Дегенмен кезінде шалқыған Аралдың тағдырын қайталап жатқан ірілі-ұсақты өзен немесе көлдер аз емес. Тіпті, алып Каспийдің өзінде су деңгейі тартылуда. Оның зардабы экологиялық ғана емес, экономика мен логистикаға да тимек.
Алдымен Қазақстанның Парламент Сенатында сөз болған бұл мәселені көп ұзамай Орталық Азиядағы бұқаралық ақпарат құралдары жаза бастады. Басты алаңдаушылық – Каспий теңізінің тартылуы аймақта енді дами бастаған экономика мен логистикаға кедергі етуі мүмкін.
Мәселен, 2023 жылдың маусымынан бастап 2024 жылдың желтоқсанына дейінгі 1,5 жыл аралықта Каспий теңізінің деңгейі 50 сантиметрге төмендеген. Өз кезегінде теңіз маңында орналасқан мемлекеттер экономикасына зиян тимей ме деп толғана бастапты.
Су деңгейінің төмендеуі стратегиялық Транскаспий бағытының бір бөлігі болып саналатын Ақтау портындағы жүк тасымалы рентабельділігінің төмендеуіне алып келуі ғажап емес. Бұл бағыт Қазақстан, Қытай, Түркия және Еуропаны байланыстырып, халықаралық саудада негізгі рөл атқарып тұр.
Көптен бері білеміз, теңіздің түбін тереңдетеміз деген бастама Үкімет те талай айтылуда. Бұл жұмыстар қазірден бастап жалғаса бергені жөн. Су деңгейінің төмендеуі жағдайында Ақтау портының жұмысын тұрақтандыру үшін 2022-2027 жылдарға арналған Жол картасы да әзірленген екен. Жалпы құны 42 млрд теңге болатын жоба 3 кезеңнен тұрады. 20 млрд теңгеге бағаланған бірінші кезеңді 2025 жылы бастау жоспарланған. Қазір Қазақстан аталған жұмысты бастау үшін қаржы көздерін іздеп әлек болуда.
Осы тұста біз ECOJER қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық кеңесінің төрағасы, эколог Әділбек Қозыбақовқа хабарласып, теңіздің тартылуы бойынша мән-жайларды сұраған едік. Сөйтсек, проблемаға Ресей тарапының да қатысы бар көрінеді.
– Жасырары жоқ, кейінгі кезде жыл сайын Каспий теңізінің тартылып жатқанын байқап отырмыз. Себебі ретінде табиғи циклды атар едім, яғни, су деңгейі бірде тартылып, бірде қайта көбейіп тұрады. Бірақ кейінгі жылдары табиғи фактормен қоса антропогенді фактор да әсерін тигізуде. Ресей тарапынан Еділ өзені жағалауында орналасқан шаруашылық субъектілері өзен суын бұрынғыдан көп мөлшерде пайдалануда деген мәлімет бар. Осы мәселелені шешу үшін екі ел үкіметаралық келісімдерге келуі керек. Өз басым Каспийде Аралдың жағдайы қайталанбайды деп үміттенемін, – дейді сарапшы.
Жалпы, Каспий теңiзiндегi су деңгейi 1996 жылдан бастап үздіксіз төмендеп келедi. Ғалымдардың болжамдарына сәйкес, 2100 жылға қарай төмендеу 9-дан 18 метрге дейiн жетуi мүмкiн. Су тартылған сайын жаға да қысқара береді, бұл қарқынмен алдағы 75 жылда теңіздің терең тұстары ғана қалуы мүмкін екенін аңғартады.
Экожүйелер мен биологиялық әсерлерімен қатар, бұл процесс Орталық Азияға ықпал ететін логистикалық бағыттардың тиімділігін төмендетуі мүмкін. Салдарынан экономикаға да зияны тиеді. Қазір Қазақстан су ресурстарының, одан әрі туындайтын проблемалардың алдын алу үшін су инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жобаларды белсенді дамытуда. Десек те, жаңашылдықпен емес, байырғы әдістермен.
Мысалы, 2030 жылға дейінгі стратегия шеңберінде атқарылуға тиіс жұмыстар тізіміне көз жүгіртсек, 44 жаңа су қоймасын салу; 76 гидротехникалық құрылысты қайта жаңарту; 5300 километрден астам ирригациялық жүйелерді жаңғырту; 3 230 жаңа ұңғыма бұрғылау көзделген. Кей сарапшылар су қоймаларын көбейте беру табиғи процестерді бұзатынын айтып жүргенімен, Қазақстан қоймаларды көбейту ниетінен айныған емес. Үкіметтің көзқарасы бойынша, аталған шаралар су қорын ұлғайтуға, су тасқынынан қорғауға және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек екен.
Каспий теңiзi алдағы уақытта да халықаралық сауданың маңызды элементi болып қала беретіні анық. 2024 жылы Қырғызстан Ресеймен байланысты нығайту үшін Каспий теңізі арқылы жаңа бағыт құру туралы жоспарын жариялады.
Бұл бағыт сауданы дамытуға және экономикалық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек. Дегенмен тіршілігі енді жанданып, батыс пен шығысты Орталық Азия арқылы жалғаған үлкен даңғыл-теңіздің тартыла бастауы ойлантарлық жайт.