Трамп, Си Цзиньпин және Путин Қазақстанға құттықтау жолдады

88

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Трамп, Си Цзиньпин және Путин Қазақстанға құттықтау жолдады Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілерінен ұлттық мереке – Республика күніне байланысты құттықтаулар келіп түсіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ресей Президенті Владимир Путин жеделхатта Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік салаларда қол жеткізген табыстарына тоқталып, еліміздің халықаралық қарым-қатынаста салмақты әрі сындарлы рөл атқаратынын, сондай-ақ әлемде абырой-беделі биік екенін атап өткен.

– Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында жемісті ілгерілеп келеді. Барлық бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастығымызды достас халықтарымыздың игілігі үшін, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында дәйекті түрде тереңдете береміз деп сенемін, – деп жазды Владимир Путин.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда ауқымды саяси реформалар іске асырылғанын атап өтіп, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономикалық өсімнің орнықтылығын сақтау, халықтың әл-ауқатын көтеру, елдің өңірлік және халықаралық позициясын нығайту бағытында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанына назар аударған.

– Қазақ-қытай қарым-қатынасын ілгерілетуге ерекше мән беремін. Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында бірлесе күш жұмылдыруға, сондай-ақ халықтарымыздың игілігі үшін ықпалдастық мазмұнын байытуға әзірмін, – деді Си Цзиньпин.

Бұған дейін Мемлекет басшысының атына құттықтау хатын АҚШ Президенті Дональд Трамп та жолдаған болатын.

– Мемлекеттеріміз арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймын және мен президенттік лауазымды атқарған екі мерзімде қалыптасқан берік байланысты одан әрі нығайтамыз деп сенемін. Осы қуанышты сәтті сіздермен бөлісу – мен үшін зор мәртебе, – деп жазған Дональд Трамп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу