Дональд Трамптың көзі Украинаның триллиондаған долларлық табиғи байлығына түсті

925

Ол Украинаға берілетін әскери көмекті табиғи байлықпен айырбастау туралы ұсыныс айтқан.  

Дональд Трамптың көзі Украинаның триллиондаған долларлық табиғи байлығына түсті Фото: rbc

АҚШ Украинаның жыл соңына дейін сайлау өткізгенін қалайды.

Мұны Президент Дональд Трамптың Украина жөніндегі жоғары лауазымды өкілі Reuters агенттігіне мәлімдеді.

"Демократиялық елдердің көпшілігінде соғыс кезінде сайлау бола береді. Менің ойымша, Украинаның да сөйткені маңызды. Бұл демократия үшін жақсы. Берік демократияның қызығы осында жатыр. Сізде бір емес, бірнеше адам үміткер болуы мүмкін", – дейді арнайы елші Кит Келлогг.

Трамп пен Келлогг Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келісім жоспары бойынша жұмыс істеп жатқандарын жеткізді. Бірақ шайқасты доғару стратегиясы мен жоспарларын қашан жариялайтындары жайында мардымды ақпарат бермей отыр.

Трамптың жоспары әзірге жетілдіріліп жатыр және ешқандай саяси шешімдер қабылданған жоқ. Алайда Келлогг пен Ақ үйдің басқа да лауазымдылары соңғы күндері Украинаны Ресеймен алғашқы бітімге келтірудің бір бөлігі ретінде сайлау өткізуге итермелеу мәселесін талқылаған.

Мұны осы проблемамен таныс, бірақ есімдерін атаудан бас тартқан екі адам Reuters агенттігіне баяндап берді. 

Болжамдарға қарағанда, егер Украинада президенттік сайлау өтетін болса, жеңген кандидат Мәскеумен ұзақ мерзімдік бітім жасау туралы келіссөздерге жауапты болады. 

Дегенмен, Украина Үкіметі хабарлағандай, Трамп әкімшілігі Киевке жыл соңына дейін сайлау өткізу туралы ресми өтініш әлі жасамаған. 

Президент Владимир Зеленскийдің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Дмитрий Литвин АҚШ-тың Украинада сайлау өткізу туралы үндеуін "сәтсіз жоспарға" ұқсатты. 

"Біз Келлогг мырзаның толық сұхбатын көрген жоқпыз, тек оның сайлау туралы бірнеше цитатасын оқыдық, сондықтан Келлоггтың ұстанымына баға беру қиын. Бірақ оның жоспары тек атысты тоқтату және сайлау өткізу болса, бұл сәтсіз жоспар – Путинді мұнымен ғана қорқыта алмайсыз",  дейді ол.

Украина осыған дейін бірнеше рет айтқандай, Ресейдің келешекте тағы да шабуыл жасауына жол бермейтін қауіпсіздік кепілдігі ұсынылмаса, Киев атысты тоқтатуға келісе қоймайды. 

Трамп дүйсенбі күні мәлімдеме жасап, Украинаға әскери және экономикалық көмек беруді жалғастыра отырып, оның сирек жер металлдарына қол жеткізгісі келетінін атап өтті. 

Financial Times газетінің хабарлауынша, бұл ұсыныс Украинаның АҚШ-қа жоғары технологиялық салаларда қолданылатын маңызды минералдарды беру арқылы Трамп әкімшілігімен байланысты тереңдету стратегиясына сәйкес келетін тәрізді.

Зеленскийге жақын адамдардың бірі айтқандай, Украина Трампқа негізгі ресурстар бойынша ынтымақтастықтың "ерекше шарттарын" ұсына отырып, сол ресурстарды Ресей мен Ираннан қорғау қажеттігін де ескерте кеткен. 

Украинада титанның, темір рудасының және көмірдің, сондай-ақ жалпы құны ондаған триллион долларға бағаланған 500 000 тонна игерілмеген литийдің орасан зор қоры бар.

Бұл байлықтың бір бөлігі Ресейдің қолына өтіп кетуі мүмкін не қазірдің өзінде Ресей оккупациялаған жерлерде қалып қойса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу