Тур де Франс. 4-кезең. Алғашқы таулы кезеңде Мигель Анхель Лопес 6-нәтиже көрсетті

1216

Орсиер-Мерлетт таулы демалыс аймағында өткен "Тур де Франс" веложарысының 4-кезеңінде  "Астана Про Тим" командасының көшбасшысы Мигель Анхель Лопес мәреге 6-болып келді. Бүгінгі сайыс таулы аймақтағы алғашқы кезең болды.

Тур де Франс. 4-кезең. Алғашқы таулы кезеңде Мигель Анхель Лопес 6-нәтиже көрсетті

"Өзімді жақсы сезіндім. Аяқтарым тамаша жұмыс атқарды. Бүгінгі жарыс жолында кездескен асулар менің ыңғайыма жақсы келеді. Команданың жақсы керемет жұмыс атқарғанының нәтижесінде финалда мен басқа фавориттермен бірге алдыңғы қатарда болдым. Өкінішке орай жарыс жолының соңғы екі шақырымында екі рет бір топ шабандоздар арасында қалып қойдым. Жалпы 6-орын иеленгеніме көңілім толады. Бұл тауда өткен алғашқы сынақ болды. Бабымның күннен күнге жақсарып келе жатқанына қуаныштымын және бұл жарыстың тек бірінші аптасы. Тартысты күндер әлі алда. Сол себепті күннен күнге алға жылжып отырамын" - деді Мигель Анхель Лопес.

Жарыс Систеронда басталғаннан кейін алты шабандоз топ құрып, алға озды. Көшбасшылар біраз басымдылыққа ие болғанымен, пелотон оларды ұзаққа жібере қоймады. Сондықтан жарыс жолындағы соңғы Орсиер-Мерлетт тауының етегіне жеткенде негізгі топ көшбасшыларды қуып жетті.

Шабандоздар тауға жақындағанда жылдамдықтарын үдете бастады және негізгі топта іріктеу жүргізді. Нәтижесінде, соңғы шақырымда алдыңғы шепте тек 20 шабандоз ғана қалып, жүлделі орындар үшін спринтте сайысқа түсті.

Тадей Погачар мен Гийом Мартанды басып озған словениялық Примож Роглич кезең жеңімпазы атанды. Жеңіс тұғырынан көріну үшін "Астана Про Тим" шабандозы Мигель Анхель Лопеске сәл ғана уақыт жетпей қалды. Нәтижесінде ол 6-орынға ие болды.

Француз шабандозы Жулиан Алафилипп "Тур де Франс" көшбасшысының сары жейдесін сақтап қалды. Ал Мигель Анхель Лопес жалпы есепте 10-сатыға көтерілді.

Ертең көпкүндіктің 5-кезеңі өтеді. Гап Привадан басталатын жарыс жолы 183 шақырымнан кейін аяқталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу