2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні

Трамп пен Си Цзиньпин Ақ үйде кездесті

144

Си Цзиньпин АҚШ-қа үш күндік сапармен барды. 

Трамп пен Си Цзиньпин Ақ үйде кездесті Фото: AP Photo

АҚШ Президенті Дональд Трамп Мэриленд штатындағы "Эндрюс" әскери базасында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап. 

Қытай көшбасшысы АҚШ-қа үш күндік сапармен барды. Reuters агенттігінің жазуынша, бұл – оның соңғы үш жылға жуық уақыттағы осы елге жасаған алғашқы сапары.

АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент тараптардың 11 айдан бері күшінде тұрған сауда бітімін ұзартуға келіскенін мәлімдеді. Fox News эфирінде Бессент келісімнің жаңа мерзімі 10 қаңтарға дейін созылатынын нақтылады. Бұған дейін бітім 10 қарашада аяқталады деп жоспарланған болатын. Дегенмен, Қытай елшілігі таратқан Си Цзиньпиннің жазбаша мәлімдемесінде бұл сауда келісімі туралы айтылмаған. 

Си Цзиньпинді қарсы алу кезінде әскери оркестр ойнап, артиллериялық салют болған. Сонымен қатар әскери базаның үстінен B-1 бомбалаушы ұшағы ұшып өткен. C-SPAN телеарнасының мәліметінше, АҚШ президенті шетелдік әріптесін "Эндрюс" базасында соңғы рет осыдан 11 жыл бұрын 2015 жылы қарсы алған. Нақтыласақ, ол кезде Барак Обама Рим папасы Францискпен кездескен болатын. Осылайша, Си Цзиньпиннің сапары соңғы он жылдан астам уақыт ішінде америкалық президенттің шетелдік көшбасшыны әскери базада осындай жоғары деңгейде қарсы алуының алғашқы жағдайы болып отыр.

BBC жазуынша, тараптар Ақ үйде өткен кездесуде мәлімдеме жасаған. 

"Төраға Си мен менің арамызда достық қалыптасты, шын мәнінде, біздің халықтарымыздың өзара құрметі мен өмірлік маңызды мүдделеріне негізделген өте керемет достық қалыптасты", – деді Трамп.

"Қытай мен АҚШ ынтымақтастықтан пайда көреді, ал текетірестен екі ел де ұтылады. Бәсекелестік туралы сөйлесуден қашудың қажеті жоқ, бірақ біздің бәсекелестігіміз салауатты әрі белгілі бір шектен шықпауы тиіс. Бұл біреудің ұтып немесе ұтылатын күресі емес, қос тарап та бір-біріне жетуге ұмтылатын бәсеке болуы қажет", – деді Си Цзиньпин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу