Тур де Франс. 17-кезең. Коль де ла Лоз шыңында Мигель Анхель Лопес жеңіске жетті

1144

Бұл "Астана Про Тим" шабандоздарының биылғы "Тур де Франстағы" екінші жеңісі.

Тур де Франс. 17-кезең. Коль де ла Лоз шыңында Мигель Анхель Лопес  жеңіске жетті

Мерибельде өткен 17-кезеңде Мигель Анхель Лопес Коль де ла Лоз шыңында тамаша жеңіске қол жеткізді. "Астана Про Тим" велокомандасының шабандозы мәреге 2.4 шақырым қалғанда шабуылға шықты. Ол қарсыластарын артқа тастап, Францияда өтіп жатқан суперкөпкүндіктің жалпы есебі бойынша маңызды секундтарды жеңіп алды.

Нәтижесінде, Лопес жалпы есептің көшбасшысы әрі сары жейде иегері Примож Рогличтен 15 секундтай, ал ақ жейде иегері Тадей Погачардан 30 секунд уақыт ұтты. Осылайша "Тур де Франстың" жалпы есебі бойынша Мигель Анхель Лопес Рогличке 1 минут 26 секунд және Погачарға 29 секунд ұтылып, 3-орынға көтерілді.

"Бүгінгі кезеңді көптен бері көздеп жүргенмін және осы кезеңге жақсы дайындықпен келуге тырыстым. Теңіз деңгейінен 2000 метрден жоғары көтерілудің бұл түрі менің ыңғайыма жақсы келетінін білдім. Кол де ла Лоз сияқты үлкен әрі ұзақ шыңдар маған ыңғайлы. Өйткені олар Колумбиядағы үйімдегі таулар сияқты. Мен өзімді жақсы сезінемін және бүгін жақсы нәтиже көрсетуге тырыстым. Кезең басталғанға дейін командамен бірге біз жақсы жоспар құрдық. Оны толықтай жүзеге асыруға тырыстық. Күні бойы команда  тарапынан зор қолдау болды. Ал финалда Омар Фрайле өте жақсы жұмыс жасады. Соңғы асуда өзімді жақсы сезіндім. Аяқтарым да ойдағыдай жұмыс атқарды. Иә, бұл өте қиын асу болды. Соған қарамастан мен жарыстың соңғы шақырымдарына дейін көшбасшылармен бір топта болдым. Бұл тауды жақсы білетінмін. Себебі біз мұнда тамыз айының басында жарыс жолдарымен танысу үшін келген болатынбыз. Сондықтан қай жерде шабуылға шығу керек, қалай жүру керек, барлығын да алдын ала білдім. Финалда өте қиын болды. Бұл менің өмірімдегі ең ұзақ екі шақырым болды. Бірақ мен финишке дейін 100 пайыз барымды салдым. Жол бойында мен Колумбиядан келген бірнеше жанкүйерді көрдім. Олар маған қолдау көрсетті. Бұл маған қосымша күш-жігер бергендей болды. Жеңіске жеткенім үшін өте қуаныштымын. Мұндай жетістікке жетуді армандаған болатынмын. Енді міне арманым орындалды!" – деді Мигель Анхель Лопес.

"Қазір мен жалпы есепте 3-орындамын. Әрине, жалпы есепте жеңіске жету үшін Парижде финишке дейін күресетін боламын.Алда әлі үш кезең бар. Әр кезеңнің өзі шешуші рөль атқаруы мүмкін. Күн сайын алға жылжып, Парижге дейін жетеміз", - деп қоса кетті Лопес.

"Бұл біздің кезеңіміз болды. Бұл күнді екі апта бойы күттік. Мұндай асулар Мигель Анхель Лопестің ыңғайына жақсы келетінін білдік. Сондықтан оған қолдау көрсетуге дайын болдық. Команда жарыстың алғашқы бөлігінде, содан кейін соңғы асуда көшбасшыға жұмыс жасады Омар Фраиле бізді таңқалдырды. Горка Исагирреде жақсы жұмыс атқарды. Ол көшбасшы топта болды. Коль де ла Лоз асуының алдында Мигель Анхель Лопеске көмектесті. Команда жеңіске жеткеніне өте қуанышты. Сонымен қатар біздің бас менеджеріміз Александр Винокуровтың туған күнінде жеңіске жеткеніміз тамаша болды! Керемет күн! Бұл жеңісімізді барлық демеушілерімізге, әсіресе бас серіктесіміз "Самұрық-Қазынаға" арнаймыз. Бірақ біз сабыр сақтап, тыңғылықты болуымыз керек.  Өйткені алда тағы да қиын кезеңдер күтіп тұр. Тур де Франс әлі аяқталған жоқ, Біз өз мақсатымызға жету үшін күн сайын күресуді жалғастыруымыз керек", - деді "Астана Про Тимнің" спорттық менеджері Дмитрий Фофонов.

"Тур де Франстың" 17-кезеңі Гренобльден басталып, 170 шақырымнан кейін Мерибельде аяқталды. Шабандоздар екі қиын асуды - Коль де ла Маделен (15.8 шақырым, 8.1%) және финалдық Коль де ла Лоз асуын (18.6 шақырым, 7.7%) бағындырды.

Толассыз шабуылдардан соң бес шабандоздан құралған топ алға озды. Олардың арасында "Астана Про Тим" шабандозы Горка Исагирре де бар болатын. Сол топтың үш шабандозы - Исагирре, Жулиан Алафилипп және Ричард Карапас соңғы асудың шешуші шақырымдарына дейін, оларды сары жейде иегері бар топ қуып жеткенше алдыңғы қатарда болды.

Шыңға 3.5 шақырым қалғанда Мигель Анхель Лопес жаңа шабуылға шықты. Ал Примож Роглич, Сепп Кусс және Тадей Погачарлар оның ізіне түсті. Мәреге 2.4 шақырым қалғанда "Астана Про Тим" капитаны тағы да шабуылға шықты. Бұл жолы оны ешкім қуып жете алмады.

Тағы бір қиын кезең бүгін өтеді. Пелотон Мерибельден Ля-Рош-сюр-Форонға дейін ұзақтығы 175 шақырым болатын, алты дәрежелі асулар бар жарыс жолын бағындырады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу