Ту, Елтаңба және Әнұранға қатысты тосын өзгерістер күшіне енді

1612

Мемлекеттік рәміздер бойынша жаңа "ойын ережелері" қолданылады.  

Ту, Елтаңба және Әнұранға қатысты тосын өзгерістер күшіне енді Фото: kaz.inform.kz

Ендігі жерде патриоттық сезімін дұрыс, заңға сәйкес таныта алмағандар құрғақ ескертумен құтыла алмайды, оларды салмақты жауапкершілік күтіп тұр.

ҚР Үкіметінің 2026 жылғы 26 маусымдағы №556 қаулысымен "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларына" шұғыл өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп жазды inbusiness.kz.

Бұл тарихи құжат 2026 жылғы 13 шілдеден бастап ресми түрде қолданысқа енгізілді.

Ту коммерциялық сектордан біржола "тәуелсіздік" алды

Егемендігіміздің айбыны – көк байрақ бұдан былай өзіне ерекше құрмет пен терең тағзымды талап етеді. Жаңа қағидалар мемлекеттік атрибуттардың қай жерде асқақтап тұруға тиіс екенін, ал, қай жағдайда оған мүлдем тыйым салынғанын темірдей тәртіппен шегелеп берді.

Ең қатты соққы – агрессивті спорттық маркетингтің қақ маңдайынан тиді. Әйтпесе, букмекерлік кеңселердің жарнамасында біздің жеңімпаз, даңқты спортшыларымыздың көбі көк туды жамылып, жеңіске деген шексіз қуанышын жаһанға жариялап жатады. Осы арқылы жеңіс пен букмекерлік ставканың үйлесімін көрермен санасына сіңіреді. Мұның бәрі көк байрақпен көмкеріледі. Салдарынан, мемлекеттік рәміз букмекерлік кеңсенің құлқынына қызмет етеді.

Енді оларға осы құйтырқы тәсілін ұмытуға тура келеді. Қаулы мен жаңарған қағида бойынша мемлекеттік рәміздер коммерциялық сектордан шығарылды: Мемлекеттік Туды жарнамада, пиар науқандарында, коммерциялық мақсаттарда және кез келген бизнес іс-шараларында пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салынады.

Құжатта көк байрақ пайдаланылатын, "жеке және заңды тұлғалар өткізетін мәдени, спорттық, қоғамдық және өзге де іс-шаралар коммерциялық мақсатты көздемеуге" тиістігі нықталған.

Көк Туға қатысты тұрмыстық бейбастақтыққа да тұсау салынды: одан киім, аяқ киім, төсек-орын, перде, дастарқан, кілемше немесе кез келген өзге де заттар тігу – бұдан былай қылмыс.

Дегенмен, қағидаға маңызды 24-1 тармақ қосылды: "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесін спорттық киім мен спортшылардың киім-кешегінде пайдалануға болады".

Бұл тармақ халықаралық аренада ел намысын қорғайтын спортшыларымыздың киімдері мен керек-жарақтарына көк байрақтың бейнесін орналастыруды заңдастырды. Жарыс-сайыстарда ел намысын қорғайсың ба, көк Туды мақтанышпен, асқақ сезіммен, әрі емін-еркін тағып жүр. Алайда спорттық емес киімдерде (арнайы формаларды қоспағанда), мысалы, қарапайым футболкалар мен курткаларда Мемлекеттік Туды жапсыруға енді жол берілмеуі мүмкін.

Сондай-ақ, бұл рәмізді жеке меншік және қызметтік автокөліктердің салонының ішіне орналастыру құқығы заңды күйінде қалды.

"45 градустық" патриотизм және иіс-қоңыссыз таза эстетика

Енді веб-сайттарда, стендтер мен плакаттарда мемлекеттік рәміздерді орналастырғанда мызғымас иерархия мен бір деңгейлі тәртіп сақталуы шарт: алдымен Ту, содан кейін Елтаңба және тек ең соңында – Әнұран мәтіні тұруға тиіс.

"ҚР Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасының бейнелері орналастырғанда мемлекеттік рәміздер бейнелері бір деңгейде орналасуға, сондай-ақ оларды орналастыру кезектілігі сақталуға тиіс: Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн", – деп жазылған қағидаларда.

Демонстрациялық стендтер мен плакаттарды безендірудің де темірдей стандарты бекітілді: тек көк түсті фон ғана қолданылады, ал, жазулардың бәрі міндетті түрде алтын түспен басылуы керек.

Білім беру, медициналық, үкіметтік және басқа да мекемелердегі Ту мен Әнұран мәтіні орналастырылатын орындар жоғары эстетикалық талғаммен жасалуға міндетті. Оларды шолан-қойма сияқты шаруашылық-тұрмыстық бөлмелердің, дәретханалардың, өтпелі дәліздер мен киім ілетін орындардың жанына, яғни, иіс-қоңыс арасына орналастыруға бұдан былай мүлдем тыйым салынады.

Сонымен қатар, Үкімет көшелерде ту ілудің де егжей-тегжейлі формуласын жазып берді:

  • азаматтар мен заңды тұлғалар үшін: патриоттық сезімді білдіру және елдің зор жетістіктерін қолдау мақсатында ҚР Туын ғимараттарға, тұрғын және тұрғын емес үй-жайларға, тіпті балкондарға ілуге рұқсат. Бірақ басты шарт – ол қатаң түрде 45 градус бұрышпен бекітілуі керек.
  • жеке сектордағы үйлерде, коттедждерде: Ту кемінде 3 метр биіктікте – шатырда орнатылуға тиіс. Бірақ бір жеңілдік бар: тәуліктің қараңғы уақытында жеке үйлердегі Туды міндетті түрде түнгі шаммен жарықтандыру талабы ақыры жойылды.
  • техникалық шектеулер туындаса: егер ғимараттың сәулеттік құрылымы Туды қабырғаға бекітуге мүмкіндік бермесе, оны іргелес аумақтағы арнайы бөлек тұрған тутұғырға орнатуға болады.

Тыйымдар мен салдарлар: стандарттардан табиғи апаттарға дейін

Жаңа қағидалар – бұл жай ғана нормалар жиынтығы емес, тұзақ-қақпанға толы алаңға да ұқсайды: аңдамай басқан адам арандап, айыппұлдар құрығына түсіп қалуы мүмкін.

Дайын рәміз ұлттық стандартқа миллиметріне дейін сәйкес келуге міндетті. Жарамсыз немесе қолдан жасалған өнімдерді пайдаланғандар заң алдында жауап береді. Көк байрақтағы күннің түсі оңып кетті ме? Кіп-кішкентай жыртық-жамау немесе дақ түсті ме? Әмияныңызды ашып, айыппұл төлеуге дайындала беріңіз!

Тудың матасының жерге, еденге немесе суға тиюіне мүлдем жол берілмейді. Тіпті қызықты гәп бар: су тасқыны қаупі төнген жағдайда үй иесі көк байрақты шатырдан не тутұғырдан алдын ала шешіп алып, қауіпсіз жерге "эвакуациялауы" қажет. Егер рәміз тасқынның "құрбаны" болып, батпаққа батып жатқаны анықталса, табиғи апаттан зардап шеккен азаматқа барлық қасіретінің үстіне қомақты айыппұл да үстемеленуі ғажап емес.

Геометрия да қатаң: ту тігінен ілінсе, ұлттық ою-өрнек тек жоғарғы бөлікте тұруы шарт. Төңкеріп іліп қойса, бірден әкімшілік хаттама толтырылады. Кез келген ақау, мысалы, тозу, жамау, тесік, кір, түсінің оңуы санкцияға соқтырады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 418-бабына сәйкес, Ту мен Елтаңбаны пайдалану, орнату немесе орналастыру ережелерін бұзу қалта қағады.

Бірінші рет қағида бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі:

  • жеке тұлғаларға: 5 АЕК (2026 жылы – 21 625 теңге);
  • лауазымды тұлғаларға, шағын бизнеске және коммерциялық емес ұйымдарға: 10 АЕК (43 250 теңге);
  • орта бизнес субъектілеріне: 20 АЕК (86 500 теңге);
  • ірі бизнес субъектілеріне: 30 АЕК (129 750 теңге).

Егер осы әрекет немесе әрекетсіздік алғашқы жазадан кейін бір жыл ішінде қайталанса, жаза бірнеше есе еселеніп өседі. Қайталап бұзғандарға салынатын айыппұлдар:

  • жеке тұлғаларға: 50 АЕК (216 250 теңге);
  • лауазымды тұлғаларға, шағын бизнеске және КЕҰ-ға: 100 АЕК (432 500 теңге);
  • орта бизнес субъектілеріне: 150 АЕК (648 750 теңге);
  • ірі бизнес субъектілеріне: 250 АЕК (1 081 250 теңге).

Маңызды жайт: мемлекеттік рәмізді қорлау, оның қадір-қасиетін aяққа таптау деп есептелетін әрекеттер нақты аталып отыр. Туды қасақана бүлдіруге, жыртуға, өртеуге, аяққа таптауға, қоқысқа немесе жерге лақтыруға мүлдем тыйым салынады.

Мемлекеттік рәміздерге бұлай дөрекі түрде құрметсіздік танытқандарды енді қылмыстық жауапкершілік күтіп тұр. ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе дәл сондай мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

ҚР Әнұранын заңсыз пайдалануға және заңсыз орындауға да қатал тосқауыл қойылды. Бұл талапты бұзу 50 АЕК (2026 жылы – 216 250 теңге) көлемінде айыппұл арқалатады. Әнұранды орындау міндетті рәсімдерде оны елемей, орындамаған лауазымды тұлғалар да осы 50 АЕК көлеміндегі жазаға тартылады. Ал, бұл бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл сомасы бірден екі еселеніп, 100 АЕК-ке шарықтайды.

Шоколад брендінің танымал орамы тарих қойнауына кете ме?

Осы жаңалықтар жарияланысымен-ақ қазнетте сөз майданы мен қызу пікірталас бұрқ етті. Тәттіқұмарлар мен патриоттардың зәресін ұшырған басты сұрақ: "Лотте Рахат" фабрикасының алтын күн мен қыран бейнеленген, бәрімізге бала кезден таныс көгілдір орамды "Қазақстан" шоколады әйгілі дизайнынан айрыла ма?

Заңгерлердің түсіндіруінше, Туды коммерциялық және жарнамалық мақсатта пайдалануға салынған жаңа тыйым бұған дейін жасалған, қазіргі кезде саудада тұрған өнімдерді дүкен сөрелерінен тәркілеп, жоюды талап етпейді.

Сарапшылар, шоколадтағы бұл бейне "тарихи қалыптасқан безендіру элементі" екенін, сондықтан автоматты түрде заң бұзушылық болып саналмайтынына сендіріп баққанымен, болашақта өндірушіге дизайнды бәрібір түзетуіне тура келуі әбден мүмкін.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі дизайнның өзгергеніне тіпті қуанатындарын ашық мәлімдеді. Бұл жерде мәселе тек шоколадтың "дәмі нашарлап кеткеніне" қатысты дауларда ғана емес, таза этикада жатыр: шоколадты жеп болған соң, Мемлекеттік Туға қатты ұқсайтын ораманы қоқыс жәшігіне лақтыруға көбінің азаматтық ар-ұжданы жібермейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу