21-кезеңде жарыстың бас классификациясында ешқандай өзгеріс орын алған жоқ. Осылайша, словениялық шабандоз Тадей Погачар "Үлкен Күрмеудің" жаңа чемпионы атанды. Примож Роглич 2-орынға ие болса, Ричи Порт үздік үштік қатарынан табылды.
"Астана Про Тим" командасының көшбасшысы Мигель Анхель Лопес көпкүндіктің жалпы есебі бойынша 6-орынға ие болды. Ол биылғы "Тур де Франста" патшалық таулы кезеңде жеңіске жетіп, Планш де Бель Фийдегі жекелей жарыста қарсыластарына жол берді. Дегенмен Лопес жалпы есепте жеңіске жету үшін соңына дейін күресті.
"Тур де Франсты" жақсы өткіздім деп ойлаймын. Осындай веложарыста сынға түсіп, Париждегі финишке дейін жету қандай тамаша! Бұл велокөпкүндік маған ұнады. Мен өте жоғары деңгейде өнер көрсеттім. Ең мықты қарсыластарыммен бірге көш басында болдым. Кезеңде жеңіске жеттім. Жеңіс тұғыры үшін таласқа түстім. Жоғары нәтижеге қол жеткізуге біртабан жақын болдым. Алайда өз мақсатыма жету үшін тек бір күн жетпеді. Велоспорт деген осындай болады және оны өзгерте алмайсың. Дегенмен мен баға жетпес тәжірибе жинақтадым. Мұнда қазіргіден де мықты болып қайта оралатыныма сенімдімін. Бірақ, дәл қазір мен осында Парижде, жарыс басталғаннан финишке дейін командамен бірге болғаныма қуаныштымын. Командалас әріптестеріме, шабандоздарға, менеджментке және қызметкерлерге осы үш жарыс аптасы үшін алғыс айтамын! Бұл керемет болды!" – деді Мигель Анхель Лопес.
"Команда ретінде біз "Тур де Франсты" өте мықты әрі сәтті өткіздік. Қазақстан чемпионы Алексей Луценкомен және көшбасшымыз Мигель Анхель Лопеспен бірге кезеңде жеңіске жеттік. Өте жақсы командалық жұмыс атқардық. Үш апта бойы команда болып бір мақсатқа жету үшін тоқтаусыз жұмыс жасадық. Бірге жеңіске жеттік, бірге жеңіліс таптық. Бұл да бір спорттың бөлшегі іспетті. Дегенмен, жеткен жетістігімізге көңіліміз толады. Жалпы есепте 6-орын, екі таулы кезеңдегі жеңіс пен Мигель Анхель Лопес және Харольд Техаданың дебюты. Маусым жалғасуда. Алда бізді екі жарыс пен жаңа мақсаттар күтіп тұр. Жақында тағы да керемет жеңістерге қол жеткізетінімізге сенімдімін", - деді "Астана Про Тимнің" бас менеджері Александр Винокуров.
Велокөпкүндіктің соңғы кезеңі Парижде жаппай спринтпен аяқталып, Мадс Педерсен мен Петер Саганды басып озған жасыл жейде иегері Сэм Беннетт жеңіске жетті.
Ермұхамед Мәулен