Трамп Нетаньяхудың Иранға жаңа соққы жасау ұсынысын қолдамады – БАҚ

327

Нетаньяхудың кеңсесі бұл хабарламаны жоққа шығарды.

Трамп Нетаньяхудың Иранға жаңа соққы жасау ұсынысын қолдамады – БАҚ Фото: REUTERS/Jonathan Ernst

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Кнессетке сайлауға аз уақыт қалғанда Иранға қарсы жаңа соққы жасауды ұсынды. Бірақ АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресс сайлауы алдында тәуекелге бармады. Бұл туралы Wall Street Journal (WSJ) газеті жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап. 

Израильдің қауіпсіздік қызметінің өкілі WSJ мақаласынан кейін америкалық CNN телеарнасына пікір білдірді. 

"Расында да, Нетаньяху солай болғанын қалады әрі сайлауға дейін Трампты Иранға қарсы бірлескен шабуыл жасауға көндіруге тырысты, бірақ ол рұқсатын бермеді", – деді израильдік шенеунік.

Басылымның жазуынша, америкалық әскер Иранға қарсы әскери әрекеттердің жоспарын дайындап та қойған, ол Трамптың бұйрығымен бірнеше күн ішінде жүзеге асуы мүмкін.

Америкалық БАҚ, соның ішінде CNN арнасының мәліметінше, Нетаньяхудың жоспарына оның ортасындағы шенеуніктер де қарсы шыққан. Мәселен, Бас штаб бастығы Эяль Замир сайлау қарсаңында әскери әрекеттер жасаудан сақтандырған. Channel 12 ақпаратына сәйкес, осының салдарынан Нетаньяху мен бас қолбасшы арасындағы қарым-қатынас күрт ушығып кеткен. Егер сайлаудан кейін Нетаньяху қайтадан үкімет басына келсе, онда Замир өз қызметінен айырылуы мүмкін. Генерал мерзімінен бұрын отставкаға кетуі де ықтимал.

Нетаньяхудың кеңсесі бұл ақпараттың барлығын жоққа шығарып отыр. Қорғаныс министрі Исраэль Кац та жаңалықты теріске шығарып, Израильдің сайлау алдында Иранға жаңа соққы жасау ниеті болмағанын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу