Осылайша, АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның бұрынғы одақтасы, Tesla компаниясының бас директоры Илон Маск арасындағы шиеленіс қайта ушықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
The New York Times басылымы миллиардер әрі Трамптың бұрынғы кеңесшісі Масктың егер ішкі саясатқа қатысты заң жобасы қабылданса, "Америка партиясын" құратынын, Конгресстегі республикашылдардың көбіне қарсы шығатын кандидаттарды қолдайтынын жазады.
– Егер бұл ессіз шығындар туралы заң жобасы қабылданса, келесі күні-ақ "Америка партиясы" құрылады. Біздің елімізге демократтар мен республикашылардан тұратын бір партиялы жүйеге балама қажет. Адамдардың шын мәнінде дауысы болу керек, – деп жазды Илон Маск.
Ол нақты әрекетке көшуге уәде беріп, заң жобасына қарсы шыққан белгілі саясаткер Томас Мэссиді қолдайтынын жеткізді.
Ал АҚШ президенті Маскқа мемлекеттік субсидияларды алып тастау туралы ойын білдіріп, қоқан-лоққы жасаған. Яғни, оның SpaceX сияқты компаниялары алатын федералдық субсидиялардан айырып тастайтынын айтып қорқытқан.
– Илон тарихтағы кез келген адамнан артық субсидия алған болуы мүмкін. Егер бұл субсидиялар болмаса, оған дүкенін жауып, Оңтүстік Африкаға оралуға тура келер еді. Ешқандай зымыран, спутник не электромобиль өндірісі қалмайды. Ел қазынасы да орасан зор қаражатты үнемдер еді, – деп жазған Трамп.
Сонымен қатар, ол мемлекеттік басқару тиімділігі департаментіне SpaceX пен Tesla сияқты компанияларға берілетін субсидияларды мұқият тексеруді тапсырып отыр.
Осыған дейін Ақ үйдегі Трамптың бұрынғы аға кеңесшісі Стив Бэннон Маскпен арада туындаған жанжалдан соң оған қатысты тергеу жүргізуді және барлық мемлекеттік келісімшартты жоюды талап еткен-ді.