АҚШ президенті Дональд Трамптың G7 саммиті аясында Францияның бірінші ханымымен қол алысып амандасқан сәті желіде тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Франциядағы "Патриоттар" партиясының жетекшісі Флориан Филиппо АҚШ президенті Дональд Трамптың Францияның бірінші ханымы Брижит Макронмен ұзақ амандасқанына назар аударды.
"Осы жолы Трамп Макронмен емес, Брижитпен ерекше ықылас танытып қол алысты", – деп жазды саясаткер X әлеуметтік желісінде.
Бейнежазбада Ақ үй басшысы Францияның бірінші ханымының қолын 12 секунд бойы жібермей, оны өзіне жақын ұстауға тырысқаны көрінеді.
The Daily Beast порталының жазуынша, Трамптың G7 саммиті аясында өткен екіжақты кездесуден кейін журналистер алдында Эмманюэль Макронмен амандасуы сәл ыңғайсыз көрінген.
"Президент Макронмен қол алысып амандасуға аса құлшыныс танытпағандай әсер қалдырды, оның қолын жай ғана қыса салды", – делінген The Daily Beast жариялаған материалда.