Трамп пен Зеленский Рим Папасын жерлеу алдында жеке сөйлесіп алды

663

АҚШ Президенті Дональд Трамп Рим Папасы Францискті жерлеу рәсімі алдында Украина Президенті Владимир Зеленскиймен әңгімелесті, деп жазады inbusiness.kz сайты BBC басылымына сілтеме жасап.

Трамп пен Зеленский Рим Папасын жерлеу алдында жеке сөйлесіп алды Фото: apnews.com

 

Зеленскийдің сөзінше, бұл кездесу өзі күткен бейбітшілікті қамтамасыз ететін болса, тарихи оқиғаға айналады. Ал Ақ үй өкілі Ватикандағы келіссөздерді "өте нәтижелі" деп сипаттады.

Зеленскийдің кеңсесі мен Вашингтон жариялаған суреттерге қарасақ, Әулие Петр соборында екі президент көмекшілерінсіз бір-біріне жақын отырып, 15 минуттай сөйлескен.

Ватикандағы жүздесу – Трамп пен Зеленскийдің ақпан айында Ақ үйдегі Сопақ кабинетте өткен ашулы кездесуінен кейінгі алғашқы бетпе-бет дидарласуы. Бұл диалог Украина мен Ресей арасындағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған келіссөздердің маңызды кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр.

Рим Папасы Францискті жерлеу рәсімінен кейін Трамп Air Force One ұшағына отырып, Римнен АҚШ-қа аттанып кетті. Ал әуеде ол әлеуметтік желідегі парақшасын ашып, Ресей Президенті Владимир Путинге қатысты сыни жазбасын жариялады.

 "Соңғы бірнеше күнде Путиннің азаматтық нысандарға, қалалар мен елді мекендерге зымыран тастауына ешқандай себеп болған жоқ. Мүмкін ол соғысты тоқтатқысы келмейтін шығар, ол жай ғана мені алдарқатып жүрген болар. Бәлкім, оған "банк ісі" немесе "екінші реттік санкциялар" арқылы басқаша ықпал ету керек. Тым көп адам өліп жатыр!!!" – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Трамптың сөзінен кейін АҚШ-тың республикашыл сенаторы Линдси Грэм Сенат ресейлік мұнай мен газды және басқа да өнімдерді сатып алатын елдерге сауда санкцияларын енгізетін екі жақты заңнаманы қабылдау жолында ілгерілеуге дайын екенін жариялады.

"Егер әділ, құрметті және мызғымас бейбітшілікті қабылдамаса, Сенат бұл бағытта алға басып, заңды басымдықпен мақұлдауға әзір", – дейді Грэм X плафтормасындағы жазбасында.

Бұған дейін Путин жайлы оң пікірде болған Трамптың бұл посты оның Зеленскийді қатаң сынау риторикасынан біршама кете бастағанын аңғартып отырғандай.

Зеленский болса, өзінің Telegram каналында "Жақсы кездесу болды. Біз жекеше сөйлесіп, көп нәрсені талқылай алдық. Барлық айтылған сөздерден нәтиже күтеміз. Ортақ нәтижелерге қол жеткізіп жатсақ, бұл тарихи оқиғаға айналуы мүмкін өте символикалық кездесу болады. Рахмет, Президент Дональд Трамп!" деп жазды.

Трамп Мәскеуді де, Киевті де атысты тоқтатып, бітімгершілік келісім жасауға мәжбүрлеп жатыр. Трамп бұған дейін ескерткендей, егер тараптар жақын арада ымыраға келмесе, АҚШ әкімшілігі бұл соғысты тоқтату әрекеттерінен бас тартады.

Ұстанымдағы айырмашылықтар

"Рейтер" агенттігі қол жеткізген құжаттарға қарағанда, Ақ үйдің бейбіт келіссөздерге қатысты ұстанымы мен Украина мен оның еуропалық одақтастарының позициясы арасында қарама-қайшылықтар бар.

Вашингтон 2014 жылы Мәскеу заңсыз аннексиялап алған Қырымды Ресей территориясы деп заң жүзінде тануды ұсынып отырса, Киев пен оның Еуропадағы одақтастары бұл мәселені кесіп өтуге болмайтын "қызыл сызық" деп санайды.

Сонымен қатар, бейбіт келісімге қол қойылса, Ресейге салынған санкциялардың қаншалықты тез жойылатыны, Украинаға қандай қауіпсіздік кепілдігі берілетіні және Украинаға қаржылық өтемақы қайдан төленетіні жөнінде де келіспеушіліктер бар.

Трамп пен Зеленскийдің жеке қарым-қатынасы осыған дейін аса қиын болды. Сопақ кеңседегі кездесуде Трамп Украина басшысын "Үшінші дүниежүзілік соғыс отымен ойнады" деп айыптағаны белгілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу