Трамп пен Путин Қазақстанға бауырлас елде кездесетін болды

369

Осылайша тараптар тамыз айынан бері тағы да бетпе-бет кездесетін болды.

Трамп пен Путин Қазақстанға бауырлас елде кездесетін болды Фото: Daniel Torok/Zuma/TASS

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті. Олар Мажарстан астанасы Будапештте кездесу өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, телефон арқылы сөйлесу туралы алдын ала хабарланбаған және бұл Трамптың Украина басшысы Владимир Зеленскиймен Вашингтонда кездесуі қарсаңында болған.

Әңгіме екі сағаттан астам уақытқа созылды. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың сөзінше, телефон арқылы әңгімелесуге Мәскеу бастама білдірген. Путин Трампты Израиль мен Газа арасындағы қақтығысты реттеп, Таяу Шығыста бейбітшілікті орнатқанымен құттықтаған.

"Біз Украинадағы соғыс аяқталған соң, Ресей мен АҚШ арасындағы сауда-саттық қалай болатынын ұзақ талқыладық", – деп жазды Трамп TruthSocial желісінде.

Ақ үйдегі баспасөз брифингінде АҚШ президенті ресейлік әріптесімен кездесуі алдағы екі аптаның ішінде өтуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

"Біз Будапештте кездесеміз деп келістік. Онда Украина мен Ресей арасындағы бұл соғысты тоқтата аламыз ба, сол туралы сөйлесеміз", – деді Ақ үй басшысы.

Оның айтуынша, екі елдің жоғары деңгейдегі делегациялары келесі аптада кездеседі. АҚШ атынан делегацияны Мемлекеттік хатшы Марко Рубио бастап барады, ал Ресей делегациясының құрамы мен кездесу орны әлі нақтыланған жоқ. Содан кейін ғана президенттердің жеке кездесуі өтпек.

Трамп әңгімелесуді өте тиімді деп бағалап, оның қорытындысы бойынша айтарлықтай жетістікке қол жеткізілгенін айтты.

Айта кету керек, бұған дейін Аляскада Ресей Президенті Владимир Путин мен АҚШ Президенті Дональд Трамп кездескенін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу