АҚШ президенті Дональд Трамп мыс импортына 50 пайыздық кедендік баж салығын енгізіп, дәрі-дәрмекке салынатын тарифтерді арттыруға ниетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
Бұл туралы Трамп сейсенбі күні Ақ үйде өткен отырыста хабарлады.
Ақ үй басшысының мәлімдемесінен кейін әлемдік нарықта мыс бағасы күрт көтерілді. Осылайша тоннасы үшін 12 330 долларға жетті. Бұнымен қоймай Дональд Трамп дәрі-дәрмек импортына 200 пайыздық баж салығын енгіземін деп сес көрсетті. Десек те, өндірушілерге бір жыл уақыт беретінін жеткізді.
Мысқа қатысты жаңа тарифтің қашан енгізілетіні әзір белгісіз. Бұл АҚШ-тың болат, алюминий және автокөлік импортына қатысты бұрын енгізген баж салығын толықтыруы мүмкін. Трамп Еуроодақ және басқа да бірқатар елдердің тауарларына салынатын жаңа баж салығын 8 шілдеден 1 тамызға шегерді.
Мыс электромобильдер, қару-жарақ және электр желілері өндірісінде маңызды рөл атқарады. Ақ үй импортқа салынатын тарифті көтеру арқылы ішкі өндірісті қолдауды жоспарлап отыр.