Тур де Франс. 14-кезең. Фульсанг Турмале шыңында он үздіктің қатарында

2118

"Үлкен күрмеудің" 14-кезеңінде атақты Турмале шыңында "Астана" командасының капитаны Якоб Фульсанг мәреге 10-болып келді. 

Тур де Франс. 14-кезең. Фульсанг Турмале шыңында он үздіктің қатарында

Бұл нәтиже оған суперкөпкүндіктің бас классификациясы бойынша 8-орынға көтерілуге мүмкіндік берді. Жарыс жолының финалдық соңғы метрлерінде шабуылға шыққан француз Тибо Пино кезең жеңімпазы атанды. Ал мәреге екінші болып келген Жулиан Алафилипп жалпы есеп бойынша көшбасшылығын одан әрі нығайтты.

- Жалпы бүгін барлығы жаман өткен жоқ. Өзімді жақсы сезіндім. Бірақ соңғы екі шақырымда топта жылдамдық өте жоғары болғандықтан аяғыма қатты әсер етті. Кейінірек соның есесін қайтаруға тура келді. Расымен де финалда тек маған ғана емес, басқа шабандоздарға да  қиын болды. Бұл үлкен тест болды. Себебі жалпы есептің фавориттері алғаш рет өзара сайысқа түсті. Жағдай бұдан да қиын болуы мүмкін еді. Бірақ, әрине ылғи ойымыздағыдан жақсы болуы да әбден мүмкін. Мұндай қиын күндер алда әлі көп. Осы "Турда" жақсы нәтиже көрсетем деп ойлаймын, - деді Якоб Фульсанг.

- Кеше өте қиынға соққан жекелей жарыстан соң бүгінгі жарыс күні жақсы өтті. Якоб Турмаледе өзін жақсы қырынан танытты. Уақыт ұтылғанымен, көп уақыт жоғалтқан жоқ. Финалдық асуда көптеген шабандоздардың қиналғанын көрдік. Біз жалпы есеп бойынша жоғары көтерілдік. Жарыс әлі ашық сайыс алаңы болып қала бермек. Қиын күндер әлі алда. Бізді қызықты жарыс күтіп тұр, - деді "Астананың" спорттық менеджері Дмитрий Фофонов.

Бүгін "Тур де Франстың" 14-кезеңі Тарб қаласынан басталып, Турмале  шыңында мәресіне жетті. "Астана" командасының шабандозы Луис Леон Санчес көшбасшы топта болды. Бірақ, финалдық асуға жеткенде олар негізгі топқа ұсталып қалды. Содан кейін француздық көпкүндіктің жалпы есебінің фавориттері алға озды.

Ертең, Пиреней тауларында тағы бір жарыс күні - 15-кезең өтеді. Пелотон Лимодан қиындығы бірінші дәрежелі Фуа шыңына дейін 185 шақырым жолды жүріп өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу