Трамп Венесуэламен "тарихтағы ең ірі мұнай келісімін" жасамақ

137

АҚШ Президенті Дональд Трамп Венесуэламен алып мұнай келісімі жасалғанын мәлімдеді. 

Трамп Венесуэламен "тарихтағы ең ірі мұнай келісімін" жасамақ Фото: rg.ru

Оның айтуынша, келісім АҚШ-қа Венесуэланың дәлелденген мұнай қорының шамамен бестен бірін игеруге мүмкіндік береді. Бұл 65 млрд баррельден астам мұнайға тең, деп жазады BILD басылымы.

Трамптың мәлімдеуінше, келісім жүзеге асса, АҚШ-тың мұнай қоры екі еседен астам артып, америкалықтар бірнеше жыл бойы арзанырақ бензин пайдалана алады.

Келіссөздерге АҚШ-тың қорғаныс министрі Пит Хегсет пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио қатысқан. Рубионың айтуынша, келісім аясында Венесуэлаға 100 млрд долларға жуық жеке инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ америкалық тарап ел экономикасын қалпына келтіруге және мыңдаған жоғары жалақылы жұмыс орнын ашуға ниетті.

Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес келісімді "тарихи" деп атады. Оның есебінше, мұнай жобалары ел бюджетіне алдағы уақытта 209 млрд долларға дейін салық түсімін әкелуі мүмкін.

Венесуэла бүгінде әлемдегі дәлелденген мұнай қоры ең көп ел саналады. Алайда елдің мұнай өнеркәсібі ұзақ уақыт бойы экономикалық дағдарыс, ескірген инфрақұрылым және шетелдік компаниялардың активтерін бұрын мемлекет меншігіне алу жағдайларынан зардап шекті.

Енді Каракас шетелдік капиталды, әсіресе энергетика саласына қайта тартуға тырысып отыр. Ал АҚШ әкімшілігі Венесуэланың орасан зор мұнай ресурстарына қол жеткізуді сыртқы саясатындағы маңызды бағыттардың біріне айналдырған.

Егер келісім толық іске асса, ол Венесуэланың мұнай секторына ғана емес, әлемдік энергетика нарығына да елеулі әсер етуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу