"Трампқа қастандық оның Президент болып сайлануына жол ашады"

1751

Сарапшылардың пікірінше, бұл оқиғадан ұтқан бір адам болса, ол Дональд Трамптың өзі.

"Трампқа қастандық оның Президент болып сайлануына жол ашады" Фото: © AP Photo / Alex Brandon

Ресейлік ақпарат құралдары Пенсильвания штатындағы сайлауалды митингі кезінде АҚШ Республикалық партиясының кандидатына жасалған қастандықты Трамптың штабының өзі ұйымдастыруы мүмкін екенін айтуда.

"Америка – шоулар елі. Олар осындай "Голливудтық қойылымдар" қойып қана өз электоратын айналасына жұмылдыра алады", – деді көршінің басты пропагандистерінің бірі Владимир Соловьев.

Дегенмен, халықаралық сарапшылар да бір тосын жайтқа назар аудартты. Оқ атылғанға дейін бірер секунд қалғанда, сөйлеп тұрған Трамп мерген орналасқан жаққа ұзағырақ қарап, қозғалмай қалшиып қалған. Артынша құлағын алақанымен жауып, арнайы дайындалған, оқ өткізбейтін мінбер мен сахналық қалқан астында бой тасалады. Жедел жүгіріп жеткен оққағарлары протокол бойынша объектіні қалқалаған бойы дереу төмен түсіріп әкетуге тиіс болған. Алайда олар құлағы қан-қан болған кандидатты жан-жақтан денелерімен жапқан бойы сахнада біраз кідірді.

Осы кезде Трамп тастүйін түйілген жұдырығын жоғарыға серпін ұрандады. Фотографтар мен телекамералар жан-жақтан жапатармағай фото, видеоға түсірді. Нәтижесінде желбіреген АҚШ байрағы аясында жаралы, бірақ жұдырық түйе айбат шеккен айбынды Трамптың әсерлі фотолары әлемді шарлап кетті.

Басқа да түсініксіз жайттар бар. Мысалға, қылмысқа барар алдында мерген: "Мен республикалықтарды өте жек көремін!" деп, қысқаша бейнежазба жазып қалдырған. Бірақ ақпарат құралдарының мәліметінше, оның өзі Республикалық партияның және Трамптың жақтаушысы болған көрінеді. Оның үстіне қаскөй Д.Трампты емдеген дәрігерінің туысы болып шықты.

Бұған қоса, мерген 100 метрден шамалы асатын қашықтықтан, шатырдан атқан. Әдетте Трамптың күзеті де, құзырлы органдар да кандидат сөз сөйлейтін алаңнан 1 шақырымдай радиустағы ғимараттардың бәрін тексеріп, бақылауға алады. Бұл жолы неге олай болмаған?

Тағы бір тосын жайт: митингке қатысушылар атыс алдында бөгде бір еркектің қаруымен бірге шатырда еңбектеп, қозғалып бара жатқанын көрген және күзет қызметінің назарын соған аудармақ болыпты, тіпті соны нұсқап, айғайлаған. Күзет болса, қолын бір сілтеп, мән бермеген.

"Федералдық заң бойынша бұрынғы Президент ретінде Трампты Құпия қызмет өмір бойы күзетеді. Республикалық партияның кандидаты ретінде жұртшылық алдында сөз сөйлегенде, оған қосымша күзет те беріледі. Би-Би-Си куәгерлердің бірінен сұхбат алды: ол винтовкамен қаруланған бөтен адамның іс-шара өтетін орынға жақын жерде, шатырда қозғалып жүргенін байқаған. Оның айтуынша, ол күзетке соны ескертуге тырысыпты, алайда олар бұған еш көңіл аудармаған", – деп жазады ВВС.

Украинаның Верховная Радасының бұрынғы депутаты, саясаткер Алексей Гончаренко Трамптың аман қалғанын біліп, украиналық қоғам жеңіл күрсінгенін айтады. Бұл ретте украиналық қоғам негізінен Трампқа қарсы және оның Президент болып сайланғанын қаламайды. Онда неге оның тірі қалғанына "шүкіршілік" етеді?

"Трамптың тірі қалғанына шүкіршілік етеміз. Бұл біріншіден, адамгершілік тұрғыдан солай. Адамдар бір-бірін өлтірмеуі керек. Екіншіден, АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамп осылай өлтірілгенде, оның миллиондаған адуынды жақтаушылары билікке қарсы көтеріліп, бүлік бастап, Америка хаосқа душар болатын еді. Құрама Штаттардың қоғамы қаққа жарылған, қос лагерьдің қақтығысының қызуы шырқау шегіне жетті. Қыста АҚШ-та сапармен болғанда, бұған өзім куә болдым. Демек, Трамп қастандықпен өлтірілгенде, республикалықтар бұған демократтарды жаппай айыптайтын еді. Америка бүлініп, күйресе, бүкіл әлемге, әсіресе, Украинаға қиын тиеді. Бұл әлемдік апатқа тең", – деді А.Гончаренко.

Ол Украинаның америкалық қаруға, америкалық барлау ақпаратына, америкалық қаржылай көмекке қатты тәуелді екенін еске салды.

Сонымен, 13 шілдеде, Пенсильвания штатындағы Батлер қаласында өткен сайлауалды митингте АҚШ-тың бұрынғы Президенті, қазіргі үміткер Дональд Трампқа қастандық жасалды. Оқ Трамптың құлағының жоғарғы жағын жанап, жаралап өткен. Шеруге қатысушылардың бірі қаза тапты, екі көрермен жараланды. Күзет қызметі қастандық жасаушыны сол орнында, шатырда атып тастады.

Президент Джо Байден, елдің бұрынғы көшбасшылары, өзге елдердің лидерлері, соның ішінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев қастандықты қатты айыптап, мәлімдеме жасады.

Би-Би-Си мергеннің еркін қимылдауына жол беріп қойған америкалық құпия қызметтерге, Трамп күзетіне қатысты сұрақтардың көптігіне, жауаптардың әзірге жоқтығына назар аудартады.

Федералдық қауіпсіздік бюросы Трампты атқан адамның тұлғасын анықтады: бұл Батлер қаласынан 70 шақырымда жатқан Бетел-Парк тұрғыны, 20 жасар Томас Мэтью Крукс.

Ассошиэйтед Пресс хабарлауынша, құқық қорғау органдары қылмыс орнынан AR типті жартылай автоматты винтовканы тапты. Сарапшылар мұндай қарудың АҚШ-та заңды түрде, кең ауқымда сатылатынын жеткізді. 2010-шы жылдардан бері дәл осы типті қару АҚШ-та бірнеше рет бұқаралық "шутингтерде" – мектептердегі, қоғамдық орындардағы бейбіт халыққа шабуылдарда қолданылды.

Айтқандай, Д.Трамп Америкада қарудың еркін саудалануының берік жақтаушысы саналады. Байден керісінше, АҚШ-тың барлық штатында тұрғындарға қару сатуды доғаруға талпынып келеді.

FBI (Федералдық қауіпсіздік бюросы) бұл қылмысты тергеуді тікелей өзі басқаратынын және Құпия қызметпен, жергілікті және федералдық құқық қорғау органдарымен тізе қоса жұмыс жасайтынын мәлім етті.

Бас прокурор Меррик Гарландтың нақтылауынша, сондай-ақ тергеумен Алкоголь, темекі, атыс қаруы және жарылғыш заттар бюросы, Пенсильванияның Батыс округінің прокуратурасы және Әділет министрлігінің ұлттық қауіпсіздік бөлімі де айналысып жатыр. Яғни, барлық құзырлы органдардың білікті мамандары жұмылдырылған. Нәтижесі қандай болатыны белгісіз.

CNN эфирінде Батлердің округтік прокуроры Ричард Голдингер қастандықтың алдын ала алмағандарын мергеннің "митинг территориясынан тыс орналасуымен" түсіндірді. BBC Verify зерттеу бөлімі анықтағандай, Трамп пен қастандық жасаушының арасы шамамен 130 метр ғана болған.

Дональд Трамптың аға кеңесшісі Стивен Мур митинг қатысушыларына қарсы оқ жаудыруға жол берген құпия қызметтерге сұрақтар өте көптігін нықтады. Мысалы, сенбінің кешінде брифинг берген FBI қызметкерлерінің өзі күзеттегілер қарсы оқ атып, жойғанға дейін мергеннің бір емес, бірнеше рет атып үлгергеніне қайран қалды.  

Қалай болғанда, АҚШ Президентін немесе соған кандидатты ату сонау 1981 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында ақыл-есі түзу емес деп танылған Джон Хинкли іс басындағы Президент Рональд Рейганға шабуыл жасап, жаралаған болатын.

Құқық қорғау органдары журналистерге бұл жолғы шабуылдың астар-мотивтерін әзірге анықтай алмағандарын мәлімдеді.  

The New York Times сарапшылары бұл оқиғадан кейін Дональд Трамптың биылғы 5 қарашадағы Президент сайлауында жеңу мүмкіндігі тіптен арта түскенін айтады.

"Республикалық партия арнайы футболкалар шығарып, онда Трамп пен Христос арасында параллель жасай бастады: екеуі де шындықты айтқаны үшін зардап шекті деп. Бұл нарратив енді тіптен кең таралады және тәуелсіз сайлаушылар мен таңдаушыларды да көндіреді. Қазіргі кезде басты күрес те солар үшін жүруде. Ендеше болашақ АҚШ Президенті кім болатыны біршама анықталып та қалған сияқты", – деді белгілі американист Алексей Наумов.

Ақылынан адасып, Украина Президенті Зеленскийді "Путин" деп, өз орынбасары, вице-президент Камала Харристі "Трамп" деп атап, әбден шатаса бастаған Демократиялық партияның қазіргі кандидаты Джо Байденнен жақтаушыларының өзі теріс айналып жатқанда, америкалықтарда Трампқа дауыс беруден басқа амал қалмайтынға ұқсайды.

Халықаралық сарапшылар алдағы президенттік додада ойсырай жеңілмеуі үшін Демпартияның жалғыз жолы қалғанын ескертеді: жоқ, Трампты өлтіріп тыну емес! Өз үміткері Байденді басқа, жас кандидатпен шұғыл алмастыру.

Олай болмаған соң, Америкадағы күйзеліс ары қарай күшейе түсуде. Reuters/Ipsos сауалнамасы көрсеткендей, америкалықтардың үштен екі бөлігі 5 қарашадағы сайлаудан – өліспей беріспеуге бекінген кәнігі қарсыластар "Байден–Трамп" тайталасынан кейін елде зорлық-зомбылық, бүлік, бейберекетсіздік бұрқ етуі мүмкін деп қауіптенеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу