"Тур де Франс-2021" Гранд-турына қатысатын шабандоздардың есімдері белгілі болды

1690

Осы сенбіде, 26 маусым күні басталатын "Тур де Франстағы" Astana – Premier Tech командасының басты мақсаты жекелеген кезеңдердегі жеңіс үшін сынға  түсу.

"Тур де Франс-2021" Гранд-турына қатысатын шабандоздардың есімдері белгілі болды

Қазақстандық-канадалық команданың құрамында тәжірибелі шабандоздар да, "Үлкен күрмеу" кезеңдерінің және монументалды классикалық жарыстардың жеңімпаздары да, осы "Тур де Франс" өз мансабында алғашқы  велодода болатын дебютанттар да бар.  

"Биыл "Тур де Франста" біз жеке кезеңдерге назар аударамыз. Қазірдің өзінде кезең жеңімпаздары болған Алексей Луценко, Йон Исагирре және Испанияның жаңа чемпионы Омар Фраиле бар мықты және жігерлі топты жарысқа алып барамыз Сонымен қатар, бізде екі монументалды классикалық жарыстың жеңімпазы Якоб Фульсанг, тәжірибелі Дмитрий Груздев, көшбасшы маман Уго Уль және екі дебютант - Алекс Аранбуру мен Стефан Де Бод бар. Команда өте мықты және біз жігіттерге кезеңдерде жеңіс үшін күресуге еркіндік беруді жоспарлап отырмыз. Гранд-турда, әсіресе "Тур де Франста" жеңіске жету оңай шаруа емес. Бірақ былтырғыдай жетістікке жететінімізге сенімдімін және Astana - Premier Tech жейдесі алдыңғы қатарда бірнеше рет жарқырайтын болады", - деді команданың спорт менеджері Дмитрий Фофонов.

Сонымен қатар Astana – Premier Tech командасының шабандоздары да алдағы уақытта өттетін француздық көпкүндікке қатысты өз пікірлерін білдірді.

""Тур де Франсқа" алғаш рет қатысатыныма өте қуаныштымын және мұны мақтан тұтамын. Менің ойымша, кез-келген шабандоз "Турға" ең болмағанда бір рет қатысумен қатар әрине, кезеңде жеңіске жетуді армандайды. Кезеңдердің бірінде жеңіске жетсем өте жақсы болар еді. Бірақ, күн сайын жарыстың қалай өрбитінін көре жатармыз. Жарыс жолына өте мықты шабандоздар шығады. Ең жақсы нәтиже көрсету үшін барымды саламын. Бірақ, ең алдымен, мен "Турды" толықтай жүріп өтіп, баға жетпес тәжірибе жинап, жарысты Парижде аяқтағым келеді" - деді Алекс Аранбуру.

""Тур де Франста" өте мықты және тәжірибелі құраммен дебют жасау мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын және сол сенімді ақтау үшін барымды саламын. Команданың кезеңдерде жеңіске жетуді көздеп отырғаны мені жігерлендіреді. "Швейцария турында" жарыс аптасын жақсы өткіздік. Ол жақта өзімді жақсы сезіндім. Сондықтан "Тур де Франста" бабымда боламын деп үміттенемін. Бұл жарыс әр шабандоздың арманы және мен "Турда" өткен әр күнімнен, тіпті қиын сәттерді бастан өткерсем де рахат алатын боламын", - деді Стефан Де Бод.

Тур де Франс, 26 маусым– 18 шілде, Брест – Париж.

Команда құрамы: Алекс Аранбуру (Испания), Стефан Де Бод (ОАР), Дмитрий Груздев (Қазақстан), Алексей Луценко (Қазақстан), Йон Исагирре (Испания), Омар Фраиле (Испания), Якоб Фульсанг (Дания), Уго Уль (Канада).

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу