Алдымен Омар Фраиле, ал кейіннен Алексей Луценко негізгі топта жылдамдықтарын арттырып, алдыңғы шепте болған команда капитанына көмектесті. Нәтижесінде Фульсанг алғашқы қатарда болып, мәреге 14-болып келді.
"Бүгін өзімді кешегі күнге қарағанда жақсы сезіндім. Команда күні бойы мені келеңсіз жағдайлардан қорғап, тамаша жұмыс атқарды. Финалда Алексей Луценко шабуылдауға тырысты. Бірақ Жулиан Алафилипп өте мықты болды. Ал маған келер болсақ, мен қайта қалпыма келе бастадым. Шамамен бірнеше күннен кейін толықтай қайта қалпыма келемін деп ойлаймын", – деді Якоб Фульсанг.
Жекелей шабуылға шыққан француз Жулиан Алафилипп кезең (Бенш – Эперне, 215 шақырым) жеңімпазы атанды. Сонымен қатар ол бас классификация көшін бастап, сары жейдені киді. Шағын топ арасында болған Алексей Луценко Алафилиптің ізіне түсіп, қайта шабуылдауға тырысты. Бірақ, кейін пелотон оны қуып жетті.
Бас классификация бойынша көшбасшыға 1 минут 6 секунд уақыт ұтылған Луценко 23-орынға көтерілді. Якоб Фульсанг 25-орынға, Луис Леон Санчес 26-орынға, Пельо Бильбао 26-орынға жайғасты.
"Бүгін команда өзін жақсы қырынан танытты. Жігіттердің барлығы Якоб Фульсангқа барынша күшін сақтап, жақсы позицияда болуы үшін тамаша жұмыс атқарды. Финалда жеңіс үшін таласуға тырыстық. Бірақ Жулиан Алафилипп өте мықты болды. Біз оны жеңісімен құттықтаймыз. Якобтың жарыс күнін жақсы өткізгені үшін қуаныштымыз. Оның қайта қалпына келуі команда үшін маңызды. Біздің команданың қызметкерлерінің қолдауымен Якоб "Тур де Франстың" шешуші кезеңдеріне дейін толықтай қайта бабына келеді деп ойлаймыз", – деді спорттық менеджер Дмитрий Фофонов.
Ертең "Тур де Франстың" 4-кезеңі өтеді. Ұзақтығы 213.5 шақырымды құрайтын кезең Реймстен басталып, Нансиде өз мәресіне жетпек.
Ермұхамед Мәулен