Украина мен Ресейді зорықтырған соғыс Дональд Трамп инауграциясы қарсаңында тіпті өрши түсті. Осындай шақта Президент Байден әкімшілігі Киевке миллиардтаған доллар әскери көмекті асыға бөліп жатыр. Себебі Вашингтонда жаңа әкімшілік орнаса, АҚШ-тың Украинаны әрі қарай қолдауы күмәнді мәселеге айналуы мүмкін.
Ресей мен Украина одақтастары өз жағын Трамп Америка саясатына әкелуі мүмкін өзгерістер алдында мықтырақ етіп көрсеткісі келеді. Сайланған президент болса, соңғы кездері Ресей мен Украинадан атысты дереу тоқтатуды талап етіп отыр. Оның ескертуінше, Украина бұдан былай АҚШ-тан жәрдемді азырақ алу мүмкіндігіне дайын болуы керек.
Байден әкімшілігі Трамп өткен айда президенттік сайлауда жеңіске жеткелі, Украинаға 2 миллиард доллардан астам көмек бөлген. Ал, жалпы алғанда, Ресей 2022 жылдың ақпанында Украинаға басып кіргелі АҚШ Киевке 62 миллиард доллар жұмсапты.
Сейсенбі күні АҚШ қаржы министрлігі Украинаға тағы 20 миллиард жіберілетінін мәлімдеді. Бұл – Америка әкімшілігі мен өзге елдер Украинаға бағыттайтын 50 миллиард доллардың бір бөлігі және бұл қаражат Ресейдің шетелдегі активтерінен түскен пайыздан жиналып отыр. Сонымен қатар, Мемлекеттік департамент мәлімдегендей, Украинаға берілген F-16 жойғыш ұшақтарын қолдану мен жөндеуге тағы 266 миллион доллар бөлінеді.
Тағы бір айта кететін жайт, Байден Украинаның Ресейдің түкпіріндегі әскери нысандарға Американың ұзақ қашықтыққа арналған зымырандарымен соққы беруіне рұқсат еткені белгілі. Бұған қоса, Байден Украинаға көп елдерде тыйым салынған жаяу әскерге қарсы миналарды мыңдап жөнелтіп отыр.
Десек те, АҚШ әкімшілігінің екі кеңесшісі "Рейтер" агенттігіне берген анонимді сұхбатында айтқандай, ұзақ қашықтыққа арналған шектеулерді жеңілдету Украинадағы соғыстың жалпы траекториясын Киевтің мүддесіне сай өзгертуі екіталай.
Бірақ, кейбір америкалық лауазымдылардың сөзінше, Байден европалықтардың қолдауымен бірге Украинаға көмектесе отырып, "Киевке Ресеймен біраз уақыт соғысуға құрал бердім" деген оймен биліктен кетпек.
Украина мен оның кейбір одақтастарының ойынша, Вашингтонның Украинаға жәрдемі Президент Владимир Путин күштерін жеңуге жетпесе де, күйремей тоқтата тұруға жеткілікті тәрізді.
НАТО-ның бұрынғы қолбасшыларының бірі Филип Бридлавтың сөзінше, "Байден әкімшілігі тіпті қазірдің өзінде Путиннің немесе Ресейдің жеңіліске ұшырау мүмкіндігінен сақтанып, мұндай сценарий үлкен тәртіпсіздіктерге себеп болады деп қауіптенеді". Сондай-ақ Бридлав Байденнің Украинаға әскери көмекті тым сақтанып беруін сынауға тұрарлық жағдай деп есептейді.
Сириялық көтерілісшілер жақында мемлекет астанасын басып алып, Ресейдің одақтасты Башар Асадты биліктен құлатты. Бұған дейін Ресей армиясы талай жыл Асадты қолдаса да, шығынға ұшырамау үшін осы жолы көтерілісшілердің жолына тосқауыл қоюға әрекеттенбеген.
Байден айтқандай, бұл жағдай АҚШ-тың Украинаға көмегі Ресей әскерін әлсіретіп жатқанын білдіреді.
Бұрын Путин жайлы жағымды пікір білдірген Трамп Зеленскийді АҚШ-тан ақша тартып жатқан "шоумен" деп атап, Ресей мен Украинаны соғысты дереу тоқтатуға шақырып отыр.
Зеленскиймен Парижде кездесер алдында жазылған интервьюінде Трампқа "Украина АҚШ-тан келетін көмектің азаюына дайындалуы керек пе?" деген сұрақ қойылды. Сонда сайланған президент "Иә, ықтимал, әрине", деп жауап берген.
Трамп жақтастары бұл сөзді келіссөздер қарсаңындағы манервға теңесе, қарсыластары Трампты Путиннің ықпалына түсті деп айыптап отыр.
Зеленский дүйсенбіде мәлімдегендей, Ресей әскерінің бүкіл әлемдегі форпостарынан әкетілуі "ұлы псевдоимперия армиясының түгелдей украин халқымен соғысқа жұмылдырылғанын" білдіреді.
Соғысты зерттеу институтының Ресей-Украина қақтығыстары бойынша сарапшысы Джордж Буррос сөзінше, 2022 жылдан бері Ресей Украинадағы шайқасқа тарту үшін Сириядан, Орталық Азиядан және басқа да жерлерден күштері мен өзге де әскери активтерін шығарған.
Путиннің әскерге мұқтаждығы оны Солтүстік Корея күштерін тартуға да итермеледі. Бұған жауап ретінде Байден Украинаға ұзақ қашықтыққа арналған америкалық ракеталармен Ресейге соққы беруге рұқсат еткені белгілі.
Украина жақтастарының айтуынша, Трамптың атысты дереу тоқтатуы туралы үндеуі Мәскеудің шартымен ғана жүзеге асып, Ресей лидеріне армиясын қалпына келтіргеннен кейін соғысты қайта жалғастыруға мүмкіндік беруі мүмкін.