Туғаннан бастап мүгедектікті азайтуға бір қадам

1237

AYALA қайырымдылық қоры ИНПЕКС Норт Каспиан Си, ЛТД. Компаниясымен бірлесіп, Атырау облыстық перинаталдық орталығына жаңа туған нәрестелердің әлеуетті қауіпті жай-күйі – неонаталдық сарғаюды уақытылы диагностикалау және емдеу үшін қажетті жабдықтарды тапсырды. 

Туғаннан бастап мүгедектікті азайтуға бір қадам Фото: AYALA

Қайырымдылық шарасы аясында орталық балаларда туғаннан бастап мүгедектік қаупін азайтуға көмектесетін фототерапияға арналған шамдар мен билирубинометрлерді алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Зиянсыз атауына қарамастан, неонаталдық сарғаю нәрестенің бауыры мен басқа да өмірлік маңызды мүшелерінің уытты зақымдануына әкелуі мүмкін. Уақытылы диагностикаланбаған және емделмеген жағдайда асқынулар өте ауыр болуы мүмкін – балалардың церебралдық сал ауруына, талмаға, мүгедектікке әкеп соқтыруы мүмкін.

Фототерапия – бұл қарапайым және тиімді емдеу әдісі: көк шам жарығы нәрестенің қанындағы уытты билирубинді бұзып, оны ағзаның дәрі-дәрмексіз табиғи жолмен шығаруына көмектеседі. Алайда, сәтті емдеу үшін бала бірнеше сағат бойы үздіксіз шамның астында болуы тиіс, сондықтан Атырау облыстық перинаталдық орталығында мұндай жабдыққа деген қажеттілік әрқашан да жоғары.

"Жыл сайын біздің орталықта 10 000-ға жуық әйел босанады. Бізге аудан орталықтарынан жүктілігі күрделі және мерзімінен бұрын босанатын барлық әйелдер жіберіледі", – деп атап өтті Атырау облыстық перинаталдық орталығының директоры Қазбек Айжарықұлы Ермағамбетов.

– Күніне 25 сәби өмірге келуі мүмкін. Мерзіміне жетіп туған балаларда сарғаю 3-ші күні, шала туған балаларда 5-6-шы күні пайда болады. Көптеген жағдайларда ол өз бетінше өтеді, бірақ қатты қауіп төндіретін уытты түрлері бар, өйткені оларды жаңа туған нәрестелердің физиологиялық сарғаюынан ажырату қиын. Билирубинометрлер бізге тері арқылы билирубиннің деңгейін қауіпсіз және тез анықтауға мүмкіндік береді. Егер көрсеткіштер нормадан жоғары болса, баланы дереу фототерапияға қосамыз. ИНПЕКС-тің осы қайырмалдығының арқасында сәбилердің неғұрлым көпшілігін қажетті еммен қамтамасыз ете аламыз, ал аналарға шаммен емдеу үшін кезекте тұруға тура келмейді. Бұл Атыраудың кішкентай тұрғындарының денсаулығы мен өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді, – деді ол.

ИНПЕКС Норт Каспиан Си, ЛТД. Компаниясы Қазақстандағы медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған жобаларды қолдауға бейілділігін атап өтті.

"Денсаулық сақтауды қолдау – ИНПЕКС Норт Каспиан Си, ЛТД. әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды бағыты. Перинаталдық орталықты заманауи жабдықтармен жабдықтау – бұл компания өз қызметін жүргізетін өңірдің ең кішкентай тұрғындарының денсаулығы мен әл-ауқатына салынатын инвестиция", – деп атап өтті ИНПЕКС Норт Каспиан Си, ЛТД. Компаниясының Қазақстан Республикасындағы филиалының директоры Шоджиро Сето.

18 жылдан астам уақыт бойы AYALA қайырымдылық қоры серіктестерімен бірлесіп, Қазақстанның перинаталдық орталықтары мен перзентханаларын "Тыныс ал, балақай" жобасы аясында фототерапиялық шамдармен қамтамасыз етіп келеді. Бұл жоба мемлекетке нәресте өлімі мен мүгедектігі деңгейін төмендетуге көмектеседі.

"Қор құрылғалы бері біз Қазақстанның барлық дерлік акушерлік мекемелеріне 140-қа жуық фототерапевтік шамдарды тапсырдық. Бұл құралдар он мыңдаған балаларды мүгедектіктен және денсаулығының күрделі проблемаларынан құтқаруға көмектесті", – деді AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.

– Біз ИНПЕКС Норт Каспиан Си, ЛТД. компаниясына Атырау перинаталдық орталығының жаңа туған нәрестелері үшін осындай өмірлік маңызды жабдықтарды бергені үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Біз Қазақстанның салауатты болашағына бірлесіп үлес қосқанымызға қуаныштымыз, – деді ол.

2011 жылдан бері AYALA қоры балалардың мүгедектік деңгейін төмендету және ерте неонаталдық өлім-жітімнің алдын алу үшін Атырау облысындағы төрт медициналық мекемені жарақтандыруға 189 миллион теңгеден астам қаражат жұмсады.

"AYALA қайырымдылық қоры мен ИНПЕКС Норт Каспиан Си, ЛТД. арасындағы бұл ынтымақтастық неонаталдық медицинаны дамыту үшін серіктестік бастамалардың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Күш біріктіре отырып, біз Қазақстандағы әрбір баланың салауатты өмір сүруіне тағы бір қадам жасаймыз", - деді Айдан Сүлейменова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу