Тур де Франс. 12-кезең. Пельо Бильбао мәреге екінші келді

2200

"Астана" велокомандасының шабандозы испаниялық Пельо Бильбао атақты жарыста екінші орын алды. 

Тур де Франс. 12-кезең. Пельо Бильбао мәреге екінші келді

"Тур де Франстың" 12-кезеңін тамаша өткізген Пельо Бильбао "Үлкен күрмеудегі" дебюттік жеңісіне бір қадам жетпей қалды. "Астана" командасының шабандозы көшбасшы топта, ал финалда үш шабандоздан тұратын топ арасында болды. Бильбао мәреге британиялық Саймон Йейтстен кейін, екінші болып келді. Ал үздік үштік қатарын аустриялық Грегор Мюльбергер толықтырды.

- Кезеңдегі жеңіс үшін таласуға мүмкіндігім болғанына қуаныштымын. Финалда қателік жібермей, барлығын дұрыс жасадым деп ойлаймын. Спринтте өте жақсы позицияда болдым. Бірақ күшім аз қалғандықтан, Саймон Йейтстен оза алмадым. Оған дейін соңғы асуда Йейтс пен Мюльбергердің тобын қуып жету үшін көп күш жұмсаған едім. Сол уақыттың өзінде олардың менен мықты екенін түсіндім. Бәлкім бұл менің "Тур де Франс" кезеңіндегі жеңіс үшін таласқа түскен соңғы мүмкіндігім болған шығар. Себебі енді біз көшбасшымыз Якоб Фульсангқа қолдау көрсететін боламыз. Команданың бірлескен жұмысы Якобқа жүлделі орын үшін таласуға көмектеседі деп ойлаймын, - деді Пельо Бильбао.

"Тур де Франстың" 12-кезеңі Тулузадан басталып, 209.5 шақырымнан кейін Баньер-де-Бигорда аяқталды. Финишке дейін шабандоздар бірінші дәрежелі екі асуды бағындырды. Шабуылдардан кейін 42 шабандоздан құралған үлкен көшбасшы топ құрылды. Жаңа шабуылдардың нәтижесінде алға озған топтағы Бильбао, Йейтс және Мюльбергер көшбасшы топ құрып, жеңісті өзара бөлісті.

- Біздің бүгінге арналған жоспарымыз 99 пайыз орындалды деуге болады. Ал жеңіске жетсек тіпті тамаша болар еді. Бірақ, Пельо Бильбао қолынан келгеннің барлығын жасады. Жарысты өте жақсы жүріп өтіп, жеңіске жету үшін 100 пайыз барын салды. Әрине, ол спринтте жеңеді деп үміттендік. Алайда бүгін Саймон Йейтс мықты екенін көрсетті. Пельоның көрсеткен өнерімен мақтана аламыз. Ертеңнен бастап капитанымыз Якоб Фулсангтың жалпы есеп бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізуі үшін жағдай жасайтын боламыз, - деді "Астананың" спорттық менеджері Дмитрий Фофонов.

Кезең қорытындысы бойынша жалпы есептегі жағдай өзгере қойған жоқ. Көшбасшының сары жейдесі бұрынғысынша Жулиан Алафилиппте, ал Фульсанг 15-орында келеді.

Ертең По қаласында "Тур де Франстың" 13-кезеңі өтеді. Жекелей жарыстың ұзақтығы 27.2 шақырымды құрайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу