Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында альянс елдері мұнай бағасының қымбаттауына шағымданатынын, алайда Ормуз бұғазын ашуға көмектесуге құлық танытпай отырғанын айтты. Оның пікірінше, бұл "тәуекелі аз, қарапайым әскери қадам" болуы мүмкін.
"Қорқақтар, мұны есте сақтаймыз!" – деп жазды АҚШ президенті бас әріптермен.
Сонымен қатар, мұндай әрекетті Америка ұмытпайтынын айтып, АҚШ-сыз НАТО-ны "қағаздағы жолбарыс" деп сипаттады.
Трамп одақтастардан Араб түбегі мен Иран арасындағы маңызды теңіз жолы – Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қамтамасыз ету үшін әскери қолдау көрсетуді талап еткен. Алайда Германия мен бірқатар елдер бұл ұсынысты қабылдамады.
Осыдан кейін Ақ үй басшысы НАТО-ның бұл шешімін "өте үлкен қателік" деп атап, Германия мен басқа мемлекеттердің ұстанымын "таңғаларлық" деп бағалады. Сондай-ақ, АҚШ одақтастардың көмегіне мұқтаж емес екенін жеткізді.
Германия Қорғаныс министрлігінің өкілі DW сауалына жауап бере отырып, Берлиннің одақтастармен Таяу Шығыстағы қауіпсіздік мәселелері бойынша тұрақты консультациялар жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Сонымен бірге, Германия өңірге қосымша әскер жіберуді жоспарламайтынын, тек бұрыннан қатысып келе жатқан миссиялар – OIR, UNIFIL, ASPIDES және NMI аясында жұмысын жалғастыратынын хабарлады.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталған 28 ақпаннан бері әлемдік мұнай мен сұйытылған газ тасымалының шамамен бестен бірі өтетін Ормуз бұғазы іс жүзінде жабық күйде қалып отыр. Иран әскері Парсы шығанағындағы бірқатар мұнай нысандарына және танкерлерге соққы жасап, бұл жағдай жаһандық мұнай мен газ бағасының күрт өсуіне әсер етті.
Бағаның қымбаттауы АҚШ ішінде де саяси қысымды күшейтіп отыр. Сарапшылардың пікірінше, жанармай бағасының өсуі Дональд Трамп әкімшілігі үшін негізгі ішкі саяси мәселелердің біріне айналған.