АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі өткен және алдағы сайлаулардағы алаяқтықтар туралы хабарлаған әрбір адамға 1 миллион доллардан төлеуге уәде берді. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өткен сайлаудағы немесе 2026 жылғы алдағы аралық сайлаудағы бұрмалаушылықтар туралы хабарлаған кез келген адамға, осы заңсыздықты ұйымдастырғандар ұсталып, оларға сот үкімі шыққан бойда 1 000 000 доллар төленеді", – деп жазды Ақ үй басшысы.
Трамп пен республикалық партияның басқа да өкілдері 2020 жылғы қарашадағы президенттік сайлаудан кейін пошта арқылы дауыс беру және дауыс санайтын құрылғыларды қолдану кезінде жүйелі түрде заңбұзушылықтар болғанын мәлімдеген. Олар кейбір штаттарда сайлаушылардың дауыстарын қайта санауды талап етіп, сотқа бірнеше рет шағымданды. Бірақ та, олардың бұл әрекеттері нәтиже бермей, соттар талап-арыздарды кері қайтарды. Бұл сайлауда демократ Джо Байден жеңіске жеткен болатын.
2024 жылғы қарашада өткен президенттік сайлауда Трамп демократиялық партияның кандидаты Камала Харристан басым түсті. Харрис Байден әкімшілігінде вице-президент қызметін атқарған.
Республикалық партия билікте отырған көптеген штаттарда соңғы жылдары дауыс беру барысын бақылауды күшейту шаралары қолға алынды. Демократтар мұндай бастамаларды әдетте сынға алады. Олар республикашылдарды өз саяси мүдделері үшін дауыс беру процесін әдейі қиындатып отыр деп айыптайды.