Туды қорлаған Shiza мен ИК тобын желідегілер жауапқа тартуды сұрады

15993

"Ирина Кайратовна" мен Shiza концерт кезіндегі бейәдеп әрекеттері үшін көрермендер тарапынан сынға қалды, деп хабарлайды іnbusiness.kz

Туды қорлаған Shiza мен ИК тобын желідегілер жауапқа тартуды сұрады

25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында "Ирина Кайратовна" мен Shiza-ның концерті өтті. Концерт уағында топ мүшелері Қазақстанның мелекеттік рәмізі – туға құрметсіздік танытып, сахнада балағат сөздер айтқан.

Әлеуметтік желі қолданушылары "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов пен Асхат Жолшиевтің сахнадағы әрекетін сынға алып, заң жүзінде шара қолдануын талап етіп жатыр.

Белгілі болғандай, әнші Асхат Жолшиев Қазақстанның туын көрермендерге  лақтырып жіберген. 

Туға қатысты ескерту жасаған орталықтың әкімшісін: "Бізде бәрі жақсы, кешіріңіздер, ондай-ондай болып тұрады. Это оказывается административный штраф", – деп келемеждеді.

"Бұл әрекетке қылмыс деп баға берер еді"

Желі қолданушылары әншілердің сахнаға масаң күйде шыққанын, мұның этикаға жатпайтынын айтты. Таралған видеолардың біріне "бәрі ішіп алған, концерт онша емес өтті және ұйымдастыру нашар болды" деген сыңайда пікірлер де жазылды.

"Ту – әрбіріміз үшін әр түрлі игі мағынаға келеді. Мен үшін көк ту – қазақ елінің бейбіт пейілінің, еркіндікке құлшынған азаматтарының және бәрінен бұрын тәуелсіз халық пен елдің, мемлекетіміздің символы. Бұл екі топ үшін көк ту – "тру мру" деп мағынасыз ән жазып миллиардтаған ақша табудың инструменті. Оны осы сұмдық әрекеттері арқылы дәлелдеп берді. Өз мемлекеттік рәміздеріне құрмет көрсететін ел бұл әрекетке қылмыс деп баға берер еді.  ҚР Бас прокуратурасы /  Генеральная прокуратура РК  бұл оқиға бойынша іс қозғайсыздар ма, әлде бұларды сотқа беруіміз керек пе?", – деп пікір білдірді белгілі медиа маман Молдияр Ергебеков.

Ал Асен Мырзалиев есімді желі қолданушысы әншілер танымалдығын пайдаланып жауапкершіліктен құтылмауға тиіс екендігін айтады.

"Жауапқа тарту керек. Танымал адам мен қарапайым адамдарды, мемлекетіміз алалауды қашан қояды екен? Егер осы істерін кешіретін болса, үміт қалмайтын шығар, заң үстемдігіне", – дейді ол.

Сондай-ақ Shiza-ның Түркістан қаласына 4 маусымда жоспарланған концерті тоқтатылды.

"Түркістан қаласы тұрғындарының наразылығын орай, Түркістанда жоспарланған Ninety one және Shiza концертін ұйымдастырушы Керуен сарай туристік кешенінің басшылығына концертті өткізбеу жөнінде Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан ұсыныс жолданды. Нәтижесінде, кешен әкімшілігі жоғарыда аталған әншілермен келісімді бұзғанын хабарлаймыз", – деп жазды Керуен сарай әкімшілігі.

Әзірге топ мүшелері мен режиссері Қуаныш Бейсеков қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ.

2 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салынады

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 372-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлағандар 2 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сонымен қатар еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 354-1-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ ҚР заңнамасының талаптарын бұза отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін пайдалану және орындау екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Айта кетелік, "Ирина Кайратовна" тобының мүшелері мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринмен жиі кездесіп, жастардың атынан пікір білдіріп жүреді. 

"Ирина Кайратовна" тобының режиссері Қуаныш Бейсеков Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің жаңа құрамына кірген.

Ая Өміртай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу