Қазақ бапкерінің жетекшілігімен Тунис құрамасы таеквондодан Олимп ойындарында қос медальді мойынға тақты.
Жуырда жаттықтырушыға Қазақстан таеквондо федерациясынан ұсыныс түскен. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Sport+ телеарнасының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
– Париж Олимпиадасынан кейін біздің бапкерлерді Халықаралық таеквондо федерациясы мойындады. Париждегі жетістіктен кейін маған Африканың бірнеше елінен хабарласып, жақсы бапкерлер ұсынуымды сұрады. Бұл Қазақстан үшін жақсы жарнама болды. Жақында біздің таеквондо федерациясы Астанада төрешілер семинарын өткізді. Болашақта Қазақстан таеквондосы бүкіл әлемге танымал болады деп сенемін. Менің Тунис федерациясымен келісімшартым аяқталды, бірақ олар жаңасын ұсынып отыр. Жақында маған Қазақстан таеквондо федерациясынан хабарласып, жаңа бас бапкер қызметіне менің кандидатурамды қарастыруға ниет білдірді. Осыдан бір-екі күн бұрын федерацияда үлкен жиын өтті. Сол жиында мен өз бағдарламамды ұсындым, – деді шетелдегі қазақ бапкері.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде Есбол Сұлтановтың есімін ерекше атаған болатын.
– Өкінішке қарай, көптеген талантты бапкер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып кетіп жатады. Олар сол жерге барып, жас спортшыларды тәрбиелейді, яғни, басқа мемлекеттің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға дайындайды. Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің таеквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль. Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек, әсіресе, олардың қоғамдағы әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыру өте маңызды. Бір сөзбен, бізге мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет, – деген болатын Президент.
Есбол Сұлтанов 2023 жылдың қыркүйегінде Тунис мемлекетінің шақыруымен бас бапкерлікке барды. Жазғы Олимпиада ойындарында оның қос шәкіртті жүлделі болды. Оның бірі – қола, екіншісі – алтын медаль.