Тур де Франс. 10-кезең. Қауіпті әрі қарқынды жарыс

1324

Демалыстан кейін "Тур де Франс" 10-кезеңмен Шаранта жағалауы (Олерон аралы – Ре аралы, 168.5 шақырым) департаментінде қайта жалғасты. Бұл өте қарқынды әрі қауіпті кезең болды. Жарыс жолының бірнеше бөлігінде қапталдан жел соғып, пелотонда шабандоздар құлап жатты.

Тур де Франс. 10-кезең. Қауіпті әрі қарқынды жарыс

"Астана Про Тим" кезеңді еш қиындықсыз жүріп өтті. Команда күні бойы бірге жұмыс жасады. Сайыстың соңғы 20 шақырымында Мигель Анхель Лопесті командаластары алдыңғы қатарға шығарып, жол бойында туындауы мүмкін келеңсіз жағдайлардан қорғап қалды. Осылайша Лопес мәреге негізгі топта, Уго Уль, Горка Исагирре және Луис Леон Санчестермен бірге келді.

"Бүгін команда өте жақсы жұмыс атқарды. Командаластарым күні бойы қолдау көрсетті. Финалда Горка Исагирре мен Луис Леон Санчес алдыңғы қатарда позиция таңдауға және қауіпті сәттерде көмектесті. Толассыз қақтығыстар орын алғандықтан, кезең өте қауіпті болды. Дегенмен біздің командадан ешкім құлаған жоқ. Осындай қиын кезеңді командаластарымның арқасында жақсы жүріп өттім", - деді Мигель Анхель Лопес.

"Бұл жазық аймақта өткен, спринтерлерге арналған кезең болғанына қарамастан өте қауіпті болды. Әбден титықтатып, сайыс қиынға соқты. Пелотонда көптеген шабандоздар құлады. Негізгі топ бірнеше рет топ-топқа бөлініп кетті. Бірақ, біз үшін барлығы да ойдағыдай өтті. Жігіттер Мигель Анхель Лопеске көмектесіп, тамаша жұмыс атқарды. Олар күні бойы бірқалыпты жүріп отырды және көшбасшымызды қауіпті сәттерден қорғап қалды. Жарыстың тағы бір ауыр кезеңі артта қалды және біз "Тур де Франсты" одан әрі жалғастырамыз", - деді Дмитрий Фофонов.

Кезең спринтпен аяқталып, ирландиялық велошабандоз Сэм Беннетт жеңіске жетті. "Астана Про Тим" өкілі Уго Уль мәреге 17-болып келді.

Жалпы есепте өзгерістер орын ала қойған жоқ. Примож Роглич бұрынғысынша көшбасшының сары жейдесінде, ал оған 1 минут 15 секунд уақыт ұтылған Мигель Анхель Лопес 9-орында тұр.

"Тур де Франстың" 11-кезеңі ертең өтеді. Шателайон-Плаждан басталатын жарыс жолы 167.5 шақырымнан кейін Пуатье қаласында аяқталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу