Трампқа оқ жаудырған күдіктінің жазасы өте ауыр болуы мүмкін

25 сәуір күні кешке Вашингтонда Ақ үй тілшілері қауымдастығының қабылдауында атыс тіркелді.

Трампқа оқ жаудырған күдіктінің жазасы өте ауыр болуы мүмкін Фото: X әлеуметтік желісінен

Қаладағы федералдық сот осы шабуылға күдікті Коул Томас Алленге айып тақты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның қатарында АҚШ президенті Дональд Трамп өміріне қастандық жасауға оқталу, зорлық-зомбылық қылмысын жасау кезінде атыс қаруын қолдану және ауыр қылмыс жасау мақсатында қаруды штаттар арасында заңсыз тасымалдау бар.

Федералдық прокурор Джоселин Баллантиннің сөзінше, Аллен бірнеше штаттың шекарасынан өтіп, президентке қастандық жасауға әрекет еткен. Одан 12-калибрлі мылтық, 3 пышақ және басқа да қару табылған. 

Прокуратура күдіктіні қамауда ұстауды сұрап отыр. Себебі, Коул Томас Алленге тағылған айыптар терроризммен байланысты баптарға жатады. АҚШ заңнамасына сай, президентке қастандық жасауға әрекеттену өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына әкеліп соғуы ықтимал. 

Күдіктіні қамауда ұстау мәселесі бойынша тыңдау 29 сәуірге, алдын ала сот отырысы 11 мамырға белгіленді. 

Бұған дейін Ақ үй баспасөз хатшысының "Бұл іс-шара атыссыз өтпейді" деген болжамы дәлме-дәл келгенін жаздық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу