Ту-160М ауыр бомбалаушы суперұшағын жасаған РФ инженері АҚШ-қа қашып кетті

2133

Ресей жұртшылығы және сарапшылар В.Путин алдағы сейсенбіде Еуропаға соғыс ашып, жаппай мобилизация жариялайды деп қорқасоқтай күтіп отыр. 

Ту-160М ауыр бомбалаушы суперұшағын жасаған РФ инженері АҚШ-қа қашып кетті Фото: Википедия

Кремль қожайынының соғыстың бір жылдық белесіне не дайындап жатқаны халықаралық қоғамдастықты да алаңдатады. ТАСС агенттігінің хабарлауынша, 2023 жылғы 21 ақпанда В.Путин алдымен билікке қайырылады: федералдық жиын деген бірлескен атауға ие Парламенттің қос палатасына – Мемдумаға және Федерация кеңесіне жолдауын жария етеді.

Мұны Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков растады. Ол тіпті бұл оқиғаның Кремльдің "Гостиный двор" залында өтетінін, сондай-ақ жиынға "арнайы әскери операция" қатысушылары шақырылғанын нақтылады. РФ басшысының баспасөз хатшысы аталған іс-шараға шетелдік ақпарат құралдарының өкілдерін аккредиттеу мәселесі әзірге шешілмегенін қосты: демек, жатжұрттық журналистер қатыспауы мүмкін. Сарапшылар бұдан сол жолдауда айтылғанның бәрі бірдей сыртқа шықпай, ресейлік телеарналардан цензурадан өткен күйде таратылатын шығар деп болжады.

Содан соң ертесіне, яғни 22 ақпанда В.Путин халыққа қайырылып, үндеу жолдайды деседі. Осы мақсатта "Лужники" стадионында митинг-концерт ұйымдастырылғалы жатыр. Концерт қатысушы жұртшылық өкілдерінің саны жөнінен рекорд орнатуы мүмкін деген қауесет тарады.

Келесі күні, 23 ақпанда В.Путин армияға қайырылады: РФ Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты шара қарастырылған. Ал 24 ақпанда, Украинаға шапқыншылықтың бір жылдығында Кремль басшысы әлем жұртшылығына үндеу жасауы ықтимал деседі. Бұлардың анық-қанығы алдағы аптада белгілі болады, әзірге оның бәрі болжам ғана. В.Путин кез келген шарадан не сапардан аяқ астынан бас тарта салуы мүмкін.

Егер РФ басшысы көршісімен не көршілерімен қарулы жанжалдың жаңа кезеңін жарияласа, онда сарапшылардың байламынша, Мәскеуге ішінара емес, жаппай мобилизация жариялауға тура келмек.

Осыдан қорыққан ресейліктер ары қарай лек-лекпен шетелге ауып жатыр. Салдарынан, "Госуслуги" мемлекеттік порталында 2 ақпаннан бастап, электронды тасымалдағышы бар жаңа үлгідегі шетелдік паспорттарды шығаруға өтініштерді қабылдау доғарылғаны жарияланды. Оған қажетті микрочип таусылған. Былтырдан бері шетелге бас сауғалап қашып жатқан ресейліктер арасында дәл осы паспорт өте танымал еді: себебі, ол бірден 10 жылға беріледі. Ал ескі үлгідегі қарапайым шетелдік паспорттар мерзімі 5 жыл ғана.

РФ Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы ресейліктер әлемнің өзге елдеріне шығуға жол ашатын шетелдік паспорттардың рекордтық санын рәсімдеген: 5,4 миллион бірліктен асып кетті. Өзге елдерге кету ойы бар РФ тұрғындарының саны бір жыл бұрынғыдан бірден 40% артыпты. Олардың арасында қазіргі Ресейдің неге айналып бара жатқанын жақсы түсініп, шетелден саяси пана сұрауға ниеттенген билік өкілдері де болуы ғажап емес.

Осы орайда өзін ресейлік стратегиялық бомбардировщиктерді өндіретін инженер деп атаған тұлға АҚШ-тан пана сұрады. АҚШ Кедендік және шекаралық бақылау қызметінің ашық мәліметіне сілтеме жасап, Yahoo News  хабарлағандай, ұзындығы 54,1 метрге, ал қанатының құлашы 56 метрге дейін баратын алып Ту-160 стратегиялық бомбалаушы ұшақтарын құрастырумен айналысқан инженер Америка Құрама Штаттарына қашып кірген.

Құжатта айтылғандай, ер адам отбасымен бірге Мексикамен арадағы АҚШ шекарасына былтырғы желтоқсанда келіпті. Бірақ америкалық шекарашылар жібергісі келмеген. Сонда ер адам Ту-160 жасайтын зауыттың маманы екенін мәлімдеп, АҚШ өзін отбасымен бірге қабылдаса, ресейлік бомбалаушы ауыр әскери ұшақтарға қатысты Мәскеу мұқият қорғайтын құпия ақпаратты ұсынуға уәде еткен. 

­Өйткені, оның сендіруінше, ол алдымен Қазан қаласындағы "Туполев" ұрыс ұшақтарын шығаратын авиациялық зауытта әскери инженер-құрылысшы болып жұмыс істепті. Соңынан, 2018 жылдан бастап, 2021 жылы Ту-160 құрылысымен айналысқан көрінеді. Бұған қоса, ер адам Алексей Навальныйды қолдаған наразылық шараларына қатысқаны үшін қудалаудан да қауіптенетінін мәлімдепті-мыс.

Yahoo News журналистерімен тілдескен АҚШ Үкіметінің шенеуніктері ол маманның сенім тудыратынын және АҚШ үшін қызықты, қажетті тұлға екенін хабарлады.

"Ол мысалы, "шабуылдаушы-штурмовик" үлгісіндегі жаңа ұшақтың құрылымын да сипаттап берді. Ол "Аққу Ту160" (White Swan TU160) деген атауға ие, ол ең үлкен әскери ұшаққа айналмақ", – деп жеткізді америкалық порталдың үкіметтегі дереккөзі.

Негізі, Ту-160 "Белый лебедь" стратегиялық бомбалаушы ұшағының бастапқы үлгісі сонау 1981 жылғы 18 желтоқсанда әуеге көтерілген. Ал былтыр, 2022 жылғы қаңтарда Ростех мемкорпорациясы "Ресейде нөлден тұрғызылған, жетілдірілген Ту-160М "Белый лебедь" стратегиялық, дыбыстан жылдам бомбалаушы-зымырантасушы ұшақ Қазан авиациялық зауытының аэродромынан тұңғыш сапарын жасағанын" жариялады. Корпорация оны әскери авиация тарихындағы ең ірі, ең қуатты, дыбыстан жылдам әскери ұшақ деп бағалады.

РФ өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров кеңес кезінде жасалған Ту-160 ұшағын өндірудің толық циклы қалпына келтірілгенін, бірақ онда енді бұл ұшақтың тек цифрлық технологияларға құрылған "М" модификациясы жасалатынын мәлімдеді. Оның алғашқы үлгісінің тұңғыш сынақ сапары 30 минутқа созылды.

"НАТО саралауында "Блэкджек" (Blackjack) аталатын Ту-160 "Аққу", жария деректер бойынша РФ арсеналындағы ең қуатты бомбалаушы ұшақ саналады. Ол Украинадағы соғыста тактикалық авиасоққы жасауға пайдаланылды. Ашық дереккөздердегі ақпарат бойынша соңғы бірнеше жылда Туполев зауытында бұл ұшақтың жетілдірілген нұсқасын тұрғызу бойынша ірі, жаңа бағдарлама басталған. Сонымен қатар қолданыстағы осындай ұшақтарды жаңғырту бағдарламасы да жүзеге асырылып жатыр", – делінген шекара қызметінің есебінде.

Бұрын Ресей қарулы күштерінде жұмыс істеген белгілі америкалық әскери эксперт, бүгінде Әскери теңіз талдау орталығының Ресейді зерттеу бағдарламасының директоры Майкл Кофман америкалық журналистерге сұхбатында әңгіме қандай ресейлік инженер туралы болып отырғанынан және ол нендей ақпарат ұсына алатынынан бейхабар екенін айтты. Бірақ аталған зауытта істесе, инженер біраз құпия ақпаратқа қанық болуы мүмкін екенін растады.

"Туполев сияқты қорғаныс-өнеркәсіптік кәсіпорында осындай лауазымда істеген адам Ту-160 бомбалаушысына және оның жаңғыртылған нұсқасына қатысты қорғаныстық, өнеркәсіптік маңыздағы ақпараттардың үлкен топтамасына қол жеткізіп, оның спецификацияларын жақсы білсе керек. Оның бәрін білмей, ұшақты құрастыра алмас еді. Ол сондай-ақ оның олқы тұстарын, кемшіліктерін, өндіріс процесіндегі қиыншылықтарды да білсе керек. Бұл ақпараттардың бір бөлігі біз үшін құнды болуы мүмкін", – деді М.Кофман.

Айтқандай, ресейлік әскери босқынның аты-жөні және бұрынғы жұмыс орындары туралы толымды ақпарат АҚШ Кедендік және шекаралық бақылау қызметі есебінің ашық бөлігінде жарияланып кетіпті. Yahoo News оның басын бәйгеге тікпеу үшін пана сұраушының есімін жарияламады. Оның журналистері тілдескен бірнеше ресми тұлға да маңызды қашқын туралы құпия ақпараттың ашықтан ашық жариялана салғанына таңданған. Әдетте, егер әлдекім шекараға келіп, Америка үшін қызықты болуы мүмкін құпия ақпараты бар екенін мәлімдесе, ол адам қорғауға алынып, жасырын түрде Федералдық тергеу бюросына (FBI) тапсырылады екен.

Бәлкім, сол арқылы АҚШ Ресейге қыр көрсетіп, қандай құпиясын білетінін паш етуі мүмкін. Әйтпесе, мына босқынның тұлғасы да бір жарым апта бойы тексеріліпті. Қорытындысында оның мәліметі сенуге тұрарлық деп танылған. Ресейлік әскери инженердің қазіргі орны белгісіз. FBI журналистерге ол туралы ақпарат беруден бас тартты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу