Трамп сенгендер жеңілді: АҚШ-та не болып жатыр?

111

Америкадағы Конгресс пен губернаторлық тақтар үшін қызу доданың қорытындысы: саяси жанжалдар, сатқындық, билік үшін бітіспес күрес.

Трамп сенгендер жеңілді: АҚШ-та не болып жатыр? Фото: ria.ru

2026 жылғы 3 қарашада өткен сайлау Дональд Трамп үшін ауыр саяси жеңіліспен аяқталды. Демократтар Конгрестің қос палатасына да бақылау орнатты. Тіпті дәстүрлі түрде республикашылдар үстемдік еткен штаттарда сенаторлық орындарды тартып алды. Бірнеше штаттағы губернатор орнын қанжығаларына басты, деп жазды inbusiness.kz.

"Қызыл" Американың ақыры: демократиялық көк толқын республикашылдардың "қамалдарын" шайып кетті

Атлант мұхитының ар жағындағы саяси сілкіністің дүмпуі алапат. Мәселен, республикашылдардың "Отаны" Техаста демократтар саясаттанушылардың өзі "мүмкін емес" деп санаған ұлы жеңіске жетті: демократ Джеймс Таларико сенаторлық сайлауда Илон Масктың өзі 200 миллион доллар беріп, қолдау көрсеткен Кен Пакстонды тізе бүктірді. Ал, демократ Джина Инохоса қазіргі губернатор Грег Эбботтан басым түсіп, штат тарихындағы алғашқы латынамерикалық әйел губернатор атанды.

Канзастан 1930-шы жылдардан тек Республикалық партия өкілі сенатор болып сайланатын: демократ Адам Гамильтон республикашылдардың бұл штаттағы бір ғасырға жуық саяси үстемдігіне нүкте қойды.

Мэн штатында Сенатта 90-шы жылдардан бері, 30 жыл бойы отырған республикашыл Сьюзан Коллинз ормандағы қарапайым ағаш кесуші Трой Джексоннан күтпеген жерден жеңіліп, саяси мансабын аяқтады.

Джорджияда Кейша Лэнс-Боттомс штат тарихындағы алғашқы әйел әрі алғашқы қара нәсілді губернатор атанды. Нью-Гэмпшир штатында Крис Паппас ашық түрде қызтеке-гей екенін мәлімдеп, Сенатқа сайланған алғашқы саясаткер ретінде тарихқа енді.

Мичиган: АҚШ тарихындағы алғашқы мұсылман сенатор

Салтанатты кеште Абдул Әл-Сайедтің жеңісі жарияланып, жеңімпаз сахнаға шыққанда, залдағы жұрт жапатармағай смартфондарының видеокамерасын іске қосты, деп хабарлады Би-Би-Си. Өйткені сайлаушылар кеше ғана "екіталай" көрінген тарихи сәтті таспаға түсіріп қалуға тырысты: тегі мысырлық, діні мұсылман азамат АҚШ Сенатына тұңғыш рет аяқ басқалы тұр!

Алайда бұл жеңістің артында үміткердің басынан кешкен тауқымет, ол еңсерген ауыр айыптаулар тұрған еді. 42 жастағы демократ Абдул Әл-Сайед (Abdul El-Sayed) – дәрігер, Мичиган штатының бұрынғы денсаулық сақтау министрі. Ол баршаға қолжетімді медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді, миллиардерлерге салынатын салықты күрт көтеруді және АҚШ-тың кез келген елге, соның ішінде Израильге де әскери көмек көрсетуін тоқтатуды жақтайды.

Оның саяси ұстанымы ықпалды израилшіл ұйымдардың наразылығын туғызды. Қарсыластары салық, медицина, бюджет мәселелерін талқылаудың орнына, әңгімені жиі-жиі жиһад пен "Мұсылман бауырлар" ұйымына қатысты айтыс-тартысқа бұруға тырысты.

Әл-Сайедтің экстремистік ұйымдарға қатысы бар екенін дәлелдейтін ешқандай айғақты ұсынбай, жала жабумен болды. Тіпті Президент Дональд Трамптың өзі де оған қарсы ақпараттық шабуылға қосылды. Ол "егер Әл-Сайед Сенатқа сайлана қалса, ғимараттың кіреберісіне мықты металл іздегіш орнату қажет болады", – деп кекесінді әзілдер айтты.

Оның қарсыласы, республикашыл Майк Роджерс бұл "буллингті" бірден іліп әкетті және сайлау науқанының негізгі тақырыбы ретінде оппонентінің наным-сенімін бетіне басуға күш салды.

Ал, Әл-Сайед болса, жанармай мен азық-түлік бағасын, денсаулық сақтау жүйесін, білім беруді, салықты азайтуды және штатты ауызсумен жабдықтау мәселесін талқылауға шақырды. Өйткені дәл осы проблемалар Мичиган тұрғындарын ығыр етіп, күнделікті өміріне кері әсер етуде. Бірақ Роджерс алған бетінен ауытқымады.

Дегенмен, сайлау науқанындағы ең күтпеген әрі шулы оқиға демократтардың өз ішінен шықты. Қайта сайланғысы келген қазіргі конгрессмен Хейли Стивенс ханым партияішілік праймеризде Әл-Сайедтен жеңіліп қалған болатын.

Содан ол өз партияласына қолдау білдіру орнына, дәл сайлау қарсаңында республикашыл Роджерспен бірге шіркеуге барып, жұртшылықты ашық түрде соған дауыс беруге шақырды.

Демократтар мұны ауыр қабылдады. Сенаттағы азшылықтың жетекшісі Чак Шумер Хейли Стивенстің әрекетін сатқындық деп бағалады. Осы әйел конгрессменнің аппаратын ұзақ жыл басқарған басшысы дереу өз еркімен отставкаға кетті.

Трамп болса, Стивенстің бұл қадамын көпшілік алдында мақтады. Бірақ демократ саясаткер үшін республикашыл Президенттің мұндай қолдауы саяси үкіммен бірдей еді.

Алайда Трамптың үміті ақталмады. Демократ Абдул Әл-Сайед 52,5% дауыс жинап, республикашыл Майк Роджерстің 45,5%-дық көрсеткішінен басым түсті. Стивенс Демократиялық партия қатарынан шығарылды.

Огайо: анасы туған қызына "соғыс" ашты

Огайо штатында республикашыл Вивек Рамасвами (Vivek Ramaswamy) губернаторлық кресло үшін демократ, педиатр дәрігер Эми Эктонмен (Amy Acton) сайысқа түсті.

Тегі үнділік миллиардер бірнеше пайыз алда келе жатқан. Оны азсынса керек, әрі "дұшпанын" жермен-жексен етіп жеңгісі келді ме, әйтеуір сайлауалды науқанның соңғы апталарында "майдан даласына ауыр артиллериясын" шығарды.

Жергілікті телеарналардың экранынан егде жастағы әйел – демократ үміткердің туған анасы Донна Артур халыққа үндеумен қайрылды.

"Эми – патологиялық өтірікші, психикалық проблемалары бар адам! Үнемі жалған сөйлейтін адамдарға дауыс бермеңіздер. Оның губернатор болуына жол бермеңіздер!" – деді ол жарнамалық роликте.

Бейнежазба үлкен саясаттың ортасына кездейсоқ тап болған отбасылық жанжалға ұқсайтын. Алайда Рамасвами бұл бір минуттық роликті өзінің сайлау штабы дайындағанын растады. Тіпті оны таратуға 4 миллион доллар жұмсауға ниетті екенін мәлімдеді.

Бірақ жарнамасында бұл хикаяның ең маңызды жайтын әдейі жасырып қалыпты. Журналистер үміткер Эктонның не себепті 12 жасынан бері анасымен араласпайтынын әшкерелеуге кірісті. Анықталғандай, Махонинг округінің сот құжаттарына сәйкес, 1978 жылы Эмидің өгей әкесі Кледит Артур өгей қызын зорлады деген айыппен тұтқындалған, содан кейін оның туған анасы ата-ана құқығынан айырылған.

"Эктонның әңгімелеуінше, сексуалдық зорлық 10–12 жас аралығында жалғасқан. Осыдан кейін Эми мен оның ағасын мемлекет отбасынан алып кетті. Анасы балаларын қорғаудың орнына, күйеуіне тағылған айыптан кейін зорлықшы еркекпен бірге бұл штаттан қашып кеткен. Педофил 2004 жылы қайтыс болғанға дейін құқық қорғау органдарынан бой тасалап жүрді", – деп хабарлады Ohio Capital Journal.

Рамасвами штабының саяси технологтары осы әйелді Пенсильвания штатынан тауып алыпты. Ол кезде Донна Артур көлікте тұрып жатқан. Оның психикалық жағдайына қатысты да күмән бар.

Эми Эктон қарсыласының бұл әрекетін "балалық шақтағы ауыр психологиялық жарақатты саяси қаруға айналдыру" деп бағалады. Оның ағасы Филип Стернс те қарындасын қолдап, мәлімдеме жасады. Демократтың сайлау штабы Рамасвами жеке басының пайдасы үшін кез келген адамға зиян келтіруге дайын екенін мәлімдеді.

"Рамасвами Огайо тұрғындарына өзінің шын мәнінде кім екенін паш етті. Ол – қара басының пайдасы үшін кез келген зұлымдыққа баруға дайын, өзімшіл миллиардер. Жеңіс жолында кімге залал келтіретіні оны мүлде алаңдатпайды", – деді демократтың баспасөз хатшысы Эдди Буллок.

Бұл жанжал республикашылдарды екіге жарды. Қызметінен кетіп бара жатқан Огайоның республикашыл губернаторы Майк Девайн жарнаманы "мүлде орынсыз" деп атап, оны эфирден алып тастауды талап етті.

Оның ұстанымын штаттың экс-губернаторлары, Республикалық партияның беделді өкілдері, мысалы, АҚШ-тың БҰҰ жанындағы бұрынғы тұрақты өкілі Никки Хейли, сенатор Джон Гастед және штат хатшысы Фрэнк Лароз қолдады. Ақыр соңында ролик алып тасталды.

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс болса, досы Рамасвамиді жақтап шықты. Ол партияластарынан "жарнамаға бола жылауды доғаруды" талап етіп, онда "тек шындық паш етілген" деп санайтынын жеткізді.

Президент Дональд Трамп та бұл мәселеге пікір білдірді. Оның байламынша, жанжал тек анасы мен қызының арасында: демек, мұның Рамасвамиге қандай да бір қатысы бар деп есептемейді. Кейінірек Трамп жарнамалық науқанды жалғастыруды тікелей қолдады.

Алайда қара пиардың ауыр ұшы ақырында Рамасвамидің өзіне тиді. Жанжал дәл шешуші кезеңде оның рейтингін күрт құлдыратты. 2026 жылғы 3 қарашада өткен дауыс беру қорытындысында Вивек Рамасвами 44,4% дауыс жинап, күтпеген жерден жеңіліс тапты. Ол Эми Эктонның 52,3% дауыспен жеңіске жеткенін көпшілік алдында мойындады.

Осылайша, Эми Эктон Огайо тарихындағы алғашқы әйел губернатор атанды. Сонымен бірге ол соңғы 20 жылда осы штатта губернаторлыққа сайланған алғашқы демократ болды.

Аляска: екі Дэн Салливан және дауыс "ұрлау" күдігі

Бір қызығы, АҚШ-тың өз заманында Ресейден сатып алған Аляска штатында 90-шы, 2000-шы жылдары Ресейде қолданылған тәсіл бой көрсеткенге ұқсайды. Сенат сайлауына есімдері бір-біріне өте ұқсас екі адам қатысты. Бірі – қазіргі республикашыл сенатор Дэн Салливан, екіншісі – отставкадағы мұғалім Дэн Салливан.

Республикашылдарды аттас үміткердің бәйгеге түсуі шошынтты: олар мұны "сайлаушыларды әдейі шатастырып, қазіргі сенаторға тиесілі дауыстарды тартып алуға бағытталған арнайы операция" деп күдіктенді.

The New York Times басылымы отқа май құйды: оның репортажында мұғалім Дэн Салливанмен демократ Мэри Пелтола командасына қатысы болуы мүмкін адамдардың сөйлескенін жариялады.

Алайда аты-жөні ұқсас екінші үміткер мұны жоққа шығарды, ешқандай астыртын келісім болмағанын, сайлауға өзінің заңды аты-жөнімен түсіп жатқанын мәлімдеді.

Әу баста жергілікті сайлау органдары екінші Салливанды бюллетеньнен алып тастауға әрекеттенді. Бірақ сот оның сайлауға қатысу құқығын қалпына келтірді.

Осыдан кейін іске АҚШ-тың федералдық Әділет министрлігі араласты. Трамптың бастамасымен әкімшілік сотқа талап-арыз түсірді: онда ведомство егер қазіргі сенатор өзімен аттас үміткерден аз дауыс жинаса, онда сот сайлау нәтижелерін ресми бекітпеуге тиіс деп табандады. 1 қарашада федералдық судья Шэрон Глисон бұл талап-арызды қанағаттандырмай тастады.

2026 жылғы 5 қарашадағы жағдай бойынша Аляскадағы сайлаудың түпкілікті қорытындысы әлі жарияланған жоқ. Жергілікті заңнаманың ерекшелігіне байланысты дауыстарды санау жалғасып жатыр. Рейтингтік дауыс беру жүйесі мен бәсекенің аса тартысты болуы жеңімпазды анықтау процесін де созып жіберуі мүмкін.

Сайлаудың соңғы қорытындысын шығару 2026 жылғы 18 қарашаға белгіленген. Қазіргі мәлімет бойынша демократ Мэри Пелтола республикашыл сенатордан небәрі 626 дауыс айырмашылығымен алда.

АҚШ-тағы сайлау қорытындысы: ақпараттық соғыстың ауқымы таңғалдырады

AdImpact компаниясының есептеуінше, 2026 жылғы сайлаудағы саяси жарнамаға алпауыт қос партияның жұмсаған шығындары тарихи рекордқа жетіп, 11,6 миллиард долларды құрады.

The Washington Post басылымы жалпы құны 3,6 миллиард доллар болатын 13 мың жарнамалық роликке талдау жүргізді. Зерттеу нәтижесі демократтардың Трамп билігі тұсындағы сыбайлас жемқорлыққа, азық-түліктің қымбатшылығына, медициналық қызмет шығындарының өскеніне екпін түсірген.

Саяси күреске жаңа әрі қауіпті күш – жасанды интеллект қосылды. AdImpact деректеріне сәйкес, ЖИ қолданылған 58 жеке жарнамалық жоба тіркелген. Оларды әзірлеу мен таратуға 10 миллион доллардан астам қаржы жұмсалған.

Бұл фейк роликтерде үміткерлерге түрлі жала жабылды, оларды шын мәнінде ешқашан болмаған қолайсыз жағдайларда бейнеледі немесе айтпаған сөзін "айтқызған".

2026 жылғы сайлау бір нәрсені анық дәлелдеді: қара пиардың да шегі бар. Миллиондаған доллар жұмсауға, тіпті Президенттің беделін салуға, отбасылық лас құпияларды жария етуге болады. Бірақ мұның бәрі сайлаушының арамдыққа бас иіп, қабылдарына кепілдік бермейді.

АҚШ-тағы сайлаудың басты сабағы да осы болды: саясатта қандай айла қолдансаң да, соңғы шешімді бәрібір халық қабылдайды. Лас "қару" кейде оны қолданғанның өзіне соққы болып тиеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу