Ауыл кітапханалары жаңғырады

5533

Мәдениет және ақпарат министрлігі ауыл кітапханаларының бәрін "мәдени, ағартушылық және демалысты өткізу орталықтары" ретінде қайта құру туралы шешім қабылдады.

Ауыл кітапханалары жаңғырады

Осылайша, тәуелсіздік алғалы бері тұңғыш рет кітапханалардың трансформациясы басталып отыр.

"Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған "Туған жер" арнаулы жобасы аясында мәдениет және спорт министрлігі ауыл кітапханаларын "мәдени, ағартушылық және демалысты өткізу орталықтары" ретінде жаңғырту туралы ережелерді қабылдады. Бұл ережелерді іске асыру үшін арнаулы жол картасы әзірленді. Оған сәйкес, биылғы 2018 жылдан бастап, әрбір өңірде кем дегенде 2-3 кітапхананы трансформациялау және жаңғырту жоспарлануда. Бұлардың саны алдағы жылдарда арттырылып отырады", – деп хабарлайды үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев.

Вице-премьер енді бұл салаға мықтап көңіл бөлінетініне сендіреді. Соның нәтижесінде, ескірген кітаптардың қоймасына, өткеннің сарқыншағына айналып бара жатқан ауыл кітапханалары заманауи технологиямен жабдықталған "мәдениет және білім ошағына", жергілікті халық молынан жиналар бұқаралық орынға айналуы қажет.

Кітапханалар трансформациясы ауыл жақта бұрын көп естілмеген жаңа ұғымдар мен терминдерді елге етене ететінге ұқсайды.

"Аталған арнаулы жоба аясында сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар ағымдағы және келесі жылдары кітапханалар қызметін жақсартуға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асырады. Олардың қатарында "буккросинг" (кітапты сатып алуға мүмкіндігі жоқ, бірақ туындыны баспа күйінде оқуды қалайтын оқырмандардың кітап алмасуы), "букдейтинг" (есімі елге мәшһүр тұлғалардың, белгілі ақын-жазушылардың оқырмандармен кездесулері), "кітап түндері" (библионочи) өткізіледі. Дәстүрлі түрде "Кітап сыйла", "Тегін кітаптар" акциялары, ашық аспан астындағы жазғы оқу залдары, әдеби биеннале, вернисаждар, кітап фестивальдары, өлең-жыр оқу жарыстары мен марафондары және басқа да шаралар ұйымдастырылады", – дейді Ерболат Досаев.

Қазіргі уақытта осыған жауапты орган ретінде мәдениет және спорт министрлігі 2019-2021 жылдарға арналған "Қазақстанның кітапханалық жүйесінің қызметін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарының" жобасын әзірледі. Саланы ары қарай жаңғырту үшін сол жоспарда "кітап қорларын цифрландыру және толықтыру", "халықтың оқуға деген ынта-қызығушылығын арттыру", "интернетке қолжетімділікті кеңейту", "ауыл мен қалаларда оқу мәдениетін дамыту" шаралары қарастырылып отыр. Құжат бұлар сыртында қазақстандық әдебиеттің бұрынғы және қазіргі ең үздік үлгілерін шетелде насихаттауды да көздейді.

Айтқандай, елімізде "кітаптарды тегін жарнамалау" енгілетін көрінеді.

Ел үкіметі тұтастай алғанда, Қазақстанда кітапхана саласын дамытудың оң үрдісі басталғанын мәлімдейді және осы бағытта жұмыс жалғастырыларына сендіреді.

Елбасы жауапты органдарға "интеллектуалдық ақпаратқа қол жеткізудің инновациялық формаларын" ендіруді жүктеген болатын. Бұл ретте кітапханалар жүйесінде оқырмандарға жедел әрі ыңғайлы қызмет көрсету үшін цифрлы технологиялар мен жаңа әдістемелер өмірге жолдама алуда екен.

Атап айтсақ, ел тарихында алғаш рет "Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасы" құрылды. Қазіргі кезде онда кітаптар мен құжаттардың 38 мыңнан астам электронды көшірмесі сақтаулы тұр. Соның арқасында енді тек отандық оқырман ғана емес, бүкіл әлемдегі адамдар да қазақ әдебиетінен сусындай алады. Жыл сайын бұл электронды кітапхана 7 мың құжатпен толығып отыратын болады.

Осылайша, салаға заманауи технологиялардың дендей енуі ұлттар арасындағы мәдени коммуникациялардың жаңа түрлерін дамытуға, қазақтың мәдени кеңістігін кеңейтуге жол ашады. Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі бұл үрдіске тың серпін беруге тиіс. Себебі, дөңгеленген дүниенің шартарабында қазақша білетін не үйреніп жүрген адамдарға бұдан былай қазақша әдебиетті оқу үшін алдымен кириллицада оқуға машықтану қажет болмай қалады.

Қазақстанның мәдени саясаты тұжырымдамасына сәйкес, алда Е-сulture.kz жаңа виртуалды порталы құру жоспарлануда. Бұрын ол өнер салаларын, музейлерді, музей-қорықтарды, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қамтиды деп қарастырылған болатын. Алайда енді кітапханалардың іс жүзінде жаңа мәртебе алуына байланысты ұлттық электронды кітапхананы да аталған порталмен интеграциялау ұйғарылды. Соның арқасында бірыңғай электронды каталог арқылы бүкіл еліміздегі кітапханалардың қорларында сақтаулы сирек кітаптар мен құжаттарға, қолжазбалар мен манускриптерге қол жеткізу мүмкіндігі пайда болады.

Әрине, жалақы жөндем болмаса, жаңғыруға кітапханашылар құлықты бола қоймасы түсінікті. Осы орайда үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде азаматтық қызметшілердің еңбек ақысын төлеу жүйесінің жаңа моделі енгізілгенін еске салады.

"Оған сәйкес, біліктілігіне, жұмыс өтіліне, орындайтын жұмысының күрделілігі мен көлеміне, сондай-ақ еңбек жағдайларына қарай азаматтық қызметшілердің жалақысы орташа алғанда 30%-ға, соның ішінде мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 40%-ға көтерілді. Бұл ретте бюджеттік қызметкерлердің, ондағы мәдениет және спорт саласы еңбеккерлерінің жалақысын арттыру мемлекеттік бюджет мүмкіндіктеріне қарай жүргізіледі. Сонымен бірге, үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысы бойынша мемлекеттік мекемелердің және қазынашылық кәсіпорындардың басшылары ұйым жұмыскерлерінің лауазымдық еңбекақыларына ынталандырушы үстемеақылар тағайындауға, сыйақылар беруге және материалдық көмек көрсетуге құқылы", – деп еске салады вие-премьер. Бұл әрине, кітапхана басшыларының "құлағына алтын сырға".

Сондай-ақ ауыл кітапханалары кілең ескі-құсқы, қызықсыз, немесе кеңес заманында адамдар әлденеше қайталай оқыған туындыларға ғана толып тұрса, оған көп адам бас сұқпасы сөзсіз. Сол себепті мемлекет қазақстандықтардың мәдени болмысын, отаншылдығын, құндылықтық ұстындарын және жастар үшін қажетті бағдарларды қалыптастыратын әдебиетті басуды өз қамқорлығына алады. Бұрын ондай кітаптар үшін мемлекет тарапынан әрі кетсе, 300-400 мың теңге қаламақы берілетін. Биылдан бастап қаламақысы көтерілген деседі.

Осыған байланысты, 2018-2020 жылдарға арналған үшжылдық республикалық бюджетте мәдениет және спорт министрлігіне аталған кітаптарды сатып алуға, басуға және кітапханаларға ақысыз таратуға 4 миллиард 855,3 мың теңге қаражат берілді. Шығыстардың осылай ұлғаюы нәтижесінде министрлік шығаратын кітаптардың таралымы да бұрынғы 2 мың данадан 5 мыңға дейін ұлғайды.

Мұның сыртында, әлеуметтік маңызды кітаптарды сатып алу, басу және тарату ісін қолдау үшін 2017 жылғы бюджетті қайта нақтылау кезінде 2,4 миллиард теңге қосымша бөлінген. 2018-2020 жылдары бұл қосымша қаражаттар көлемі 1,3 миллиард теңгені құрайтын болады.

Жалпы, 2017 жыл қорытындысында әртүрлі бағыттар мен жанрлар бойынша 956 мың таралыммен 191 аталымдағы кітап мемлекет есебінен басып шығарылған және елдегі барлық кітапханаларға тегін таратылған. Бұл жерде осы кітаптардың 95%-ы мемлекеттік тілде жарық көргені мәлім болды.

Биылғы жылы мемлекет қазақстандық авторлар шығармаларының 52 аталымын сатып алып, басып шығаруды жоспарлауда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу