Транскаспий халықаралық көлік бағытының көліктік-логистикалық әлеуеті қандай?

1544

Отандық және қытайлық жүк тасымалдаушылар үшін қандай артықшылықтар пайда болады? Dostyk Trans Terminal бұл бағыт бойынша тасымалдау көлемін арттыруға қалай ықпал ете алады?  

Транскаспий халықаралық көлік бағытының  көліктік-логистикалық әлеуеті қандай?

"PTC Cargo" ЖШС коммерциялық директоры Бақытжан Аташевқа осы мәселеге байланысты бірқатар сұрақ қойған болатынбыз.

- Бақытжан Әділханұлы, бірінші сұрақ Транскаспий халықаралық көлік бағытына қатысты. Биыл ол туралы бірнеше рет айтылды. Оған геосаяси жағдайдың шиеленісуі де әсер етіп отыр. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қазақстанның транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерін неғұрлым толық іске асыруға ықпал ететін негізгі байланыстырушы буын болатынын" мәлімдеген болатын. Сіздің ойыңызша бұл бағыттың маңыздылығы қандай және оны қазіргі жағдайда қалай қолдану қажет?

Қытайлық серіктестеріміз тарапынан өз жүктерін Еуропаға экспорттау үшін ғана емес, сонымен қатар еуропалық өндірушілер үшін де үлкен қажеттілік туындап отыр. Еліміздің транзиттік әлеуетінен бөлек, тауарларымыздың экспорты үшін де қажеттілік бар. Қазіргі уақытта дәнді дақылдардан басқа шикізат түрлері де баламалы логистикалық тізбектерді қажет етіп отыр. Транзиттік және экспорттық бағытта белгілі бір қиындықтар кездеседі. Атап айтқанда, біріншіден бұл Транскаспий арқылы өтетін бағыттың  қымбатшылығы. Былайша айтқанда, белгілі бір инфрақұрылымдық қиындықтар. Тауарды жеткізу мерзімі ұлғайып, сәйкесінше құны да артып отыр. Біз бұл бағытта Еуропа, Түркия, Қытайдан келген серіктестерімізбен белсенді жұмыс істеудеміз.

Қымбатшылық неден туындап отыр? Себебі Қытай тауарының Еуропаға, Түркияға экспорты бір бағытта жүреді. Мұндай кезде сол вагондарды жөнелту станциясына қайтару қажеттілігі туындайды. Бұл тауардың соңғы құнына әсер етеді. Біз бүгінде Еуропадан Қытайға және Түркиядан Қытайға жүк ағынының қосымша көлемін тарту бойынша белсенді жұмыс істеп отырмыз. Биыл қытайлық, еуропалық серіктестерімізбен бірге Ухань провинциясынан Констанца портына дейінгі пойыз тестілік режимде жіберілді. Жалпы тасымалдау сәтті өтті деуге болады. Тек тауарды жеткізу мерзімінде айырмашылық байқалды. Егер біз бастапқыда тауарды жеткізу мерзімін 25 күн деп жоспарласақ, пойыз орта есеппен алғанда 50 күнде жетті. Бұл бағытта өте белсенді жұмыс жүргізудеміз. Бұдан бөлек дәнді дақылдарды экспорттаушыларда туындаған мәселені көріп отырмыз, экспортта қиындықтар кездеседі. Өйткені жөнелту станцияларының басым бөлігінде контейнерлермен жұмыс істеу мүмкіндігі жоқ. Клиент алдымен тауарларын контейнерлермен жұмыс істеу мүмкіндігі ашылған станцияларға жіберуі керек. Онда бірнеше сатыдан өтуі тиіс – тауарды бигбэгке ауыстырып тиеу, содан кейін биг бэгтен контейнерлерге тиеу. Бұл баға белгілеуге әсер етеді. Осыған байланысты PTC Cargo компаниясы 1000-нан астам арнайы контейнерлерді жұмылдыру бойынша бастама көтерген болатын. Бұл контейнерлер желтоқсан айының соңында Қазақстанға келеді деп жоспарлап отырмыз. Біз дәнді дақылдардың экспорты бойынша логистикалық компонентті оңтайландыру үшін экспорттаушылармен диалог жүргізуге ашықпыз.

 

- Аталған контейнерлердің қандай артықшылығы бар?

Мысалы, бір контейнер 32 тонна жүк көтере алады. Одан бөлек герметикалық контейнердің алынатын қақпағы және тауарды түсіруге арналған арнайы люктері бар. Яғни қосымша жұмыс күшін тартуды қажет етпейді.  Менің ойымша, бұл еліміздің экспорттаушыларына Транскаспий бағытындағы орта дәліз бойынша дәнді дақылдарын Түркия және өзге елдерге кедергісіз тасымалдауға мүмкіндік береді.

Барлық мәселе шешімін тапты ма? Мәселен, пандемияға байланысты Қытай тарапынан тауарды жеткізуде қиындықтар болды.  Қазір осындай кедергілер бар ма?

Әрине, белгілі бір қиындықтар кездеседі. Бірақ бұл бағытта бәрі жұмыс істеп отыр. Теміржол әкімшіліктері арасында келіссөздер жүргізіліп отырады, яғни бұл қиындықтар шешілуде. Пандемия кезінде болған қиындықтар бүгінде өзектілігін жойған. Қазір инфрақұрылымның басқа да бірқатар қиындықтары туындап отыр. Транскаспий бағытын алатын болсақ, онда Грузия, Әзірбайжан бағытында қиындықтар бар. Менің ойымша, бұл мәселеде теміржол әкімшіліктерімен, бизнеспен және жеке сектормен жұмыс істеу керек. Сондықтан біз PTC Cargo ретінде осы қиындықтарды шешуге белсенді атсалысуға дайынбыз.

- Санкциялық текетірес жалғасып жатқаны белгілі. Бүгінде көптеген батыс компаниялары басқа компаниялармен ынтымақтастық орнатып жатыр. Соның ішінде еліміз арқылы жүктерді тасымалдауды жүзеге асыруға сұраныс артуда. Осыған байланысты шетелдік серіктестерден қандай да бір ұсыныстар келіп түсті ме?

Иә, бүгінгі таңда үлкен сұраныс бар. Қытай ғана емес, Европа да қызығушылық білдіріп отыр. Осыған дейін айтып кеткенімдей, Ухань провинциясынан Констанца портына, одан әрі Еуропаға дейін пойыз жөнелтілген болатын. Бұрын бұл жүк ағыны Украина арқылы өтті. Бірақ геосаяси жағдайға байланысты аталған бағыт жабылды. 2021 жылы және 2022 жылдың басында бұл балама бағыт бойынша және кері бағытта 50-ге жуық контейнерлік пойыз өткен еді. Бүгінде қытайлық серіктестеріміз балама бағытты іздеуде.

Инфрақұрылымдық қиындықтардың бар екені белгілі. Бірақ бұл бағытта келіссөздер, жұмыстар белсенді жүргізіліп келеді. Қыркүйек айында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин "Қазақстан – Еуропа мен Қытай арасындағы байланыстырушы логистикалық буын" екенін атап өтті. Бүгінгі таңда сұраныс бар. Бізге қызмет көрсету бағытын қолға алу керек. Геосаяси жағдай балама бағыттарды іздеуде белгілі бір серпін берді деуге келеді.

- Енді Достық станциясына тоқталсақ. Оны Транскаспий халықаралық көлік бағытына қосқан жөн бе? Станцияның қуаты, жалпы әлеуеті қандай? Ол бұл бағытта жаңа байланыс арнасы бола ала ма?

PTC Cargo компаниясының атынан Транскаспий халықаралық көлік бағыты қауымдастығына хат жолдадық. Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды талқылауға дайынбыз. Бүгінгі таңда Достық станциясын қосу қажеттілігін көріп отырмыз. Неліктен? Бүгінгі таңда бізде 2 негізгі шекара өткелі – Алтынкөл және Достық бар. Алтынкөл арқылы еуропалық бағытқа, Орталық Азия бағытына, Транскаспий халықаралық көлік бағытына өтуге болады. Мұнда жоспарларды келісуде бірқатар қиындық кездеседі. Алтынкөл станциясында мәселе туындаған кезде, мысалы терминалдар контейнерлерге толатын болса, Қытай тарапынан жоспарлар келісілмей жатады. Кез-келген провинция жоспарлар ұсына алады, бірақ оларға келісім берілмейді. Себебі Алтынкөл станциясының шамасы жетпей жатады. Достық станциясы Орталық Азия, Еуропалық бағытта жұмыс істейді, бірақ ол Транскаспий халықаралық көлік бағытында жоқ. Бүгінгі таңда Достық станциясында толыққанды Dostyk TransTerminal жұмыс істеп отыр. Терминалдың бірінші кезегі жүз пайыз қуатпен жұмыс істейді. Жақын арада екінші кезек те жүз пайыз қуатпен істейтін болады. Бірінші қыркүйекке қол қойылды, қазірдің өзінде штат жасақталған. Dostyk TransTerminal қуаты шамамен 9 контейнерлік пойызды құрайды. Біз Dostyk TransTerminal, яғни Достық станциясы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жұмыс істеуге дайын деп санаймыз.

- Қытай тарапы үшін бұл қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?

Осыған дейін айтып кеткенімдей, Алтынкөл станциясы тауар көлемінің ағынына төтеп бере алмаған кезде қытай тарапы жүк ағынының жоспарларын келісуді шектеп отырады. Егер де Алтынкөлге баламалы бағыт болса, онда бұл жоспарлар Достық арқылы келісілетін болады. Бізге ең бастысы Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру маңызды. Сондықтан да  Достықты Транскаспий бағыты арқылы қосудың қажеттілігін көріп отырмыз.

- Сіздің ойыңызша, бұл қашан жүзеге асады? Бұл келіссөздер сәтті өтуі мүмкін деп айта аламыз ба?

Презентацияның өзінде бұл бағыт бар. Бірақ әзірге Достық станциясы және баға белгілеу туралы түсінік жоқ. Біз 2022 жылдың соңына қарай Достық станциясын қосады деп жоспарлап отырмыз. Өз кезегінде осы бағытты белсенді дамытуды бастайтын боламыз. Біз мұнда қандай да бір қиындықтар мен кедергілерді көріп тұрған жоқпыз.

- Бұл бастамадан бөлек PTC Cargo компаниясының алдағы жылға және биылға қойылған негізгі мақсаттары қандай? Осы жылды сәтті аяқтаймыз деп айта аласыз ба?

Иә, әрине. Осы жылы PTC Cargo компаниясы Dostyk Trans Terminal-мен бірлескен мақсаттарға қол жеткізді деп есептейміз. Қытайдағы мегаполистер бойынша ауқымды филиалдық желісі бар Шанхайдағы кеңсемізді ашу бойынша белсенді жұмыс атқарып отырмыз. Бізде логистикалық жеткізу тізбегін А нүктесінен Б нүктесіне дейін дамыту жоспары бар. Бүгінде ол үшін барлық алғышарт пен сұраныс бар. Тек осы бағытта белсенді жұмыс істеу керек.

- Сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!

 

 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу