Ақ үйдегі министрлер кабинетінің отырысындағы жанжалға сәлден соң ғана Трамптың өзі төрелік етуге кірісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты The New York Times басылымына сілтеме жасап.
Рубио АҚШ президентінің жанында отырып, әлемдегі ең бай адамның айыптауын тыңдағанын аталған басылым жазады.
"Сіз ешкімді жұмыстан босатқан жоқсыз" деген Маск Рубиоға қарата. Кейін оның жұмыстан шығарған жалғыз адамы өзі құрған департамент маманы болуы ықтимал екенін мысқылдап айтқан.
Рубионың біраздан бері Маскке ренжулі екені белгілі. Оған басты себеп, миллиардердің мемлекеттік хатшының қарамағындағы тұтас агенттік – АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігін (USAID) жауып тастағаны.
Министрлер кабинетінде өткен кездесуде Рубио 20 адамның көзінше Илон Маскке деген өкпе-ренішін білдірген. Оның сөзінше, Маск шындыққа сай келмейтін мәлімдемелер жасап тұрады.
Маск өз кезегінде Рубиоға теледидарда жақсы көрінетін адам екенін, бірақ басқа жағынан аса пайдасы жоғын ашық айтқан.
"Осы уақыт бойы Трамп орындықта қолын айқастырып, теннис матчына қарап отырғандай бақылап отырды", – деп жазады басылым.
Талқылау тым ұзап, жағдай шиеленісе бастаған уақытта Трамп өзі араласып, Рубионы мақтай жөнелген.
"Рубионың жұмысы онсыз да көп, шаш-етектен десе де болады. Ол үнемі іссапарларда жүреді, телеарналарға сұхбат береді және агенттікті басқарады. Сондықтан, бәрі бірлесіп жұмыс істеуі керек", – деп төрелігін айтты АҚШ президенті.
Осыған дейін Трамп Масктың Үкіметтік тиімділік департаментін бақылау өкілеттігін шектеген еді.
Бұл шешімге миллиардердің мемлекеттік қызметкерлерге қысым көрсетіп, жаппай жұмыстан босатуды жүзеге асырмақ болғаны әсер етті.