АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияға салынған санкцияларды алып тастайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол Түркияда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Сирияның уақытша үкіметінің сыртқы істер министрі Асад әл-Шайбани кездесетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Euronews жазды. Ақ үй басшысының сөзінше, мұндай шешім Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салман және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен Сириядағы ахуалды талқылағаннан кейін қабылданды.
Бұл өзгеріс АҚШ-тың Сирияға қатысты сыртқы саясатындағы айтарлықтай өзгерісті білдіреді. Axios басылымының хабарлауынша, Трамп Сауд Арабиясының астанасына сапары барысында Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараамен кездесуі мүмкін. Себебі америкалық көшбасшы бұл кездесуге уақыт бөлуге дайын екенін білдірткен. Тиісті кездесу Парсы шығанағы елдері мен АҚШ саммитінің кулуары аясында өтуі мүмкін екені жазылған.
Дипломатиялық дереккөздердің мәліметіне сәйкес, Ахмед аш-Шараа Эр-Риядқа сәрсенбі күні барады. Екі ел басшысының келіссөзі 45 минутқа созылады деп жоспарланған. Ақ үй бұл тақырыпқа қатысты ресми ақпарат бермеді. Ахмед аш-Шараа Сириядан санкциялардың алынып тасталуына мүдделі.
Сауд Арабиясының Сирия мен АҚШ-тың арасындағы қарым-қатынастың қайта жандануына делдал болғаны белгілі болды. Бұл мәліметті сириялық ресми тұлғалар растады.
Жақында Сирияның жаңа үкіметі АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсарту мақсатында бірқатар ұсыныстар тастаған болатын.