Тур де Франс. 18-кезең. Мигель Анхель Лопес жалпы есепте 3-орынды сақтап қалды

1329

"Астана Про Тим" шабандозы 18-кезеңде жарыстың фавориттерімен бір топта болып, нәтижесінде бас классификацияда 3-орынды сақтап қалды.

Тур де Франс. 18-кезең. Мигель Анхель Лопес жалпы есепте 3-орынды сақтап қалды

"Тур де Франстың" Ля-Рош-сюр-Форон қаласында өткен 18-кезеңінде "Астана Про Тим" көшбасшысы Мигель Анхель Лопес мәреге 12-болып келді. Бұл көрсеткіш Лопеске француздық көпкүндіктің жалпы есебі бойынша 3-орынды сақтап қалуға көмектесті.

"Ауыр күн болды. Бірақ кезеңді еш кедергісіз, ең мықты шабандоздармен бірге өткізгеніме қуаныштымын. Команда маған үлкен көмек көрсетті. Сондықтан ең қиын соңғы асуда мен біраз күшімді сақтап қалдым және ол асуда біздің тобымыздың жылдамдығы өте жоғары болды. Сол себепті бір нәрсе ұйымдастыру мүмкін болмады. Жарыс жолының тастақты аймағы өте қиын болды. Алайда ол жолды мен жақсы жүріп өттім. Жалпы есептегі позициямды сақтап, басқа шабандоздармен салыстырғанда уақыт жоғалтпағаныма қуаныштымын. Тағы бір күн артта қалды және Парижге бір қадам жақындадық. Сенбі күні бізді өте қиын жекелей жарыс күтіп тұр. Әрине, қолымнан келгеннің барлығын жасаймын. Әрбір "жекелей уақытқа арналған жарыс" бір-біріне ұқсамайды. Ал "Тур де Франстың" 20-кезеңіндегі жекелей жарыс тіпті бөлек. Қолыңнан келетіні – ол 100 пайыз барыңды салу. Бірақ ең әуелі бүгін өтетін кезеңді жүріп өту керек", - деді таулы кезеңнен соң Мигель Анхель Лопес.

18-кезең "Тур де Франстың" соңғы таулы кезеңі болатын. Пелотон ұзақтығы 175 шақырым болатын, бес категориялы асулары бар, Мерибелден Ля-Рош-сюр-Форонға дейінгі жарыс жолын жүріп өтті. 32 шабандоздан құралған топ жарыс жолының алғашқы бөлігінде көш бастады. Олардың арасында "Астана Про Тим" өкілі Луис Леон Санчес те бар болатын. Екінші асуда алға озған топтан тағы бес шабандоз бөлініп шығып, жаңа топ құрылды. Нәтижесінде олардың екеуі - Михал Квятковски мен Ричард Карапас өзінің Ineos Grenadier командасына жеңіс сыйлады.

Көшбасшы топтан кейін Монте дю Плато де Глиэр асуында сары жейде иегерінің тобынан шабуылдар толастамады. Мигель Анхель Лопес жарыстың басқа фавориттерімен салыстырғанда алдыңғы қатарда болды және қарсыластарының кез-келген шабуылына жауап беруге дайын еді. Алайда "Тур де Франстың" жалпы есебі үшін таласқа түскен шабандоздардың ешқайсысы да алысқа ұзап кете алмады. Фавориттердің барлығы мәреге кезең жеңімпазынан 2 минуттан соң келді. Мигель Анхель Лопес кезеңді 12-болып аяқтады және жалпы есеп бойынша 3-орынды сақтап қалды.

"Тур де Франстың" финалдық үш кезеңі алдында бас классификация бойынша словениялық Примож Роглич көш бастап тұр. Оның жерлесі Тадей Погачар екінші орында (+0.57), Мигель Анхель Лопес 3-орында (+1.27).  Ал Аустралиялық Ричи Порт 4-сатыға жайғасты(+3.06).

19-кезең бүгін өтеді. Шабандоздар Бурк-ан-Брестен Шампаньольге дейін 165 шақырым жолды бағындырады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу