BBC қос алпауыттың көшбасшыларының кездесуінің қысқаша қорытындысын келтірді:
- РФ Президенті Владимир Путин Америка жерінде, Аляскада шамамен 5 сағат болды.
- Президенттердің шағын құрамдағы келіссөздері 3 сағатқа жуық уақытқа созылды.
- Кездесуде тараптар ешқандай ортақ келісімге келе алмады, қандай да бір құжатқа да қол қойылмады.
- Кездесуден кейін ұйымдастырылған бірлескен баспасөз мәслихатында Трамп пен Путин бірін-бірі мақтаумен болды. Алайда жабық есік жағдайында нақты қандай мәмілеге келгендерін жариялаудан бас тартты. Екеуі де журналистердің осыған қатысты сұрақтарына жауап бермеді.
- Кремль қожайынымен жеке жүздескен соң Америка президенті Украина көшбасшысы Владимир Зеленскийге және еуропалық лидерлерге қоңырау шалды.
- Трамп бұдан былай Ресейден атысты тоқтатуды талап етпейтінін білдірді. АҚШ президенті әлеуметтік желіде Ресей және Украина арасындағы соғысты аяқтаудың үздік тәсілі – "атысты тоқтату туралы жай ғана келісім емес, соғысқа нүкте қоятын бейбіт келісімге келу" екенін жазды.
Батыстың ақпарат құралдары америкалық биліктегі анонимді дереккөздеріне сілтеме жасап, жабық есік жағдайында Путиннің Трампқа бір ұсыныс жасағанын жазуда. Егер Украина Донецк облысындағы өз қолында қалған ірі, әрі стратегиялық маңызды қалалардың бәрін толығымен тастап шықса, онда Ресей Запорожье мен Херсон облыстарының қалған бөлігін басып алуға бағытталған шабуылын тоқтатады-мыс.
Ізінше, Трамп бұл ұсынысты Зеленскийге жеткізген, алайда Украина президенті мұндай шартты қабылдаудан бас тартқан. AFP хабарлауынша, АҚШ президенті Ресейдің осы шартын орындауды дұрыс санайды.
Қалай болғанда, алдағы дүйсенбіде, 18 тамызда Трамп Вашингтонда Зеленскиймен кездесіп, оны осы және басқа шарттарға көндіруге тырысып көруі мүмкін. Америкалық басылымдардың мәліметінше, "Киев көнбістеу болуы, илігуі" үшін Ақ үй украиналық армияны майданда Starlink байланыс жүйесінен ажыратып тастауды қарастыруда.
Америкалық журналистермен сөйлескен, аттарын атамауды сұраған америкалық ресми тұлғалар кездесуде көптеген маңызды мәселе жауапсыз қалғанына назар аудартты. Мысалы, өз тарапынан Трамп Ресейден "Украинаға қайта шабуылдамайтынына қатысты қауіпсіздік кепілдігін беруді" сұраған. Бірақ оның қалай жұмыс істейтіні, бұзылмауы үшін не істелетіні беймәлім көрінеді.
"Ресей Украинаны толық қарусыздандыру, демилитаризациялау талаптарынан бас тартты ма? Өзі басып алған қандай аумақтарды Украинаға кері қайтаруға дайын? Мәскеу қандай санкцияларды алып тастауды, қандай активтерін бұғаттан босатуды өтінді? Сарыла ұзақ күткен журналистер кездесуден шыққан президенттерден осы және басқа сұрақтарға жауап алуды қалады. Алайда олар жауап беруден жалтарды. Жабық есіктің ар жағында Американың Ресейге нені уәде еткені де белгісіз қалды", – деп жазды CBS.
Басқа ақпарат құралдары қатарлы AFP агенттігі де анонимді дереккөзіне жүгініп, "бүкіл Донбассты Ресейге бейбіт тапсыру" туралы Путиннің талабын Трамптың қолдауға бейім екенін мәлім етті.
"Аляскадағы кездесуде РФ президенті Украинаның бүкіл Донбасс өңірін тастап шығуын талап еткен. Дереккөзіміз: "Трамп осы ұсынысты қолдауға ниетті" дегенді қосты. Артынша сенбіде Украина Президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен Трамп Путиннің ұсыныстарын баяндады. Трамп Украинаны атысты тоқтатуды талап етуін доғаруға шақырды. Егер талабы орындалса, Путин Херсон және Запорожье облыстарына шабуылын жалғастырмайды", – деп жазды AFP.
Бұл ретте Украинаның Харьков, Сумы, Днепропетровск облыстарына қарсы бағытталған шабуылдар туралы ештеңе айтылмады.
Аляскадағы кездесуде тосын жағдай орын алды: Анкоридж қаласындағы қонақүйде Америка тарапы Трамп пен Путиннің кездесуін ұйымдастырудың "сценарийіне" қатысты құпия құжаттарды кездейсоқ ұмыт қалдырып кетіпті. Оны қолға түсірген журналистер жүздесудің америкалық тарап күткендегідей өтпегенін білді. Бұл туралы Америкалық Ұлттық қоғамдық радио (NPR) хабарлады.
"Анкоридждегі қонақүйдің жалпыға ортақ принтерінде ұмыт қалдырылған құпия құжаттың 8 парағы табылды. Онда америкалық және ресейлік президенттердің кездесу жоспары сипатталған. Құжаттарды саммит өткен "Эльмендорф-Ричардсон" базасынан 20 минуттік жерде орналасқан Hotel Captain Cook төртжұлдызды қонақүйдің аттарын атамаған 3 қонағы тауып алды. Бұл оқиға жұма күні, жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 9-да, яғни, кездесудің басталуына 2 сағат қалғанда болған", – деп хабарлады NPR.
Ол құжаттың 8 бетін жариялады. Оған сәйкес, бастапқыда президенттердің жүздесуі оңаша немесе "2 де 2" форматында ғана өтуге тиіс болыпты. Яғни, АҚШ тарапынан Дональд Трамп пен Стив Уиткофф, РФ тарапынан – Владимир Путин және оның көмекшісі Юрий Ушаков қатысуға тиіс еді.
Ақыр соңында жүздесу "3 те 3" форматында өтті: оларға екі елден сыртқы саясат ведомстволарының басшылары – РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қосылды.
Сондай-ақ, тараптардың бірге түстеніп, қонақасы берілуі қарастырылған екен. Ал, қос президенттің бірлескен баспасөз конференциясы бір сағатқа ұзайтыны көзделіпті. Бірақ Трамп пен Путин жүздесуден кейін журналистер алдына шыққанымен, шағын мәлімдемелер жасаумен шектеліп, олардың сұрақтарына жауап беруден аттонын ала қашты.
NPR Ақ үйге сценарийдің қай тараптың сұрауымен бұзылғанына қатысты сауал жолдады, алайда АҚШ Мемдепартаменті түсініктеме бермеді.
Ресей делегациясы АҚШ-тағы жүздесуге көңілі толғандарын мәлімдеді. Еліне оралған соң Путин Кремльде кеңес өткізіп, өз командасын Аляскаға сапарының қорытындылары туралы хабардар етті. Жиынға президент әкімшілігінің, үкіметтің, Мемдуманың, министрліктер мен ведомстволардың басшылары шақырылды.
"Бірден атап өтейін, сапар дер кезінде жасалды және өте пайдалы болды. Біз өзара ықпалдастығымыздың барлық дерлік бағыттары туралы әңгімелестік. Бірінші кезекте, әрине, украиналық дағдарысты әділетті негізде шешу мүмкіндігін сөз еттік. Біз әңгіме кезінде бұл күйзелістің түпкі себептерін түсіндірдік. Сол алғышарттарды жою – реттеудің негізі болып қаланады", – деді Владимир Путин.
Financial Times мәліметінше, Кремль алғышарттарға Украинаның 2014 жылғы "еуромайданнан" кейін қалыптасқан саяси құрылымын өзгертуді, Киевтің Еуроодаққа және НАТО-ға интеграциялануын тоқтатуды, Украина қарулы күштерін қуаттандыруды доғаруды жатқызады.
Өз кезегінде Украина, Еуропалық Одақ және Ұлыбритания лидерлері Трампқа бітімгершілік күш-жігері үшін алғыс білдірді және енді келесі жолы АҚШ, Украина және Ресей президенттерінің үшжақты кездесуін өткізуге дайындалатын болды.
Axios мәліметінше, Трамп үшжақты жүздесуді алысқа ұзатпай, келесі жұмада, 22 тамызда өткізіп жіберуге құлшынып отыр. Сонымен қатар, Владимир Зеленский Ресейдің сөзбұйдаға салмай, бейбіт келісімге тезірек көнуі үшін РФ-қа қарсы санкцияларды қатайтуды сұрады.