Трилогия. Үшінші бөлім қаһармен аяқтала ма?

1832

Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" трилогиясындағыдай бұл мәселенің де түйіні шешілмек. Алдымен екі бөлім тартысты өтті. Соңғысы қалай аяқталмақ?

Трилогия. Үшінші бөлім қаһармен аяқтала ма?

Геннадий Головкин Жапония жерінде Муратта есімді боксшыны жеңгеннен кейін тағы бір кездесуге шыға алатынын байқатты. Ал Сауль Альварес болса Дмитрий Биволға жеңіліп қалып, амалсыз тағы бір кездесуге шығатын болды. Міне, бар қызық осында. Екеуінің де шаршы алаңға шығатын кезі келді. Әйтпесе бұл трилогия 2023 жылға қалып кеткелі тұрған. Сауль Альварес әртүрлі сылтаулар айтып, уақытты соза беретін еді. Себебі, барлығы да жақсы түсінеді – уақыт өткен сайын Головкин бабынан айырылып жатыр. Өйткені қазақстандық боксшы жас мөлшері бойынша мексикалықтан анағұрлым үлкендеу.

Америкалық баспасөзге сұхбат берген Головкин, "Канеллоның" терісіне сыймай жүргенін тілге тиек етіпті.

"Мен оған ештеңе де істеген жоқпын. Бокстаспағанымызға да біраз болды. Бірақ ол менің сыртымнан нешетүрлі әңгімелер айтады. Мені оп-оңай жеңетіндей сөйлейді. Шамасы, Дмитрий Биволға жеңіліп қалғаннан кейін осылай ашулы жүрген сыңайлы. Бірақ мен оның жасап жүрген қылықтарына жауап бере алмаймын. Бастысы рингте шешіледі ғой", – деді GGG.

Екі боксшы осыған дейін екі рет кездесті. Бетпе-бет жүздесу кезінде де, баспасөз мәслихпатында да, сыпайы көрініп, "кімнің бағы жанады сол жеңеді", "мен оңайлықпен берілмеймін, қарсыласты сыйлаймын" деген сыңайда сөйлейтін. Ал осы жақында өткен іс-шарада Сауль қатулы шығып, агрессия көрсетті. Көз атыс кезінде де шұқшия қарап, Головкинді көзбен жеп қоя жаздады. Сосын, сөз сөйлеуге келгенде өткір айтып, еш ұялмады. Бұл енді көптеген кездесулерде болып тұратын мәнер ғой. Алайда Сауль Альварес Геннадий Головкинге келгенде бұлай істемейтін. Шамасы, "Канелло" осы жолы отандасымызды нокаутқа жіберіп, мәселені мәңгі бақиға шешіп тастамақшы.

Біршама тәжірибиесі бар Головкин оңайлықпен беріле қоймас. Тактиканы дұрыс таңдап, мексикалықтың осал тұсын аңдиды. Не десе де, Головкин сабырмен жеңуге тырысады. Асығып, төпеп соққылар жасамай, біртіндеп соққыларын батыра береді. Екеуінің бокстасу мәнері екі түрлі. Саульдің сол қолының жойқын соққысы тиіп кетпесе, Головкин оншақты раундқа барып қалатыны анық. Ал одан кейін мүмкіндіктер 50/50 болады емес пе? Жас боксшыны шаршаты Генаның негізгі мақсаты болары айқын. Күллі Қазақстан жанкүйерлік ететін осы бойда жеңіс көргіміз келеді. Мамандар пікірі де, букмекерлік кеңселер де бір ауыздан Саульді фаворит санап отыр.

Жалпы осы кездесуді жеңсе де, жеңілсе де Головкин спорттық ғұмырын аяқтауы тиіс. Біршама шоу ұйымдастырылды, көптеген жеңістерді тойлады, миллиондаған қаржы сыйақы алды, белбеулер де бұйырды. Бірақ әр нәрсенің өз аяғы бар. Жанкүйерлер де, спортшылар да бұл трилогияны соңғы кездесу екенін анық ұғады. Бұдан кейін қос боксшы тағы да шығамыз десе өз абыройларын құртып алары анық.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу