Еурокубок ойындары деген кезде көз алдымызға "Астана" клубы келеді. Себебі Чемпиондар мен Еуропа лигаларының топтық кезеңіне тұрақты түрде еніп жүрген командамыз биыл Конференция лигасына қатысады. Елордалықтардың алғашқы қарсыласы Польшаның "Ракув" деген командасы. Осы жақында ғана Польша Суперкубогын жеңген бұл команда осы теке тірестің фавориті саналып тұрған жайы бар. Алайда, "Астана" бірінші ойынды сырт алаңда өткізіп, өз алаңындағы ойында қарсыластан басым түсуі мүмкін. Жасанды алаңда еуропаның көптеген командалары дұрыс ойнай алмайды. Бұл фактор матч тағдырына қатты әсер етуі мүмкін. Қазақстандық жанкүйерлер Срджан Благоевичтің командасы келесі кезеңге өтеді деп нық сенімді отыр.
Конференция лигасына қатысатын тағы бір командамыз – "Қайрат". Алматылық команда қазір қайтадан түзеліп келеді. Бапкер ауыстырғалы бері "Қайрат" Қазақстан кубогының екі ойынын жеңді. Біріншілікте де ұпайдан шашау шығарып жатқан жоқ. Жарақат алған легионерлері қайта қалыпқа келіп үлгерді. Алайда, команданың негізгі 2 ойыншысы клуб қатарынан кетіп қалды. Оның бірі Яцек Гуральский, екіншісі Рикарду Алвеш. Десе де, алматылық команда қарсыласы "Кишварда" командасына қарағанда тәжірибиелі болып саналады. Себебі, жыл сайын еурокубок ойындарына қатысып жүр. Ал Венгрия біріншілігінде екінші орын алған "Кишварда" еурокубокте дебют жасағалы отыр. Демек, "Қайраттың" келесі айналымға өтуі заңды құбылыс деп қараймыз.
Үшінші клубымыз "Тобыл" бұл жарысқа Чемпиондар лигасы арқылы келіп отыр. Демек ол автоматты түрде фаворитке саналады. Қарсыласы өзінен деңгейі төмен "Линкольн" командасы. Гибралтар елінің чемпионы жартылай әуесқой команда десек те болады. Алақандай ғана елдің командасы Испания азаматтарынан жасақталған. Көршілес Испания елінен дұрыс команда таба алмаған футболшылар "Линкольннің" намысын қорғап, чемпиондар лигасы секілді еурокубоктерде бақ сынап жүр. "Тобыл" бұл командады екі ойынның қорытындысы бойынша жеңіп шығуы тиіс. Солай боларына кәміл сенеміз.
Төртінші командамыз "Қызылжар" еурокубокке бірінші мәрте қатысады. Өз алаңындағы ойынды олар "Астана Аренада" өткізеді деген ақпарат бар. Себебі, өздерінің стадионы еурокубок ойындарын өткізуге жарамсыз. Жөндеу жұмыстары өтуі тиіс стадионға ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмеді. Команданың онсыз да жағдайы мәз емес. Чемпионатта төменгі орындарда келе жатыр. Қазақстан кубогы жарысында Петропавлдың командасы өз алаңында бірінші лигада жүрген "Қайсарға" жеңіліп қалды. Осындай нәтижелерден кейін Әли Әлиевтің командасы Хорватия елінің серкесі "Осиек" клубын жеңеді дегенге сену қиын. Егер басым түссе онда бұл сенсацияның сенсациясы болғалы тұр. Ең бастысы біз төрт командамыздың төртеуі де түгел болып, үшінші айналымға шыққанын қалаймыз. Қалғанын алаңдағы ойын көрсете жатар. Ойындар 21 шілде күні өтетінін айта кетейік.
Ермұхамед Мәулен