Трамп бір өлімнен аман қалды. Бұл қастандық жайлы не білеміз?

4273

Бір құлағына оқ тиген экс-президент ең жоғары мемлекеттік пост үшін күресті әрі қарай жалғастырмақ.

Трамп бір өлімнен аман қалды. Бұл қастандық жайлы не білеміз? Фото: AP

Дональд Трамп үшін сенбіде Республикалық партиядан президенттікке ресми кандидат болуға бірнеше күн қалғанда өткен қуанышты митинг қанды оқиғамен және Құпия қызметтің күдіктіні өлтірумен аяқталды.

Сондай-ақ, Пенсильвания штатының Батлер қаласындағы митинг кезіндегі атыстан бір көрермен қаза тауып, тағы екеуі ауыр жарақат алды.

Бұрынғы президент шекарадан өткендер туралы кестені көрсетіп тұрғанда, кем дегенде бес оқ атылған. Сол сәтте Трамптың құлағын ұстап, жерге құлағаны көрінді. Агенттер оны тез арала қаумалап алды. Көп кешікпей беті қанға боялған Трамп көпшілік алдында жұдырығын түйді. Содан соң Трамп пен оның кортежі оқиға орнынан кетіп, медициналық мекемеге жөнелді.

Бұл шабуыл – 1981 жылы Рональд Рейганға оқ атылғаннан бері президентке немесе президенттікке кандидатқа жасалған алғашқы қастандық әрекеті.

Трамптың жағдайы қалай?

Республикалық үміткер саяси науқанының өкілі Стивен Чеунг сенбі күні кешке Трамптың жағдайы жақсы екенін және оның медициналық мекемеде қаралып жатқанын хабарлады.
Трамп болса, өзінің Truth әлеуметтік платформасында Құпия қызметке және барлық құқық қорғау органдарына алғыс білдіретінін мәлімдеді.

"Оң жақ құлағымның жоғарғы бөлігін оқ тесіп өтті. Мен бірдеңенің дұрыс еместігін бірден білдім. Көп қан кетті... АМЕРИКАНЫ ҚҰДАЙ САҚТАСЫН!", – дейді экс-президент желідегі жазбасында.

Трамп, сонымен бірге, митингте қаза тапқан адамның отбасына көңіл айтты.

Кейбір деректерге қарағанда, Трамп Пенсильвания ауруханасына барғаннан кейін Нью-Джерсиге ұшып, Ньюарк Либерти халықаралық әуежайына түн ортасынан барып қонған.

Тергеуді кім жүргізеді?

ФБР-дің тергеуді басқаратыны және оның Құпия қызметпен, жергілікті және штаттық құқық қорғау органдарымен жұмыс істейтіні белгілі болып отыр.

Ішкі қауіпсіздік министрі Алехандро Майоркас пен АҚШ Құпия қызметінің директоры Кимберли Читл президент Джо Байденді қастандық оқиғасы жөнінде хабардар етті және олар Трампқа шабуылды тергеу мақсатында құқық қорғау органдарымен жұмыс істеп жатыр.

АҚШ Өкілдер палатасының республикашыл спикері Майк Джонсон да осы палатаның Трамптың сайлауалды акциясына жасалған шабуылға толық тергеу жүргізетінін ескертті.

"Америка халқы шындықты білуге ​​лайық. Құпия қызмет директоры Кимберли Читл мен ФБР-дің басқа да тиісті өкілдері тез арада комитеттеріміздің тыңдауына келеді", – дейді Джонсон.

Атқыш туралы не білеміз?

Жексенбі күні таңертең ФБР оқ атқан адамның Пенсильвания штатындағы Бетел-паркте тұратын 20 жастағы Томас Мэттью Крукс екенін анықтады.

Және де Құпия қызмет оқ атқан күдіктіні өлтіргенін жариялады. Шабуылшы "шеру өтетін орынның сыртындағы биік позициядан" бірнеше рет оқ жаудырған.

АР агенттігінің хабарлауынша, полицейлер оқиға орнынан AR үлгісіндегі винтовканы тапқан.

Неліктен Трамп Батлерге барды?

Трамп Милуокиде дүйсенбіде басталатын Республикалық Ұлттық Құрылтай қарсаңында өзінің соңғы митингісін Батлерде өткізіп отыр.

Пенсильвания – президенттік бәсекедегі ең маңызды штаттардың бірі және Трамп биыл осы штатта кемінде екі митингі өткізді.
Құрылтай атысқа қарамастан жалғасады деп жоспарланып отыр және Трамптың кеңесшілері оның жиынға қатысуын асыға күтетінін мәлімдеді.

Атысқа реакция қандай болды?

Президент Джо Байден атыстан кейін шамамен үш сағат өткенде брифинг беріп, "барлығымыз адам өлтіру әрекетін айыптауымыз керек" деді.

Заң шығарушылар мен бұрынғы президенттер, соның ішінде Джордж Буш пен Барак Обама, сондай-ақ 99 жастағы экс-президент Джимми Картер құрған қор да Трамптың аман қалғанына ризашылық білдірді.
Атыстың себебі анық болмаса да, кейбір республикашылар Байден науқанының Трампқа қарсы риторикасын айыптады.

"Байден науқанының негізгі қағидасы – Дональд Трамп авторитарлық фашист, оны қайтсек те тоқтатуымыз керек дегенге саяды. Бұл риторика Трампты өлтіру әрекетіне алып келді", – дейді огайолық сенатор Джей Ди Вэнс Х платформасында қалдырған жазбасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу