Ақ үй басшысы Дональд Трамп АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтонды отставкаға кетірді. Әзірге америкалық президенттің мұндай қадамға баруына не түрткі болғаны жарияланбады. Бірақ кей ақпарат құралдары бұған "Талибан" мен Ауғанстан билігімен келіссөздердің белгісіз мерзімге шегерілуі себеп болған деп хабарлап жатыр.
Трамп келесі аптада Болтонның орнына кім келетінін жариялайтын болады. Ақ үй ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі ретінде Болтонның орынбасары Чарльз Капперманды тағайындап қалуы мүмкін.
Құрама Штаттардың мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның айтуынша, бұл отставкадан кейін елдің сыртқы саясатында айтарлықтай өзгерістер болмайды. Ол сондай-ақ бірқатар мәселелерге келгенде, Джон Болтонмен келіспей қалғанын жеткізді.
Майк Помпео: "Ертең мен осы жағдайдың себебін талқылау үшін президентпен кездесемін. Бірақ мен мынаны айтар едім: президенттің өзі қалаған адамдармен жұмыс істеуге толықтай құқығы бар", - деді тілшілерге берген соңғы сұхбатында.
Ал Reuters агенттігінің хабарлауынша, Трамптың Болтонды жұмысынан босатуы Солтүстік Корея мен АҚШ-тың ядролық қарусыздандыруға қатысты келіссөздерінің жандануына мүмкіндік туғызбақ. Өйткені солтүстіккореялықтар Болтонды жақтырмай, оны тіпті "соғыс маньягі" деп те атап кеткен болатын.
Бұған дейін Болтон билік басындағы Кимнің жанұясын тақтан тайдыру үшін әскери күшті қолдануды ұсыныс тастаған болатын. АҚШ-тың ресми өкілдері ақпан айында Вьетнамда өткен Трамп пен Ким Чен Ынның кездесуінің жеміссіз өтуі Болтонның кесірінен болды деп мәлімдеген болатын.
Саяси аналитиктердің ойынша, Болтонның қызметтен кетуі Пхеньянмен келіссөздердің жандануына септігін тигізгенімен, Солтүстік Кореяны ядролық қарудан толықтай бас тартуға көндіре алмайды.
Вашингтондағы аналитикалық орталықтың Солтүстік Корея бойынша сарапшысы Гарри Казианистің айтуынша, Дональд Трамп ресми Пхеньянмен дипломатиялық қарым-қатынасты реттеуге дайын. Дегенмен Вашингтон ресми түрде әзірге Солтүстік Кореяны ядролық қарусыздандыруға қатысты талаптарын жеңілдететіні туралы ешнәрсе айтпады.
Оңтүстік Корея билігінің өкілі Ким Хонг-кюннің пікірінше, Болтонның отставкасынан кейін, ресми Пхеньян түрлі айланы қолданып, осы жағдайды өз пайдасына шешуге ұмтыла бастайды.
Ал америкалық бұқаралық құралдары үшін Джон Болтонның жұмыстан шығарылуы күтпеген жаңалық болмады. Бұған дейін де Трамп кеңесшісінің елдегі негізгі келіссөздерге қатыспай жүргені жарияланған еді.
Айта кетейік, Болтон АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі қызметіне 2018 жылы тағайындалған болатын. Оның алдында елдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі болған. Сонымен қатар ол АҚШ мемлекеттік хатшысының қару-жарақты бақылау және халықаралық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген.
Табиғат Нұрболат