Трансфердегі талас

2053

Қазақстан премьер-лига клубтары қандай ойыншыларды сатып алды?

Трансфердегі талас

"Қайрат" шабуылшы Абат Айымбетовпен келісім-шарт жасасты. "Ақтөбе" командасының шабуылшысы жанкүйерлерден кешірім сұрап, алматылық клубқа келгенін өзі де жазды. Көптеген ақтөбелік фанаттар бұл ауыс-түйіске Луиш Фигудың "Барселонадан" "Реалға" ауысқанымен салыстырып жатыр.  

Алматылық команданың қатарын тағы бір ерекше ойыншы келіп толықтырды. "Қырғызстандық Месси" атанып кеткен Гүлжігіт Алықұлов белоруссияның "Неман" командасында ойнаған. 19 жастағы талантты ойыншыға ресейдің "Зениті" мен чехияның "Младо Болеслав" командалары таласыпты.

"Ордабасы" жолдастық кездесулер өткізе бастады. Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында олар Косовоның "Приштина" клубымен кездесіп, тең ойнады. Тобыл" қақпашысы Еміл Балаевтың да трансферлік мәселесіне нүкте қойылды. Әзербайжандық қақпашы мен клуб арасында келісім орнап, қақпашы өз еркімен клубтан кететін болды. Балаев, 36 ойын өткізіп, "Тобылдың" сенімді қақпашысына айналып еді.

Сербиялық қорғаушы Стефан Живкович кезінде "Атырау" мен "Ертіс" сапында ойнаған еді. Енді ол келер маусымнан бастап "Жетісудың" жейдесін киеді. Стефан грекияның АЕЛ командасынан ауысты. Живковичке қорғаныста серік болсын деп Армениядан Айк Ишханян деген қорғаушы да шақыртылды. Ишханян осы трансферде Қазақстанға ауысқан 4 армениялық футболшы.

Көкшетаудың "Оқжетпесі" өткен жылы көрсеткен нәтижесін жақсартқысы келеді. Сол мақсатты олар мәскеудің "Локомотив" клубының түлегі Данил Чертовты сатып алды. Ол командамен 1 жылға келісімге келді. "Тараз" командасында ойнаған бразилиялық Жиан Мартинс жамбылдық клубқа бір ауыз ескертпей "Оқжетпеске" ауысты.

Павлодардың "Ертісі" капитан Руслан Есімовпен келісімге келе алмаған еді. Бірақ, екі апта өткен соң клуб пен ойыншы бітімге келіп, келісім-шарт жазылды. Сонымен қатар, павлодарлық клуб ресейлік шабуылшы Максим Житневті де қатарына қосып алды.

"Тараз" бірден үш футболшы алғанын мәлімдеді. Грозныйдың "Ахмат" командасында ойнаған Аюб Бацуев келе салысымен гол да салды. Сонымен қатар, белоруссиялық қорғаушы Валерий Каршакевич "Мордовиядан" әулиеталық клубқа келді. Ал үшінші жаңа футболшы Деян Больевич деген Черногория елінен келген қорғаушы. Ортада ойнайтын қорғаушы аса қатты шебер болмаса да, Владимир Никитенкоға ойын мәнерімен ұнаған секілді.

Премьер-лигаға оралған "Қызылжар" екі ойыншы тіркеді. Жартылай қорғаушы Михаил Платик пен қорғаушы Терентий Луцевич енді "Қызылжар" намысын қорғайды. Команданың басты мақсаты премьер-лигадағы орынды сақтап қалу. Ол үшін Молдова елінен Вячеслав Руснак бас бапкер қызметіне шақыртылды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу