымызда мәміле немесе геноцид деген екі таңдау тұрса, әрине, біз халқымыздың өмірін сақтайтын жолды таңдаймыз", –дейді күрд отрдятарына басшылық ететін Сирия Демократиялық Күштері ұйымының басшысы Мазлум Әбди  Foreign Policy журналына берген сұхбатында.

Құрбандар саны өсіп келеді

Президент Реджеп Тайып мәлімдегендей, "Бейбіт көктем" операциясының мақсаты – Сирия аумағына 30-35 шақырымдай еніп, Кобани және Хасака қалалары арасындағы 440 шақырым жерде "қауіпсіздік аймағын" құру. Анкара бұл кезінде түрік жеріне өтіп кеткен миллиондаған сириялық босқынды орналастырғысы келеді. Сонымен қатар, Ердоған үкіметі елдің оңтүстігінен немесе Сирияның солтүстігінен күрд содырларын ығыстыруға күш салып жатыр.

Анкара сириялық күрдтерді – Түркияда ондаған жылдар бойы көтеріліс жасаған және террористік ұйымдар тізіміне енгізілген Күрдістан Жұмысшылар Партиясының ажырамас бөлігі деп есептейді.

Бүгін түскен мәліметке қарағанда, Сирия жағында кемінде 60 бейбіт тұрғын мерт болған. Ал, күрдтер снаряд жаудырғанда, Түркияда 18 адам қаза тапты.

Қайырымдылық ұйымдарының ескертуінше, Түркия шабуылды тоқтатпаса, Сирияның солтүстігі гуманитарлық апатқа душар болуы мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымы қазірдің өзінде мұнда 130 мыңдай адамның үйлерін тастап кеткенін хабарлады. Олардың саны алдағы күндері үш есеге өседі деген болжам бар.

Ердоған жариялаған мәліметке қарағанда, түрік армиясы күрдтердің 440 содырын жойып, 109 шаршы шақырым аумақты өз бақылауына алды.

Аймақта соғыс өрті өршіген шақта Германия мен Франция Түркияға қару сатуды доғарды. Италия министрлер кабинеті мұндай қадамға бүкіл Еуропа одағын шақырып отыр.

Күзетсіз лагерь

Сириялық  күрдтер әкімшілігінің хабарлауынша, Түркия әуе күштерінің соққысынан кейін, бір лагерден "Даиш" содырларының отбасы мүшелері қашып кеткен. Олардың саны – 800-ге жуық.

Кейбір статистикалық мәліметтерге сәйкес, күрдтердің түрмелерінде "Даиштың" 12 мың мүшесі отыр. Олардың арасында әлемнің 54 елінен жиналған шетелдіктер де бар. Сонымен қатар, арнайы лагерлерге  де 12 мыңдай  шетелдік қамалған. Олардың 8 мыңы – әйелдер, 4 мыңы – балалар.

Күрдтердің есебінше, түрік әскерінің шабуылы кезінде Айн Исса қаласы маңындағы "күзетсіз лагерден"  "Ислам мемлекеті" ұйымы содырларының 785 туысы қашып кеткен.

Бұның алдында Трамп "Твиттер" арқылы мәлімдеме жасап, жауласушы тараптарды "Даиштың" содырларын абақтыдан босатпауға шақырған еді.

Кімнің жеңісі?

Трамптың Америка сарбаздарын Сирияның солтүстігінен әкету шешімін кейбір сарапшылар Асадтың ғана емес, Ресей мен Иранның да жеңісі деп қабылдады. Себебі Мәскеу, Тегеран, Дамаск АҚШ контингентінің араб республикасына кіргенін әу,баста қолдаған жоқ.

Сонымен қатар, Ақ үй басшысының бұйрығы Вашингтонның Сириядағы ықпалының әлсірегенін және Құрама Штаттардың Асадты биліктен тайдыру саясатының күйрегенін білдіруі мүмкін.

Болжамдарға қарағанда, Асад жауынгерлерінің солтүстік шекараға шоғырлануы олардың түрік әскерімен қарулы қақтығысқа килігу мүмкіндігін тіпті күшейтіп, аймақты қазіргіден де орасан соғыс өрті шарпуы мүмкін. Бұл жанжалды Мәскеу ғана тоқтата алады (Дамаск пен Анкарананы келіссөздерге тартып).

Осы соғыс салдарынан "Даиштың" мыңдаған мүшесі түрмеден қашып, 2014 жылы Ирак пен Сирияда халифат құрған экстремистік топ қайтадан үлкен күшке айналады деген қауіп туындап отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу