АҚШ президенті Дональд Трамп 15 мамырда Ыстанбұлда өтуі мүмкін Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздерге қатысу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
Бұл туралы Трамп дүйсенбі күні журналистердің сауалына берген жауабында айтты.
"Мен сол жаққа ұшып бару туралы ойладым. Бейсенбі күні қайда болатынымды білмеймін. Кездесулер саны өте көп, алайда мен бұл нұсқаны да қарастырып отырмын", - деді Ақ үй басшысы.
Дональд Трамп Ресей мен Украинаның Ыстанбұлдағы келіссөзінің әлеуеті зор деп есептейді. АҚШ президенті осы аптада Сауд Арабиясына, БАӘ-ге, Қатарға сапарлайды.
Украина президенті Владимир Зеленский бұл кездесуге қатысуға дайын екенін білдірді. Ол ресейлік әріптесі Владимир Путинді де келіссөздерге қатысуға шақырды.