Трамптың көздегені басқа болып шықты

3691

Мәселенің түпкі мәні – майданнан көз ашпаған Украина жеріндегі сирек металдарда. 

Трамптың көздегені басқа болып шықты Фото: trump.news-pravda.com

Өткен айдың соңында Ақ үйде Украина Президенті Владимир Зеленский мен АҚШ Президенті Дональд Трамптың сөз таластырып, кикілжің болғанын жаһан жұртшылығы әлі ұмыта қойған жоқ. 

Трамп АҚШ-тың аталған елге бұған дейін 350 млрд доллар көмек бергенін, есесіне сирек металдарды алғысы келетінін жеткізсе, Зеленский соғыс тоқтаған жағдайда жауда қалған жерінің қайтарылғанын, елінің қауіпсіздігіне толыққанды кепілдік болғанын қалайды.

Ақыры тараптар дипломатиялық тұрғыда тәжірибесіз екенін аңғартқандай, эмоцияға ерік беріп, келісімге келе алмады. Бұл оқиғалар ендігі жер шары қай бағытқа ауытқитынынан хабар бергендей.

АҚШ қысым көрсетуді бастады

Ең алдымен байқалған дүние, екі басшының сөз таласынан кейін көп өтпей-ақ АҚШ Украинаға Ресейге қатысты барлау деректерін беруді тоқтатты әрі қару-жарақ жеткізуді бұғаттады. Бір сөзбен айтқанда, қысым екені анық.

Бір жағынан әлем елдері ауызбіршілігінен айырыла бастағандай. Еуропа елдері мен Ұлыбритания Зеленскийге қолдау білдірсе, қос держава АҚШ пен Ресейдің сөзі бір бола бастағанға ұқсайды. Тіпті, екі ел делегациясы кездесу өткізіп, бір-біріне жылы шырай танытып үлгерді.

Дегенмен Украина мен АҚШ-тың келісімге ұмтылу амалдары тоқтаған жоқ. Трамп пен Зеленский үстел басында қайта жүздесуі мүмкін. Әлеуметтік желілерде оның алғышартын өздері аңғартқандай болды. Тіпті, "Зеленский Трамптан кешірім сұрады" деген ақпараттар жариялануда. 

Сирек металдар дегеннен шығады, АҚШ Украина жерінде өндіріс құрғысы келетінін жеткізгені сол, Еуропа елдері де Украинамен арада сирек металдар бойынша келісім барын еске салды. Яғни, әлемдік саяси аренаның назары сирек металдарға ауды. Келешекте мұнай мен уран секілді бағалы заттарды сирек металдар ығыстыратындай әсер қалдыруда.

Қазақстанның жағдайы қандай?

Қазір әлемдегі сирек кездесетін металдар нарығында (MetalResearch дерегі) Қытай, Малайзия және АҚШ көшбасшы саналады. Енді өзімізге келсек, Қазақстанда да бағалы қазбалардың қоры жетерлік. 2024 жылғы жағдай бойынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің геология комитеті елде 6 түрлі металдың базасы көп екенін жариялаған, олар – вольфрам (2,4 млн тонна), молибден (1,1 млн тонна), литий (75,6 мың тонна), тантал (4,6 мың тонна), ниобий (28,1 мың тонна) және бериллий (68,8 мың тонна).

Бұл сандар республика аумағындағы сирек металдар қорының шегін білдірмейді. Әлі де зерттеліп жатқан, ашылып жатқан кен орындары өте көп. Мысалы, былтыр мамырда геология комитеті ең негізгі 15 қор Түркістан (8), Маңғыстау (5), Қостанай (2) облысында екенін жариялаған.

2024 жылдың қазанында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі сирек металл, соның ішінде вольфрам, молибден және литий қоры бар 100-ден астам кен орны анықталғанын хабарлады. Алдағы уақытта литий мен басқа да сирек металдарға сұраныс екі есе артады деп болжануда. Яғни, баға да өседі.

Баға дегеннен шығады, сирек кездесетін металдардың бәрін алтыннан қымбат деп ойлауға болмайды. Тым бағалылары санаулы, мәселен, ашық дереккөздерде Осмий-187 металының 1 грамы 10 мыңнан 200 мың долларға дейін, ал калифорний-282-нің 1 грамы 27 млн долларға саудаланатыны көрсетілген.

Өнеркәсіп министрлігі 2026 жылға дейін 2 млн шаршы шақырымнан астам аумаққа барлау жүргізбек. Әзірге Қазақстан әлемдік экономика үшін ең маңызды 34 металдың 19-ын өндіруде екен. 2024 жылдың желтоқсанында аталған ведомство тағы 12 учаскеде мемлекеттік геологиялық іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, соның ішінде Күйректікөл учаскесінің қорында 800 мың тоннадай сирек кездесетін металдар барын жария етті. Жалпы еліміздің минералдық-шикізат базасында 987 қатты пайдалы қазбалардың кен орны есепте тұр.

Сарапшылар өндіріске шетелдіктер келгенін қаламайды

Техника ғылымдарының докторы, академик Марат Бітімбаевтың айтуынша, "сирек металдар" термині тек ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап қолданылған.

– Шетелде сирек металдарды "аз таралған металдар" (Less Common Metals) деп те атайды. Себебі олардың дені сирек кездеседі әрі көбінесе жер қыртысында шашыраңқы, орта есеппен 16 шақырым тереңдікте орналасады. Сондықтан оны шикізаттан бөліп алу, таза күйінде алудың технологиялық қиындықтары бар, – дейді ғалым.

Тау-кен саласы маманының түсіндіруінше, сирек металдардың техникалық кластарға жіктелуі физикалық-химиялық қасиеттерінің жақындығына, өндіріс технологиясының ұқсастығына орай жасалады.

Ғалым елдегі сирек металдар қорына байланысты статистикана нақты көрсеткішке баламайды. Себебі кен орындарындағы үйінділерде металдар құрамы мен өзге пайдалы қазбалардан ілеспе жолмен алынатын сирек металдар көлемінің есебі толық түгенделмеген.

Геологтер литий мен өзге де сирек элементтердің едәуір қорлары орталық және Оңтүстік Қазақстанның байыту фабрикалары мен кен орындарының және Шығыс Қазақстанның сирек кездесетін металл кен орындарының үйінділері (отвал) мен "үйінді құмдарында" шоғырланғанын айтып отыр. Яғни, металды алу процесі тереңдеп жүргізілмеуде.

– Біріншіден, бағалы металдарды барлау үшін елімізде әлі де перспективасы жоғары аумақтар бар. Барлау принципіне орай, ол жерлерге жаппай шетелдік компанияларды тартудың қажеті жоқ, ондай жағдайда көп нәрсені жоғалтуымыз мүмкін. Екіншіден, шетелдік геологтер келетін кен орнынан жаңа кен көздері табылса, ол компаниялар меншік құқығын иеленетін болады. Ал біз болашақ дивиденттерден айырыламыз. Үшіншіден, Қазақстан геологтерінің қорында бағалы металды арзанырақ жолмен әрі тезірек алуға көмектесетін көптеген қызықты ақпарат бар. Мұны барлап, зерделеу шетелдіктердің көп уақытын алады және олардың жұмысы мемлекетке әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін, – дейді Марат Бітімбаев.

Ғалым айтып отырғандай, расында да Қазақстанда сирек металдар қорын барлауға шетелдік компаниялар аз тартылып отырған жоқ.

Мысалы, 2024 жылдың желтоқсанында ғана Өнеркәсіп министрлігі геологиялық барлауға ірі халықаралық компаниялар тартылғанын, шетелдік 10 компанияның инвестициясының жалпы көлемі 41 млрд теңгені құрағанын мәлімдеген.

Оның үстіне биыл Францияның ҚР-дағы елшісі Сильван Гиогенің айтуынша, француз компаниялары Қазақстанның геологиялық нарығына шықпақ.

Сондай-ақ HMS Bergbau AG неміс компаниясы қазақстандық Qazaq Lithium-мен бірлесіп ШҚО-да литий кен орындарын игеру бойынша бірлескен жобаны іске асыруда.

Бұған дейін Кореяның KIGAM геологиялық зерттеулер және минералдық ресурстар институты ШҚО-дағы "Бакенное" литий кен орнында барлау жұмыстарын жүргізген.

Геология және минералогия ғылымының кандидаты Ақылбек Жүнісовтың айтуынша, жер қыртысында кларкі 0,03 пайыздан төмен тағы 50 элемент бар, олардың қатарына біз білетін қорғасын, мырыш, мыс, қалайы да қосылған. Тек адамзат бұл металдармен ертеден таныс, ал сирек металдар деген атау алған литий сияқты элементтер өткен ғасырда ғана анықталған соң бағалы саналып отыр.

– Өнеркәсіп жаңа технологиялар шығаруды қажет етіп отыр. Компьютер, смартфон жасауға кейінгі табылған сирек металдар, аса берік қорытпалар қажет. Осы фактор сирек металдар кенін іздеуге, өндіруге, бағасын жоғарылатуға себеп болуда. Ал бұл металдар Қазақстан аумағында бұрыннан бар, мысалы, Шығыс Қазақстандағы "Юбилейное", "Бакенное", Орталықтағы Қараоба, Ақшатау, Батыстағы Ырғыз, Оңтүстіктегі Қарағайлы, Ақтас кен орындары сирек металдарды қажетті мөлшерде бере алады, – дейді ол.

Профессордың сөзінше, Қазақстан билігі бұл кендерді қайтадан барлай бастауда. Дегенмен геолог ретінде көңілі толмайтын тұстар барын жасырмады.

– Бұрын алтынға бай кен орнын барлау керек болса, арнаулы экспедиция шығатын. Қазір қалай? Литийге бай кен орнын барлау керек болса, бұл өндіріске қатысы жоқ кез келген компания келіп, жұмысын бастайды, тек қаржысы болса жетті. Негізі бұл геология ғылымының ісі. Қазір компаниялар геологтарды үшінші немесе төртінші орынға қойып, көмекші-жұмысшы ретінде пайдаланады. Яғни, нағыз ғылымның қолында қаржы жоқ, ақшасы барлар басқара береді, – деп қосты Ақылбек Жүнісов.

Әлемде сирек металдарға сұраныс артты, сұраныс болған жерде бағасы көтерілетіні түсінікті. Бірақ кен орнын барлауға инвестиция тартып, шетелдіктерді араластыра бермеген жөн екенін білдік.

Мемлекет өзі өндіріп, шикізат емес, дайын қорытпа ретінде саудалағаны абзал. Алайда "отандық мамандардың шамасы бұған жете ме?" деген жауапсыз сауал бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу