Трамп таңдай қақтырғалы тұр

953

Сонымен, АҚШ-тың 47-ші Президенті Дональд Трамп атанғаны жаһан жұртшылығына белгілі. 

Трамп таңдай қақтырғалы тұр Фото: crimea.ria.ru

Америкадағы биліктің ауысуы бүкіл әлем саясатына өзгеріс әкеліп отыратыны жасырын емес. Өз елінде талай мәрте сотқа тартылған ірі кәсіпкердің билікке келуі – америкалықтардың оған әлі де сенімі барын аңғартады. Өз кезегінде жаңа президент өзге құрлық елдері, соның ішінде Орталық Азияға қатысты қандай саясат ұстануы мүмкін?

Әлем назарын қай жаққа аударады

Алдымен Орталық Азияның жайын айтпас бұрын Трамптың саясаты әлемге қалай әсер ететінін бағамдап көрсек. Жаңа президент бірінші кезекте түрлі себептермен тыйым салынған АҚШ-тың мұнай мен газ бұрғылауға мүмкіндігін қайта ашатын іспетті. Нәтижесінде нарықта қосымша мұнай пайда болады, бұл бағаның құлдырауына алып келуі мүмкін. Кезінде Трамп қара алтынның баррелі 40 доллар болғанын құптайтынын айтқан. Мұнай өндіруші елдер үшін бұл жақсы жаңалық емес, Қазақстан секілді көп елдердің экономикалық болжамында мұнай барреліне 60-70 доллардан есептелген.

Мұндай жағдай бірінші кезекте мұнай өндіруші Ресей мен Иранға теріс әсер етеді. Парсы шығанағының мұнай өндіруші елдері аздап зардап шегетіні даусыз. Иран мен Ресейден айырмашылығы олар батыстың өндіру технологияларына қол жеткізді, өндіру мен тасымалдаудың құны арзандау. Оның үстіне, олар кейінгі онжылдықта экономиканы әртараптандыруға көп қаржы салды.

Трамп араб елдері мен Израиль арасындағы қарым-қатынасты реттеуді көздейтін "Ыбырайым келісіміне" баруы мүмкін. Яғни, америкалық инвестициялар арқылы аймақтағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуға күш салады. Израиль үшін Трамптың жеңісі өте жақсы жаңалық. Қоғамның либерал топтарының пікірін ескеретін демократтардан айырмашылығы, республикашылдар Израильді қолдауда батыл қадам жасайды. Оның үстіне бұл Трамптың өзі үшін әділ саналады. Енді АҚШ билігі Байден, әсіресе Харрис сияқты либералды аудиторияға жәутеңдемейді.

Өз кезегінде Трамптың жеңісі Иран үшін өте жаман жаңалық, себебі оның ядролық келісімге қайта оралу стратегиясының мәні жоқ. Трамп кезінде Вашингтон Иранға қатысты әлдеқайда қатаң ұстанымда болмақ. Сонымен қатар Тегеран Таяу Шығыс бойынша, әсіресе Ливан, Ирак, Сирия және Газа секторындағы прокси-топтарды пайдаланып, Израиль мен АҚШ-қа қысым көрсету стратегиясына қайта орала алмайды. ХАМАС жойылған, "Хезболла" әлсіреген. Сирияның президенті Башар Асад Иран жағында Израиль мен АҚШ-қа қарсы тұру қаупін төндіргеннен гөрі, Парсы шығанағындағы араб елдерімен келіссөз жүргізуді қалайды.

Иранда Израиль авиациясына, тіпті америкалық авиацияға қарсы тұру құралдары жоқ. Демек, Иранның көптеген зымыран әскерлерінің мүмкіндіктері төмендеп, осал болып барады. Ал Ирак, Сирия және Ливандағы ирандық прокси-топтар көбіне жаяу әскерден құралған.

Ал әлем назарын аударып тұрған Украина үшін Трамптың жеңісі тым жаман жаңалық емес. Қалай алғанда да, Трамп пен оның республикалық ортасы Украинаның жеңіліске ұшырағанын қаламайды. Егер Трамп Ресеймен келіссөз жүргізіп, соғысты тоқтату мақсатында қарсы тарапқа басымдық берер болса, беделіне нұқсан келмей қоймайды. Дегенмен Трамп Украинаға қаржылық және әскери қолдауды азайтса, жағдай қиындауы мүмкін.

Республикашылдар ұстанымын бағалау қажет

Трамптың Орталық Азияға қатысты ұстанымын түсіну үшін әуелі республикашылдардың саясатына назар аударған жөн. Джордж Вашингтон университетінің Орталық Азия бойынша бағдарламасына сәйкес, Трамп әкімшілігі "Орталық Азияға жаңа саяси көзқарас қалыптастыру үшін көп күш жұмсамаған". Атап айтқанда, АҚШ-тың бұрынғы бірінші мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Орталық Азиядағы әріптестерімен көп кездеспеген, ақыры Құрама Штаттардың өңірмен өзара іс-қимылы қиындаған.

Трамп әкімшілігі 2020 жылдың ақпан айында Орталық Азияға қатысты стратегиясын жариялады, ол "аймақтық өзара іс-қимылға жәрдемдесуге, реформалар мен адам құқықтарын қолдауға, сондай-ақ АҚШ-тың инвестициялары мен даму көмегін қамтамасыз етуге" бағытталған. Бұл Трамп әкімшілігінің Орталық Азиядағы қызметінің басымдықтарын айқындағанын білдіреді. Бірақ Орталық Азияға қатысты стратегия 2020 жылғы қарашадағы президенттік сайлауға дейін бірнеше ай бұрын жарияланды, бұл әкімшіліктің өңірлік саясаттың нұсқаларын әзірлеу үшін өте аз уақыт.

Жоспар да сынға ұшырады. "Voice of America" хабарлағандай, Трамп әкімшілігі жариялаған Орталық Азияға қатысты стратегия "оның алдындағылардан айтарлықтай айырмашылығы жоқ". Буш пен Обама әкімшіліктері кезінде Орталық Азияға қатысты америкалық саясатқа тым ұқсас.

Дегенмен Карнеги қорының өкілі Пол Стронски Трамптың Орталық Азияға қатысты жоспарының ең үлкен жетістігі "аймаққа зиян келтірілмегені" екенін айтқан. Биыл шілдеде Милуокиде өткен Республикалық ұлттық съезд барысында Республикалық ұлттық комитет 2024 жылғы АҚШ президенттік сайлауы үшін өзінің партиялық тұғырнамасын жариялады. Құжатта Американың одақтастарымен және серіктестерімен қарым-қатынасын нығайту қажеттігі айтылмаған. Ресей аталмаған, Қытайдың ықпалымен күресу мақсатында Американың қарым-қатынасын нығайту қажеттігі қарастырылмаған.

Алайда Уэсли Халықаралық салық және инвестициялық орталығының энергетика, экономикалық өсім және қауіпсіздік жөніндегі халықаралық бағдарламасының жетекші сарапшысы Александер Хилл жаңа әкімшілік Қытайға қатысты "қарғыбау" болатынын болжаған.

– АҚШ сауда немесе нысандар құрылысы мен инфрақұрылым мәселесі бойынша Қытайдан оза алмауы мүмкін, бірақ америкалықтардың білім беру саласында, жергілікті экономикалық бастамаларды ілгерілетуде, іскерлік байланыстарды ұйымдастыруда үлкен басымдығы бар, – деген ол.

Вашингтондағы "The New Lines Institute for Strategy and Policy" еуразиялық қауіпсіздік және өркендеу бөлімінің аға директоры Камран Бухаридің пікірінше, Орталық Азия АҚШ-тың кез келген жаңа әкімшілігі үшін стратегиялық маңызға ие болады. Обама әкімшілігінің бастамасымен құрылған "С5 + 1" платформасын Трамп әкімшілігі қолға алып, одан кейін Байден әкімшілігі 2023 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясы барысында мемлекет басшылары деңгейінде жалғастырған.

Камран Бухаридің бағалауы бойынша, АҚШ Орталық Азиямен көбірек байланысқаны жөн. Себебі АҚШ-тың ықпалы ең әлсіз, назар аудармаған аймағы – Орталық Азия.

Америкадағы екі саяси партия да Қазақстанға "Тұрақты қалыпты сауда қатынастары" (PNTR) мәртебесін беру қажет деген ортақ пікірге келген. Әйтсе де туризмді дамыту арқылы қоғам арасындағы байланысты өркендетуге күш салынбаған.

"Caspian Policy Center" қауіпсіздік және саясат бағдарламасының жетекшісі, елші Ричард Хогленд қандай партия билікке келгеніне қарамастан, АҚШ-тың сыртқы саясатына, оның ішінде Орталық Азияға қатысты дәстүрлі көзқарас сақталып отыр деп есептейді. Сондықтан жаңа президент міндетті түрде Орталық Азияға барып, министрлер кабинеті деңгейінде тұрақты сапарлар ұйымдастырып, өңірдің жоғары басшыларын Ақ үйге ресми сапарға шақыруға тиіс.

Сарапшы АҚШ президенті Орталық Азияға ешқашан бармаған. Тек 1993 жылдың желтоқсанында Қазақстанға вице-президент Альберт Гор келген. Трамптың сыртқы саясаты көбіне "бір жолғы мәмілеге" әкелетін жеке келіссөздерге негізделген. Ол АҚШ-қа дереу пайда әкелмейтін міндеттемелерді жүктемеуді қалап, ұзақ мерзімді альянстардан қашады. Атап айтқанда, Трамп Ресейдегі Владимир Путин, Венгриядағы Виктор Орбан және Түркиядағы Режеп Тайып Ердоған сияқты "мықты көшбасшыларға" басымдық беретіні аңғарылған. Осыған байланысты Трамп Ресеймен бейбіт келіссөздер жүргізу арқылы Украина қақтығысын тоқтатуға тырысуы мүмкін. Егер АҚШ пен Ресей арасындағы шиеленіс азайса, Орталық Азия жаңа мүмкіндіктер ашылары сөзсіз. Дегенмен екінші жағынан Бейжің мен Тегеранға америкалық қысым артады, ол да айналып келгенде Орталық Азия елдерінің мүддесіне кері әсер етуі ғажап емес. Яғни, Трамп әкімшілігінің саясатынан Орталық Азияға қатысты "кереметтерді" күтуге негіз жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу