Тур де Франс. 18-кезең. Алексей Луценко мәреге үшінші келді

1914

Жарыс жолында төрт асуы бар, олардың екеуі жоғары дәрежелі ең қиын, таулы аймақта өткен 18-кезеңде Алексей Луценко өзін тамаша қырынан танытты.

Тур де Франс. 18-кезең.  Алексей Луценко мәреге үшінші келді

Қазақстан чемпионы финалға дейін кезеңдегі жеңіс үшін таласқа түсіп, нәтижесінде тек таулы аймақтың айтулы шабандоздары - бүгінгі сайыс жеңімпазы колумбиялық Наиро Кинтано мен 2-орынға ие болған француз Роман Бардеге ғана жол беріп, жүлделі 3-орынды иемденді.

- Бүгінгі күн қызықты өтті. Негізгі мақсатымыз алға озу еді. Басқа командалардың да діттегені сол болатын. Сондықтан жарыстың алғашқы екі сағатында жағдай қиындап кетті. Аралық спринттен кейін 34 шабандоздан құралған топ алға озуға тырысты. Және бұл жолы пелотон жылдамдығымызды арттырғанымызға қарамастан, бізге қарсы шабуылға шыққан жоқ. Көшбасшы топ құруға мүмкіндік пайда болды. Топпен бірге Коль д’Изоардты қоса есептегенде алғашқы тау жолын жүріп өттік. Бірақ өзімді аса жақсы сезіне қоймадым. Коль дю Галибьеге жеткенде спорттық директорлар маған шабуылға шығуды ұсынды. Себебі 200 шақырымнан соң шабандоздардың көбі шаршаған еді. Шынымды айтсам, мен де шаршаған болатынмын. Себебі жарыс жолының алғашқы жартысында көп күш жұмсадым. Галибьеде шамамен 5 рет шабуылға шықтым. Және таулы аймақтың ең мықты шабандоздарының бірі Адам Йейтс топтан шығып қалды дегенді естіп, одан әрі жігерлене түстім. Шабуылдауды жалғастыра бердім. Бірақ теңіз деңгейінен 2400 метр биіктікке көтерілгенде өте қиын болды. Дәл сол уақытта Кинтана шабуылға шықты. Жарыс жолының соңғы шақырымдары Барденің тобында болдым. Бірақ одан әрі қарқынымды арттыруға әл-дәрменім жетпеді. Нәтижесінде мәреге 3-болып келдім. Бабыма және көрсеткен нәтижеме көңілім толады. Себебі бүгінгі жарыста нағыз шайқас болды. Альпі тауларында өтетін тағы екі кезең бар. Ал финалдық жарыс Парижде өтеді. Бүгінгі сайыстан кейін аяқтарым қалай жұмыс атқаратынын көре жатармыз. Дегенмен, тәжірибе жағынан осы жолғы "Тур де Франста" көп нәрсе үйрендім, - деді Алексей Луценко.

18-кезең Амбреннен басталып, 208 шақырымнан кейін Валуарда аяқталды. Финишке дейінгі жарыс жолында шабандоздар атақты Коль д’Изоард және Коль дю Галибье шыңдарын қоса есептегенде төрт қиын асуды бағындырды. "Астана" сапынан Алексей Луценко мен Горка Исагирре көшбасшы топта болды. Галибье асуында бірнеше мәрте шабуылға шыққан  Қазақстан чемпионы Алексей Луценко алға озған топтағы ең белсенді шабандоздардың бірі болды. Алайда шешуші шабуылға шыққан Кинтана жекелей жеңіске жетті. Роман Барде мен Алексей Луценко оның ізіне түскендерімен, нәтижесінде екінші және үшінші орындарға ие болды.

Жалпы есептің фавориттері арасында болған тартысқа қарамастан Жулиан Алафилипп көшбасшының сары жейдесін сақтап қалды. Кезең қорытындысы бойынша Луценко 22-орынға көтерілді.

Ертең тағы бір таулы кезең өтеді. Шабандоздар өте қысқа, жалпы ұзақтығы 126,5 шақырым болатын 19-кезеңді жүріп өтеді. Жарыс Сент-Жан-де-Морьеннен басталып, Тиньде аяқталады.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу