Соңғы сауалнамалар жылдың шешуші саяси додасы қарсаңында Дональд Трампты қолдайтындар күрт азайғанын, ал, демократтардың бедел-басымдығы арта түскенін көрсетті. Ақ үйді және Мар-а-Лагоны не күтіп тұр? АҚШ-тағы саяси текетірестің одан ары өршіп, қауіпті шекке жету сценарийлерін inbusiness.kz сараптады.
65% қарсы: Трамптың рейтингі тарихи төмен деңгейде
Америка Президенті, Республикалық партия көшбасшысы Дональд Трамп 2026 жылғы 3 қарашада өтетін аралық сайлауға президенттік екі мерзіміндегі ең төменгі халықтық қолдау көрсеткішімен қадам басуда. Америкалықтардың 65%-ы оның экономикалық саясатына наразы. Қолдайтындар үлесі небәрі 34%. Сонымен қатар сайлаушылардың басым бөлігі демократтарға көбірек ықылас танытады. Бұл енді жай ғана имидж мәселесі емес. Бұл – Конгресті қазіргідей тұтас бақылаудан айырылу қаупі.
Кеше жарияланған CNBC All-America Economic Survey сауалнамасына сәйкес, Трамптың экономикалық саясатына қатысты қолдау көрсеткіші минус 31 пайыздық тармаққа дейін төмендеген. Бұл – оның президенттік каденцияларындағы ең нашар нәтиже, әрі CNBC жүргізген зерттеулер тарихындағы ең төмен көрсеткіш.
Сауалнамаға қатысқан әрбір он америкалықтың сегізі елдегі экономикалық ахуалды нашар деп бағалаған. Тіпті республикашылдардың өз арасында да экономикалық пессимизм ушықты. Партия жақтастарының 35%-ы ел экономикасының жағдайына теріс көзқарас білдірген. Наразылар шілде айынан бері 6 пайыздық тармаққа өскен.
Демек, Трамптың президенттіктегі екі мерзімін қоса алғанда, республикашылдар арасындағы экономикалық пессимизм бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Енді оны тіпті өз партияластарының өзі де бұрынғыдай бірауыздан қолдап отырған жоқ.
"Экономика Трамптың Ақ үйге оралу жолындағы басты көзірлерінің бірі болған еді. Енді, керісінше, ол президенттің ең осал тұсына айналды. Мұндай жағдайға тәуелсіз сайлаушылардың наразылығы күшейгендіктен емес, республикашылдардың өз ұстанымы өзгергендіктен жеттік", – деді зерттеуге қатысқан Public Opinion Strategies компаниясының серіктесі Мика Робертс.
Президенттің жалпыұлттық рейтингі де күрт құлдырау үстінде. 21 қазанда жарияланған CNN сауалнамасына сәйкес, америкалықтардың небәрі 32%-ы Трамптың қызметіне оң баға берсе, 67%-ы оған қарсы.
CNBC дерегінше, америкалықтар Конгрестің демократтардың бақылауына өткенін көбірек қалайды. Бұл нұсқаны қолдайтындар – 52%, ал республикашылдардың бақылауын жақтайтындар – 45%.
Билеуші партия үшін бұл – үлкен сын-қатер. Өйткені тек өзіне адал жақтастардың қолдауына ие болуы жеткіліксіз. Ең бастысы, сол адамдарды үйде қалмай, сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруге жұмылдыру.
Америкалықтардың 54%-ы Трамптың қызметтен кетуін қалайды
Саяси жағдайды одан әрі күрделендіретін тағы бір фактор бар. Ол – америкалықтардың Трампқа импичмент жариялау мәселесіне деген көзқарасы. Politico poll жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, америкалықтардың 54%-ы Трампқа импичмент жариялауды қолдайды. Олардың пікірінше, Мемлекет басшысының әрекеттері оны президенттік қызметінен шеттетуге негіз бола алады. Сауалнама 2026 жылғы 16–19 қазан аралығында жүргізілген.
"Респонденттердің 41%-дан астамы "Трамп президенттік лауазымын өзінің немесе отбасының пайдасына пайдаланды" деп мәлімдеді. Сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі демократтар ең алдымен оның қалай байығанын тексеруге басымдық беруі керек деп санайды. Тағы үштен бірі демократтардың Трамптың иммигранттарға қатысты қатаң шараларына назар аударғанын қалайды", – деп жазды Politico.
Демократтарды қолдауға ниетті сайлаушылар арасында мұндай көзқарасты жақтайтындардың үлесі 81%-ға жеткен. Ал, республикашылдардың төрттен бірі де осы пікірмен келіседі.
Саяси қысым күшейіп, жағдай тығырыққа тірелген тұста Дональд Трамп сасқаннан сайлаушылардың дауысын "сатып" алуға көшкендей. Ол республикашылдар Конгрестегі бақылауын сақтап қалса, кәмелетке толған әрбір америкалыққа 5 мың доллардан үлестіруге уәде берді. Ол төлемді "Трамп дивидендтері" деп атады.
Трамп жеңілсе не болады: бес сценарий
Америкалық сарапшылар мен ақпарат құралдары Президенттің төтенше өкілеттіктерін пайдалануы, федералдық күштерді аттандыруы, бюллетеньдерді тәркілеуі және сайлау нәтижелеріне дау келтіруі секілді сценарийлерді талқылап жатыр.
№1 сценарий: бюллетеньдер мен дауыс санау жабдықтарын тәркілеу. Болжамдардың біріне сәйкес, Президент заң бұзушылықтарды тергеу сылтауымен және өзіне қолайсыз сайлау нәтижесін қайта қарату мақсатында бүкіл ел бойынша бюллетеньдерді немесе дауыстарды санауға арналған жабдықтарды алып қоюға бұйрық беруі мүмкін.
Алайда мұндай әрекеттер үшін салмақты заңды негіздер табуы қажет. Оның үстіне, бұл бастама сайлау органдарының қарсылығына және сотқа шағымдардың жаппай түсуіне әкелуі ықтимал. Яғни, Президенттің кез келген шешімі автоматты түрде орындала бермейді: оның заңдылығы мен өкілеттік шегі саяси әрі құқықтық тартыстың өзегіне айналуы мүмкін.
№2 сценарий: төтенше жағдай режимін енгізу немесе "Көтеріліс туралы заңды" пайдалану. Бұл нұсқа федералдық күштерді, ішкі армияны жекелеген штаттарға енгізуді қарастырады. Алайда 2026 жылғы 16 қазанда Brennan Center for Justice ұйымы жариялаған түсіндірмеге сәйкес, төтенше өкілеттіктер Трампқа дауыс беру процесін өз бақылауына алуға, сайлау машиналарын тәркілеуге, әскерді сайлау учаскелеріне орналастыруға құқық бермейді.
Тетікті осы мақсатта пайдалануға жасалған кез келген әрекет сот талқылауларына ұласып, тіпті жекелеген штаттарда жаппай қарсылық пен көтеріліс сипатындағы қақтығыстарға түрткі болуы мүмкін.
№3 сценарий: сайлау нәтижелері төңірегіндегі ұзаққа созылатын құқықтық және әкімшілік сергелдең. Бұл жағдайда сайлау нәтижелеріне жаппай дау айтылып, жекелеген округтер бойынша сот процестері басталуы мүмкін. Дауыстарды қайта санау ісі шетсіз-шексіз жалғасып, нәтижелерді ресми бекіту, яғни сертификаттау процесі әдейі созбалаңға салынуы ықтимал.
Мұның соңы мемлекеттік басқару жүйесіндегі күрделі дағдарысқа әкелер еді. Мысалы, ел бюджеті уақытында қабылданбай қалады. Егер дау-дамай уақтылы шешілмесе, 2027 жылғы қаңтарда жаңадан сайланған Конгресс өз жұмысына кірісе алмайды.
Мұндай рәсімдер АҚШ-тың сайлау жүйесінде қарастырылғанымен, олардың тәртібі штаттардың заңнамасына сәйкес реттеледі.
№4 сценарий: дауыс беруді кейінге қалдыру немесе мүлде тоқтату әрекеті. Федералдық сайлаудың күні заңмен белгіленген: дауыс беру бір аптадан соң, 3 қарашада өтуге тиіс.
Бұған қоса, АҚШ-тың көптеген штатында пошта арқылы дауыс беру және бюллетенді мерзімінен бұрын тапсыру науқаны әлдеқашан басталып кеткен. Себебі, бұл процестер негізгі сайлау күніне бірнеше апта қалғанда-ақ іске қосылады.
Азаматтық соғыс қаупі қаншалықты шынайы?
Ең қауіпті салдар заңгерлердің соттағы тартысымен шектелмеуі мүмкін. Негізгі сын-қатер – саяси қарсыластардың бір-бірінің жеңісін мойындаудан бас тартуы. Егер Трамп сайлауда жеңілгенін мойындамаса, америкалық сарапшылар саяси текетірестің күрт өршуін жоққа шығармайды. Тіпті бұл жағдай ауқымды ішкі қақтығыстарға, ең нашар сценарийде азаматтық соғысқа ұласуы мүмкін.
2026 жылғы қазанда Чикаго университетінің саясаттанушысы Роберт Пейп америкалықтардың саяси зорлық-зомбылықты ақтауға бейімділігі қауіпті деңгейде дейін жеткенін ескертті.
CPOST сауалнамасының қорытындысында, америкалықтардың 25%-ы Трампты биліктен кетіру үшін күш қолдануды ақтауға болады деп санайды. Трампты қолдайтындар мен оған қарсы топтардың саяси зорлық-зомбылығын жақтайтындардың жиынтық үлесі 41%-ға жеткен. Бұл шамамен 90 миллион ересек америкалыққа тең.
Зерттеушілер сайлау төңірегіндегі жанжал осы үрдісті одан ары күшейтуі мүмкін дейді. Дегенмен мұны "америкалықтардың басым бөлігі қарулы көтеріліске қатысуға дайын" немесе "елде азаматтық соғыс міндетті түрде басталады" деп түсінуге болмайды. Керісінше, америкалықтардың 70%-дан астамы зорлық-зомбылыққа қарсы.
Басқаша айтқанда, азаматтық соғыс – ықтимал сценарийлердің бірі, бірақ оның сөзсіз болатынын дәлелдейтін негіз жоқ. Бірақ саяси өшпенділіктің күшеюі, демократиялық институттарға деген сенімнің әлсіреуі қоғамдағы тұрақтылыққа елеулі қатер төндіреді.
Республикашылдар Конгрестегі бақылауынан айырылған күннің өзінде, бұл Дональд Трамптың президенттік өкілеттіктерінің автоматты түрде тоқтатылатынын білдірмейді. Демократтар Конгрестегі басымдыққа қол жеткізсе, тек Президент әкімшілігіне қатысты тергеулер жүргізуге және оның заңнамалық бастамаларына тосқауыл қоюға ғана мүмкіндік алады. Бұл Ақ үйдің саяси маневр жасау мүмкіндігін шектеп, Президентке қарсы қысымды күшейтуі ықтимал.
Импичмент жариялау үшін Өкілдер палатасында бөлек дауыс беру қажет. Президентті кінәлі деп танып, қызметінен кетіру үшін сенаторлардың үштен екісінің қолдауы керек. Алайда алдағы сайлауда сенаторлар негізінен Республикалық партияны қызу қолдайтын штаттарда өтетіндіктен, жоғарғы палата бәрібір Трамп жақтастарының бақылауында қалады деп болжануда.
Осылайша, 2026 жылғы аралық сайлау АҚШ үшін елдің саяси бағытын, демократиялық институттарының тұрақтылығын және қоғамның ішкі бірлігін айқындайтын шешуші кезеңге айналуы мүмкін.
Сайлау нәтижелеріне байланысты ықтимал дағдарыстың қалай өрбитіні АҚШ-тың саяси жүйесі мен қоғамының бұл сынаққа қаншалықты төтеп бере алатынын көрсеткелі тұр.