Трамп мұрасы

7200

45-ші президент билігі тұсында АҚШ қоғамында жікшілдік, ал әлемде тұрақсыздық күшейді. 

Трамп мұрасы

Президент Дональд Трамп "Твиттерді" қандайда бір мәселелер бойынша полемиканы қоздырып, қарсыластарын қорқытатын мінберге айналдырып есте қалуы мүмкін. Бірақ сол жазбалардан өршіген дау-дамайлар соңғы төрт жылда саясатқа енгізілген елеулі өзгерістерден халық назарын өзіне аударып отырды.

Америка қоғамы мен әлем жұртшылығы Трамп не істедіге емес, не айттыға көбірек мән бергендей. Дегенмен, 2017 жылдан бері Ақ үйдің саясатына жасалған шолуларға жүгінсек, 45-ші президенттің іс-әрекеттері адамдардың энергетика, қоршаған орта, иммиграция, сот жүйесі, бизнес, экономика, сауда, сыртқы саясат салаларындағы өміріне нақты әсер еткенін байқауға болады.

Қытай

Трамп әкімшілігі көтеріліп келе жатқан Қытайды ерекше назарда ұстап, әлемнің екінші экономикасына АҚШ-тағы екі партияның да дұшпандық көзқарасын қалыптастыруға көмектесті.

Трамптың тұсында Вашингтон Қытай импортына миллиардтаған долларлық тариф жариялап, оның жоғары лауазымды шенеуніктерін санкцияға алып, Huawei, ZTE, SMIC және TikTok сияқты қытайлық жетекші компанияларға  орасан айыппұл салып, Бейжіңге жан-жақтан соққы берді.

Алайда Американың кейбір одақтастары бұл шаралардың тиімділігіне күмән келтіріп, Қытайға қатал болуға уәде берген сайланған президент Джо Байденмен бірге Бейжіңді тежеу үшін іс-әрекеттерін АҚШ-пен үйлестіруден үмітті.

Ухань қаласында коронавирус пайда болғаннан кейін, Трамп Қытайды пандемия үшін қайта-қайта айыптап, екі ел арасындағы шиеленіс тіпті күшейе түсті.

Сонымен қатар, екі ғаламдық держава Гонконг, Тайвань, Оңтүстік Қытай теңізі және басқа да мәселелер бойынша келісе алмай келеді.

Байден Трамп қол қойған кейбір шараларға қатысты жоспарын нақтылап көрсеткен жоқ және де жаңа президентке бұл шаралардың көбін доғару қиынға соғуы мүмкін. Себебі АҚШ Конгресіндегі екі партияның да мүшелерінің көпшілігі Қытайға қарсы позиция ұстанып отыр.

Экономика

Трамп дәуіріндегі АҚШ экономикасын екі кезеңге: COVID-19-ға дейінгі және одан кейінгі деп бөліп қарастыруға болады. 

Коронавирустық пандемия 2020 жылдың наурызында басталғанға дейін Америкада жұмыссыздық деңгейі соңғы 50 жылдағы ең төменгі көрсеткішке түсіп, табысы аз жерлерде жалақы өсіп, қара және ақ нәсілділер арасындағы жұмыссыздық бойынша алшақтық азайды.

Трамп 2017 жылдың соңында қол қойған маңызды Салық заңы қысқамерзімде экономикалық өсімді 3% - дан асырып, Трамптың сайлау алдында берген уәдесін тез орындатты.

Бәрі әрі қарай да жақсы болар еді. Бірақ Қытаймен жүргізілген 18-айлық тарифтік соғыстан АҚШ компаниялары миллиардтаған доллар жоғалтып, экономикалық өсім тежеліп, жаңа жұмыс орындарын ашу қиындай түсті.  2020 жылдың басында Америка мен Қытай арасында үлкен сауда тапшылығы туындады.

2019 жылы Федералдық резервтің пайыздық ставканың үш мәрте төмендетуі бұл экономикалық тайталастың салдарын азайтуға көмектесті. Ал, салық төлеушілер Қытаймен арадағы сауда жанжалынан келген шығынның орнын толтыру үшін тек 2020 жылы америкалық фермерлерге шамамен 50 млрд доллар субсидия бөлген.

Пандемия мен әкімшіліктің оны еңсере алмауы Трамп қызметтен кеткеннен кейін де, ұзақ уақыт бойы экономикаға жарасын қалдыруы мүмкін. Бір сәтте 21 миллионға жуық жұмыс орны жоғалып, олардың 9 миллионы әлі күнге дейін қайта ашылған жоқ. Тағы миллиондаған адамның жұмыс уақыты немесе жалақысы қысқарды.

Сонымен бірге, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 7,8 трлн долларға өсіп, 27 трлн-ға жетті. Ал, корпоративтік салық түсімдері төмендеп, сауда соғысы мен пандемияның әсерімен күреске жұмсалатын шығындар артып барады.

Климаттың өзгеруі

Трамп өнеркәсіп жаһандық жылынуды туындатады деген ғылыми консенсусты қабылдаудан бас тартып, федералдық ғылыми агенттіктерді, соның ішінде қоршаған ортаны қорғау агенттігіне, қысым көрсетіп, олардың ғылыми кеңес беру топтарының жұмысына араласты. Сонымен қатар, президент Америка Құрама Штаттарын климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық Париж келісімінен шығарғанын мақтан тұтады.

Бұған қоса, Трамп өзін жер астынан игерілген отынның досы деп атап, көміршілер мен мұнайшыларға қамқорлық жасап, климат пен қоршаған ортаға қатысты 100-ден астам ережені қайтарып, энергетикалық компаниялардың шығындарын азайту туралы уәделерін орындады.

Мұнай-газ компаниялары корпоративтік салықтардың төмендеуін мақтағанымен, Трамптың Қытаймен сауда соғысын даттады. Себебі осы жанжал нәтижесінде отын жеткізу қиындап, америкалық табиғи газ экспортына сұраныс азайып кетті.

Байден өз президенттігінің алғашқы апталарында Трамптың кейбір заңдары мен қаулыларынан бас тартып, АҚШ-ты Париж келісіміне қайтаруға бекініп отыр. Ол федералдық агенттіктер мен департаменттерге климаттың өзгеруімен күреске жауапты тұлғаны анықтауға бұйрық беруі мүмкін.

Сыртқы саясат

Трамп қарашаның 3-інде жеңіліске ұшырады. Сайлаудағы ұтылыс оның  "Ең алдымен Америка" бағдарламасын екі есеге күшейту мүмкіндігінен айырды.

Трамп Американың Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі сыртқы саясатының кейбір постулаттарын өзгертіп, НАТО-ға күмән келтіріп, еуропалық серіктестерін кеудеден қағып, Ресей президенті Владимир Путин, Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын тәрізді автократтарды жақтады.

Оның көпжақтылықты мойындамауы Американың келісімдер мен органдардан, соның ішінде Иранмен арадағы ядролық пәтуадан және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығуына әкеп соқты. Трамптың АҚШ одақтастарына деген көзқарасы Байденді аң-таң етіп, сайланған президентке Америка Құрама Штаттарына демократия үшін күрескер мәртебесін қайтару міндетін жүктеп отыр.

Трамп "бітпейтін соғыстардан" әскерді қайтару уәдесін ішінара орындады. Алайда Ауғанстанда, Иракта, Сирияда Американың саны шектеулі контингенті әлі де қызмет етіп жатыр. Трамп Солтүстік Корея басшысымен тарихи ынтымақтастық орната білгенімен, оны ядролық қарудан бас тартуға көндіре алмады.

Трамптың Иранға қатысты қатаң ұстанымы оның экономикасына нұқсан келтіргенімен, Тегеранды келіссөз үстеліне қайтара алмады. Тағы бір айта кететін жайт, Трамп Израиль мен Палестинаны бейбітшілікке жеткізу уәдесін орындамаса да, Израиль мен оның төрт араб көршісі арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіруге арағайындық ете білді.

Иммиграция

Трамп Мексикамен арада қорған тұрғызып, Құрама Штаттарға кіргісі келетін немесе онда қалуды қалаған иммигранттарға талай бюрократиялық кедергі жасады. Сол шектеулердің көбі сотта қайта қаралып, кейбіреулері мемлекеттік бұйрықтармен өз күшін жойды. Бұған қоса, Трамп мұсылмандар көп тұратын елдермен арадағы барыс-келісті шектеп, Мексикада ондаған мың баспана сұраушыны АҚШ-тағы сот шешімін күтуге мәжбүр етті.

Трамптың 2018 жылы шекараны заңсыз кесіп өтушілерге бағытталған "нөлдік төзімділік" саясаты АҚШ-Мексика шекарасында бірнеше мың баланы ата-аналары мен заңды қамқоршыларынан айырды. Кейін президент осынау озбыр саясаттан бас тартқанымен, 600-ге жуық баланың әке-шешесі әлі табылмай отыр.

Байден сәрсенбіде Конгреске Америка Құрама Штаттарында заңсыз тұрып жатқан 11 миллиондай адамға "азаматтық беретін нақты жол картасы туралы" заң жобасын жіберуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ол сапарларға тыйымды алып тастап, пана іздеушілерді Мексикада шешім күтуге мәжбүрлейтін бағдарламаны жауып, балаларды ата-аналарымен қайта қауыштыруға ұмтылатынын атап өтті.

Нәсілдік қатынастар

Америка Құрама Штаттарында әу баста пайда болған ақтар ұлтшылдығы Трамп тұсында гүлденді. Азшылықтарға қарсы үгіт-насихат күшейіп, нәсілшіл ұйымдарға жалданушылар көбейіп, жек көруден туындаған қылмыстар бой көрсетіп отыр. Қаңтардың 6-ында Капитолийге жасалған шабуыл ақ ұлтшылдар қаупінің бастамасы бола алады деп отыр терроризм жөніндегі сарапшылар.

Трамп саяаты мұсылмандарды әдейі нысанаға алды. Оның билігі кезінде қабылданған "Мұсылмандық тыйым" бірнеше мұсылман елінен келген саяхатшыларды шектеп, ішкі экстремизмді бақылау бағдарламасы тек исламдық қауіпке мән беріп, ақ ұлтшылдарды назардан тыс қалдырды.

Трамп Ақ үйден сәрсенбіде кетеді. Оның негізі мұраларының бірі – бір-бірінен саяси және мәдени тұрғыдан алшақтап кеткен Америка қоғамы. Оппоненттерінің сөзіне сенсек, бұл бөлінудің астарында нәсілшілдік жатыр. Президенттігінің басында Трамп Вирджиния штатының Шарлоттсвилль қаласында 2017 жылы өткен жойқын митингтен кейін ақ ұлтшылдарды айыптауға қарсы тұрып, олардың ісіне тіпті жанашырлық білдірді. Ал, былтыр кейбір қалалық полиция департаменттері мен қауымдастықтар арасындағы қатынастар да шиеленісіп кетті. Бұған афроамерикалық Джордж Флойдтың 2020 жылы ақ нәсілді тәртіп сақшысының қолынан қаза тауып, елде расизмге қарсы наразылықтың күшеюі дәлел.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу