АҚШ Президенті Дональд Трамп Қытай тауарларына салынатын баж салығын 145%-ға дейін көтерді. Бұл туралы CNBC телеарнасы Ақ үйге сілтеме жасап мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"АҚШ-тың Қытайдан келетін тауарларға қатысты баж салығы енді 145 пайызға тең", - делінген хабарламада.
Бұған дейін Ақ үй басшысы Қытайдан келетін тауарларға кедендік баж салығын 125 пайызға дейін арттырған еді.
"Қытайдың әлемдік нарықтарға құрметсіздік көрсетуіне байланысты Қытайдан алынатын тарифтерді 125%-ға дейін көтеремін. Бұл шара дереу арада күшіне енеді. Бәлкім, алдағы уақытта Қытай АҚШ-ты және басқа елдерді алдауға болмайтынын түсіне жатар", - деп жазды АҚШ президенті Truth Social желісінде.
Дүниежүзілік сауда ұйымының алдын ала болжамына сәйкес, соңғы оқиғаларға байланысты Вашингтон мен Бейжің арасындағы алыс-беріс көлемі 80 пайызға дейін азайып кетуі мүмкін.
Трамп басқа елдерге қатысты тарифтерді көтеру туралы бастамасын 90 күнге доғара тұратынын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бұл мемлекеттер келіссөздер жүргізуге ниетті екенін білдірген. Бұл елдерге салынатын баж салығы 10 пайыз деңгейінде белгіленді.