Трамптың келуімен ресейлік миллиардерлердің байлығы артты

536

Bloomberg-тің жаңартылған рейтингі шықты.    

Трамптың келуімен ресейлік миллиардерлердің байлығы артты Фото: canva.com

АҚШ Президенті Дональд Трамп Украинаға қатысты келіссөздерді бастағаннан бері ресейлік миллиардерлер одан сайын байи түсті. Bloomberg Billionaires Index (BBI) рейтингінде осындай деректер жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, көршілес ел олигархтарының жалпы байлығы 15 млрд долларға артып, 305 млрд долларға жетті. Мұндай деректер Bloomberg Billionaires Index (BBI) жаңартылған рейтингінде жарияланды.

Байлыққа кенелгендердің тізімін металлургия, тау-кен өндірісі, телекоммуникация және технология салаларындағы кәсіпорындардың иесі, USM холдингінінің негізін салған Алишер Усманов бастап тұр. Оның байлығы 3,6 млрд долларға ұлғайып, осылайша 16,9 млрд долларға жетті. Ол төрткүл дүниедегі ең бай адамдардың рейтингінде 129-шы орынға тұрақтады.

"Еврохим" тең құрылтайшысы Андрей Мельниченконың жиған-тергені 22,7 млрд долларға дейін өсті (+2,5 млрд доллар). Ол рейтингте 88-ші орынға жайғасты. 

Ресейліктер арасында активтердің өсімі бойынша үшінші орынды Дағыстан сенаторы Сүлейман Керімов иеленді. Оның дәулеті жыл басынан бері 2,45 млрд долларға артқан. 

"Норникельдің" ірі акционері әрі ресейлік миллиардер Владимир Потанин байлығын 2,2 млрд долларға ұлғайтты.

Ресейлік миллиардерлердің арасында табысы азайғандар да бар болып шықты. Олардың қатарында Владимир Лисин (НЛМК төрағасы), Геннадий Тимченко ("Новатэк" және "Сибур" акционері), Михаил Фридман ("Альфа-Групп" тең құрылтайшысы), Леонид Михельсон ("Новатэк" басшысы) бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу